Қала әкімі, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Айтқазы Қарабалаев онлайн режимде қоғамдық қабылдау өткізді.

Дәрмен ЕРБОЛОВ

Қала басшысына қойылған сұрақтар тұрғындардың әлеуметтік жағдайына байланысты болды. Алғашқы сұрақ, көпбалалы анадан түсті. Ол жаңа оқу жылы басталғалы балаларын смартфонмен қамтамасыз етуге жағдайы келмегенін айтып, қала әкімінен көмек сұрады. Бұл әрине бір шаңырақтың балалары онлайн форматта оқуға дайын емес деген сөз. Осы сұрақ бойынша қала әкімі 20 қазанда қалалық білім бөліміне 6193 планшет келетінін жеткізді. «Енді планшеттер келсе, онлайн оқудағы бірқатар кедергілерді еңсереміз. Әрине, әлеуметтік әл-ауқаты төмен отбасыларға бұл үлкен көмек»,–деді Айтқазы Дәулетқұлұлы. Сондай-ақ, қала әкімі көпбалалы анадан басқа қандай көмекке мұқтаж екенін сұрады. Әсіресе, отбасының қысқа дайындығы қалай екенін білуді естен шығармады. Қабылдауда екінші сұрақты да көпбалалы ана қойды. Ол әлеуметтік жағдайына байланысты балаларын қыстық киіммен қамтамасыз ете алмаған. Соған сәйкес Айтқазы Қарабалаев тиісті мамандарға аталмыш отбасыны көмек қажет ететін отбасылардың тізіміне енгізуді тапсырды. Қала әкімі қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Дүрия Тогатаеваға аталған екі мәселе бойынша жұмыстарды соңына дейін жеткізуді ескертті. Сондай-ақ, қоғамдық қабылдауда қала әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты сұрақтар да болды. Бұған Айтқазы Қарабалаев қаланың жоспарлы инфрақұрылымдық жұмыстары бойынша түсініктеме берді.

Жыл сайын қала әкімдігі мен бөлімдерінде қоғамдық қабылдау өтетіні белгілі. Биыл халықты әбігерге түсірген короновирус пандемиясының салдарынан көптеген іс-шаралар кейінге шегерілді. Бірақ нақ қазір қала тұрғындары қысқа қамданып жатқанда қоғамдық қабылдауды онлайн өткізіп, халықтың мұң-мұңтажын тыңдап, барынша сүйеніш болу абыройлы іс.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған