Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таңдайына бұлбұл қонған Бекмұхамед

0 479

Ол ең алғаш сахнаға бес жасында шықты. Оның даусы Қазақстаннан Ресейге, одан Түркияға дейін жетті. Ол өз талантымен көпшіліктің жүрегін жаулап, күні кеше өткен «Бала дауысы» ұлттық ән байқауының ІІ орын жүлдегері атанды. Таңдайына бұлбұл ұялаған Бекмұхамед Ғазизжанұлы болашақта туған жердің атын әлем сахналарында танытуды армандайды.

Арайлым Шабденова

Бүгінде Ә.Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясының үздік оқушысы Бекмұхамед кішкентай болса да, қоржыңы қалың әншілердің бірі. Бала күнінен ата-анасы өнерге баулып, Бекмұхамедті төрт жасынан бастап мектепке дейінгі балалар шығармашылық орталығындағы «Балапан» тобына береді. Оның қолына алғаш микрафон ұстап шыққан сахнасы да осы болатын. Ә дегеннен музыкаға деген махаббатты көрген ұстаздар онымен кәсіби түрде айналысуға ұсыныс айтыпты.

– Шыны керек, Бекмұхамед үйдің кенжесі. Оның ағалары мен әпкесі матемаика саласында үздіктер. Жұбайымыз екеуіміз кенже баламыздың қай салада озық екенін білу мақсатында түрлі қосымшаларға бердік. Бірақ әнші болады деп ойламадық. Өзінің атасы анда-санда қолына қара домбырасын алып ән шырқайтыны бар етін. Ал өз нағашы атасы да апасы да, әнді нақышына келтіріп, өз орталарында елді өнерімен ауызына қарататын. «Баланың жақсысы нағашыдан» деп бекер айтылмаса керек-ті. Ең бастысы біздің тараптан қолдау бар. Ең алғашында әнші болады дегенге сенбедім. Алматы қаласында өткен байқауда өз көзіммен көріп, ұлымның сыңғырлаған үнін естіп, көзіме жас та келді. Сол байқаудан ол бас жүлде алып шықты. Содан бастап «болар баланың белін буып» байқауларға қатыстырып жатырмыз. Бірақ шет елдің сахнасын бағындырғаннан байқауларға ұсыныс көптеп түсті, – дейді әкесі Ғазизжан Мадимаров.

Иә, Бекмұхамедтің есімі «Мәңгілік елдің мәртебелі мұрагері» атты энциклопедияға да енген. 2017 жылы Тараз қаласында өткен италияндық танымал әнші Лоретти Робертиноның ән кешінің шымылдығын ашқан да Бекмұхамед. Сондай-ақ ол «Алғырлар мен тапқырлар» интелектуалды марафонының жеңімпазы. Бекмұхамед Нұр-Сұлтан қаласында өткен халықаралық «Astana Global Fest», республикалық «Өнерлі өрен», «Amanat music» халықаралық фестивалінің гран при иегері. Сондай-ақ ол Ресей мемлекетінде өткен (Ростов-на-Дону қаласы) «Мир в наших руках» атты халықаралық байқауының лауреаты, Лабытнанги қаласында (Ресей) өткен ашық видеобайқаудың эстрадалық бөлімде «Звездная россыпь талантов» байқауының жеңімпазы, Лондонда өткен «Golden Time London» көпжанрлы халықаралық байқауының ІІ деңгейлі лауреаты, «Яркие дети» (Ресей) жобасының жеңімпазы, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде өткен көптеген байқауларда жеңіс тұғырынан көрінге өнерпаз. Бекмұхамедтің арманы әлемдік сахнаны бағындыру екен.

– Менің алғашқы ұстазым «Мейрам» вокалдық студиясының жетекшісі, ұлағатты ұстаз Мейрамкүл Жылкелдинова. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бекер айтылмаған. Менің әлі білетінімнен, білмейтінім көп. Сондықтан еш қиындыққа мойымай, тек алға ұмтыламын. Болашақта Димаш Құдайбергенов секілді әлемге туған жерімнің, елімнің атын шығаруды армандаймын. Ән айтудан бөлек пианино мен гитарада ойнаймын. Қолым өнерден қалт еткенде сурет салғанды жаным сүйеді. Сабақтан тыс уақытымды отбасыммен, ағаларыммен өткізгенді ұнатамын. Футбол ойнап денемді жаттықтыруды да ұмытпаймын. «Бала даусы» ұлттық ән байқауының бесінші кезеңінде ән шырқап, жеңіске жеткеніме қуаныштымын, – дейді Бекмұхамед Ғазизжанұлы.

Балаларға арналған ұлттық ән байқауын жылда Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан Назарбаев қорының қолдауымен өткізіп жүр. Биыл пандемия жағдайына байланысты әншілер онлайн түрде іріктелген. Яғни, олар өздерінің шығармаларын ұйымдастыру алқасына бейнежазба түрінде жолдапты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, еліміздің түкпір-түкпірінен байқауға 8 және 12 аралығындағы 4135 бала қатысқан.Финалдық концертте қатысушылардың әрқайсысы өздеріне арнайы жазылған авторлық әндерді айтқан. Сондай-ақ әрбір әнге лайыты қойылым жасалған. Олардың шығармашылығына Маржан Арапбаева, Ренат Гайсин, Диана Снегина, Ақерке Бүркітбай, Роман Ким, Зарина Алтынбаева және Аян Бірбаев сынды отандық танымал өнер иелері қазылық етті. Ал «Ел таңдауы» арнайы жүлдесін көрермендер notka.kz сайты арқылы дауыс беріп, өздері тағайындаған. «Бала дауысының» екінші орнын иегері Бекмұхамед Ғазизжанұлы «Әкеге арнау» әнін орындап, көпшіліктің таңдайын қақтырды. «Сенің даусың тап-таза, үнің ғажап. Сен ән шырқағанда тіпті бұлбұлдардың өзі тамсанғандай. Әнді тұла бойыңнан өткізіп, жүрегіңмен сезініп, жүрекетерге жеткіздің. Мен сені әлі талай биік сахналарда көретініме сенімдімін» – деп жерлесімізге ең жоғары бағаны Диана Снегина берді.

Иә, Бекмұхамедтің әлі талай сахнаны бағындыратынына біз де сенеміз. Жолың ашық болып, тек жеңіс тұғырынан көрін!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.