Желіде жазушы Мұхтар Мағауиннің оқушы кезінде мұғалимамен елдің болашағы туралы әңгімесі тарап жатыр деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Бірде ол тарих сабағында мұғалімнен неге американдықтар жергілікті үндістерді түгел қырып, оның орнына Африкадан қара құлдарды алып келгенін, соншама алыстан құл тасығанша жергілікті үндістерді құлға айналдыру тиімді көрінетінін сұраған. Сонда мұғалімі алыстан басқа жерге алып келген құл қожайынына ешқашан бас көтеріп, наразылық танытпайтынын, себебі ол басқа жердің адамы, бұл жер оған бөтен, сондықтан ешқандай күш-қуат бермейтінін, құл мен жердің рухани байланысы, түптамыры жоқекенін тәптіштеп түсіндірген екен.
«Жергілікті үндістер өз жерінде келімсектерге ешқашан құл болуға көнбейді. Сол себептен де америкалықтар жалпы саны 50 миллионға жуық үндістерді қырып тастады», – деді мұғалімім. Одан әрі ол: «қазір үндістердің саны АҚШ-та өте аз, оларға сол себептен Құрама штаттар үкіметі орасан зор жеңілдіктер жасап отыр. Мемлекет өздерінің үндістер алдында күнәсін түсінеді. Үндістердің бірнеше мұражайы бар, заңмен бекітілген «first nation» – бірінші ұлт деген ұғым ендірілген. Олар барлық салықтардан босатылған, кез келген университетте қалаған білімін тегін алады. Егер қаныңда сегізден бір (1/8), мысалы әжем үндіс болды деген дәлелің болса, онда салықтың сегізден бір бөлігінен босатыласың. Үндістер орналасқан резервация толық автономиялық дербестікте. АҚШ заңы ол жерде жүрмейді. Тіпті, шерифтің өзі үндіс көсемінің рұқсатынсыз ол жерге кіре алмайды. Бірақ үндістердің автономиялық аймағы табиғаты бай емес, полигон орналасқан Невада штатының жерінде, ол жерде казино аймағы саналатын Лас-Вегас бар. Үндістер өздеріне берілген жеңілдіктерді пайдаланып темекі, спирттік ішімдіктерін сатумен айналысады, казинолар үндістердің атымен құжатталған. Қаншама жеңілдіктер жасалынса да үндістер өз отанынан мәңгі айрылды. Америка олардың отаны емес. Әлемдегі жаулап алушылардың қайсысы болса да жергілікті халыққа «қажетсіздер» тұрғысынан қараған. Жергілікті халық отарлаушыларға қажет емес, жері мен кен байлығы ғана керек. Үндістердің тағдырын отарланған Сібір халқы да кешіп, жоқ болып кетті, олардың мұнайы мен газы ғана қалып, байлығы Мәскеуге тасылып келеді. 19 және 20 ғасырларда қазақты осы жағдай күтіп отырды. Жері үлкен, табиғаты орасан бай, ал өзі ешкімге керегі жоқ, қажетсіз халық болды. Жасанды ашаршылық жасалынып қазақтардың үштен екісін жойып, олардың орнына сырттан 5 миллион жұмыс қолын әкелді деген еді», – дейді Мұхтар Мағауин.
Осы мысалды келтірген жазушы қазір қазақтың төбесінен гептил төгіліп жатыр, атом электр стансасы салынуда, ядролық қалдықтар әкеліп төгілуде. Мұның бәрі не үшін Қазақстанда салынып жатыр, үндістер сияқты өз жерімізде артық халыққа айналып жатқан жоқпыз ба деген сұраққа жауап іздейді.
«Қазірдің өзінде қазақ жеріне Қытайдан, Үндістаннан, тіпті Филиппиннен мыңдаған жұмыс қолдары әкелінуде. Үндістердің немесе Сібір халықтарының күйін кешеміз бе, әлде Біріккен араб әмірлігі халқындай боламыз ба? Мал құсап қырыла береміз бе? Әлде намыстанып, өз тағдырымызды өз қолдарымызда ұстаймыз ба? Бұл сұрақтарға ешкім емес, тек өзіміз жауап бере аламыз», – деп қорытынды жасады жазушы.