Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Талай адамның көз жасына қалдың»: Тұңғышбай Жаманқұловқа түрмеден хат

0 90

Facebook-те Азамат Көшенов деген азаматтың белгілі актер Тұңғышбай Жаманқұловқа хаты жарияланды.

Ол «Exponat» компаниясының бұрынғы қызметкері екен. Бұл хатқа әлеуметтік желіде күн емес, сағат сайын шығып жатқан жүздеген, мыңдаған жазбаларға сияқты мән бермеуге болатын еді. Хатты оқығанда оған мән беріп, өзіміз қызмет ететін ақпарат агенттігіне жариялауды жөн көрдік. Сонымен, хатты басынан аяғына дейін оқып шыққанда түсінгенім, «Exponat» компаниясының бұрынғы қызметкері Азамат Көшенов біреулердің жала жабуымен сотталып, темір тордың ар жағында отыр екен. Оның түрмеде отырғанына да екі айдай уақыт өтіпті. Оны өзі хатты жазады. Ол Тұңғышбай Қадырұлына хатында оған сәлемін бере келіп, қал-жағдайды сұрасқан соң, әртістің кесірінен талай адамның бас бостандықтарынан айырылып жатқанын тілге тиек етеді.

«Сәлем достар! Міне, менің түрмеде отырғаныма 2 айдай уақыт өтіпті. Ассалаумағалейкум Тұңғышбай аға! Үй-іші, бала-шаға, мал-жан аман ба? Сіз мені мүлде танымайсыз, менде сізді танымаймын, тек актер ретінде ғана танимын. Бірақ өмірде жолымыз түйіспесе де, менің пешенеме сізді тану, білу жазылыпты…. Менің аты-жөнім  – Азамат Көшенов. Әрине, бұл есім сізге мүлде таныс емес, бірақ сіз танымайтын адамға жала жапқаныңыз қызық болып тұр», –  деді ол.

Хатта Азамат Көшенов Тұңғышбай Жаманқұловтың өзіне жала жапқанын, соның кесірінен екі айдан бері қамауда отырғанын хабарлады. Одан әрі ол актердің Арыстанбек Мұхамедиұлымен теке-тіресін, екеуінің бір-бірлерін аса қатты ұната бермейтінін, сол араздасудың екеуінің өміріне кесірін тигізіп жатқанын айтты.

«Тұңғышбай аға, сіз мені танымасаңыз да, сіз Арыстанбек Мұхамедиұлын жақсы тануыңыз мүмкін, араларыңызда біраз теке-тірес болғаны бәріне мәлім. Кезінде артыңызға адам салып қылмыстық іс қозғатып, абыройыңызды айрандай төгіп, біраз ығырыңызды шығарып еді. Сол кек сізде сақталып, бүгінгі таңда өмір алма-кезек болып Мұхамедиұлының өзі істі болып отыр. Сіздің арызыңыз шенділер мен құқық қорғау органдарының құлағына шалынып, Мұхамедиұлының талай қылықтары мен байлықтарының арты ашылып тергеліп жатыр. Әділдік деген осы шығар, ол тек Құдайға мәлім. Бірақ, ағасы сіз Мұхамедиұлын айыптаймын деп, ол кісіге қатысымыз да, таныстығымыз да жоқ айдалада жүрген «Exponat» компаниясының қызметкерлеріне айып таққаныңыз  дұрыс болмады. Арызыңызда тіпті мені Мұхамедиұлының жақын танысы, сыбайласы ретінде көрсетіп, жалған ақпарат беріпсіз. Иә, қазір ол кісіні мен жеке танимын, түрмеде таныстық», –  деді ол әрі қарай.

Осыдан кейін Азамат экс-министрдің де қолы таза адам екеніне күмәнмен қарайтынын, таза адам болса қылмыстық істің қозғалмайтынын, қазіргі кезде адамдардың бір-бірлеріне қарсы арыз жазып, жала жабулары бойларына сіңіп бара жатқанын атап өтті. Осы жерде ол соған мысал ретінде Тұңғышбай Жаманқұловтың өзін келтіреді.

«Әрине, егерде Арыстанбек ағамыз тәні таза адам болса ,бұл қылмыстық іс қозғалмауы да мүмкін бе еді? Егер де бұл кісі Ұлттық музейде емес, басқа мекемеде басшы болса, сіздің бізге қатысты өтірік жалаңыз басқа компанияның шекесіне тиетініне сенімдімін. Сіз де біреудің қуыршағы шығарсыз, біреудің тапсырмасын орындап отырған шығарсыз, кім білсін? Әрине, танымайтын адамның үстінен жала жабу әр кезде болған, бірақ адам баласы кез-келген әрекетіне Құдай алдында жауап беретінін ұмытпаңыз. Сіздің әрекетіңіз Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» повесінің кейіпкерлері Әбуталип Құттыбаевтың үстінен арыз жазған Ревизордың әрекетіне дәл келіп тұр. Менің де артымда қалған бала-шағам әкеміз әні келеді, міне келеді деп жылап үйде күтуде. Әрине, ол заман мен бұл заманды салыстыруға болмайды. Бірақ әр заманның адамдарының іс-әрекетін, пиғылын салыстыруға болады екен. Бірақ сіз танымайтын адамдардың үстінен арыз жазуды әбден меңгерген адам шығарсыз, кім білсін? Сондықтан кінәсіз адамдардың артынан қалған аналары, жұбайлары, бала-шағаларының көз жасының обалына қаламын деген ойда болмаған шығар? Құдай қаласа, мен де, әріптестерім де пешенемізге түскен қиындықты абыроймен көтеріп шығармыз деп ойлаймын…Сіздің ойыңызша біздің құқық қорғау органдар істің ақ-қарасын ажыратып, дұрыс-бұрысын әділ анықтайды деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ олар да сіз сияқты тек қарасын, тек бұрысын ғана анықтап, шаш ал десе бас алатын азаматтар. Ұйып отырған ұжымның қызметкерлерін бір-біріне қарсы қойып, қорқытып, мойындатып, өтірік жала жаптыруды әбден меңгергеніне көзім анық жетті. Кезінде сіздің басыңызға іс түскенде Елбасы Назарбаевтан сіздің жалынып-жалбарынып, ез болып кешірім сұрағаныңыз елдің есінде…Өткенде Мұхамедиұлының президент Тоқаевқа үндеуі де есімізде….Сіздердей ағалар арамызда аз болса, бір арманымның орындалғаны анық болар еді. Бұл жерде сіздерге жамандық тілеп отырғаным жоқ, жақсы ағалар көп болсын! Үлгі алатын ағалар көп болсын деген мағынада жазып отырмын. Тағы бір арманым: Құдай маған қайда жүрсем де, кім болсам да абырой берсін!», –  деді Азамат Көшенов.

Одан әрі хат иесі Тұңғышбай Жаманқұлов  жала жапқанда бір нәрсені ескерусіз қалдырғанын айтты. Ол «Exponat» компаниясы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын  2017 – 2020 жылдары аралығында атқарғанын, ал актердің арызы биылғы қаңтар оқиғасынан кейін жазылғанын жеткізді.

«Ешқашан ешкімнің етігінің астына түсіртіп, кешірім сұратпаса екен….Әрине, арызыңыздың саяси астары бары түсінікті, өйткені біздің компания бұл жобаны 2017 – 2020 жылдары аралығында атқарған. Ал сіздің арызыңыз 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін жазылып тұр. Бірақ, мен де, әріптестерім де саясатпен айналыспаймыз, біз бизнес саласының өкілдеріміз және Мұхамедиұлының байлығына қатысымыз жоқ екенін тағы да мәлімдеймін. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасының аясында біздің компанияның атқарған жұмысын жоққа шығарып, жемқор жүйемен байланыс іздестіріп, абыройымызды мың жерден төккіңіз келсе де, мен бұл жобаға өз үлесімді қосқанымды, жобаның жоғары деңгейде өткізуге атсалысқанымды мақтан тұтамын!», –  деп жазды ол.

Хаттың соңында Азамат Көшенов Тұңғышбай Жаманқұлов сияқты адамдар жер бетін басып жүргенде әлі талай ана мен баланың көз жасы тыйылмайтынын, сондай «қайраткерлердің» кесірінен әлі талай отбасының шырқы бұзылып, берекесі кетіп, талай шаңырақтың ортасы түсуі мүмкін екенін ескертті.

kznews.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.