Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өзге ұлттан шыққан шенділер

0 506
Жүзден астам ұлт пен ұлысты бауырына басқан Қазақстан олардың білім алып, тең құқылы өмір сүруіне де, мансап жолында өсуіне де ешқашан кедергі жасаған емес. Оған тәуелсіз Қазақстан тарихында жоғары лауазымды қызметтерге тағайындалған шенді-шекпенділер дәлел бола алады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Sn.kz сайтына сілтеме жасап.

Тіпті тәуелсіз Қазақстанның алғашқы премьер-министрі де қазақ болмаған. 1994 жылға дейін бұл қызметті Сергей Терещенко атқарған. Ұлты – украин.   

1996 жылы құрылған Конституциялық кеңестің де алғашқы үш төрағасы өзге ұлт өкілі: Юрий Ким, Юрий Хитрин, Игорь Рогов. 2017 жылдан бері төрағалық етіп келе жатқан Қайрат Мәми ғана қазақ.

Ақмола облысының бес бірдей әкімі өзге ұлт өкілінен тағайындалыпты: Андрей Браун, Владимир Гартман, Сергей Кулагин, Альберт Рау, Сергей Дьяченко.

Шығыс Қазақстан облысын басқарған төрт әкім де солай: Юрий Лавриненко, Леонид Десятник, Виталий Метте, Виктор Храпунов.

Маңғыстау облысының үш әкімі: Федор Новиков, Вячеслав Левитин, Николай Баев.

Солтүстік Қазақстанды басқарған екі әкім: Владимир Гартман, Анатолий Смирнов.

Төтенше жағдайлар министрлігін тізгіндеген: Виктор Храпунов, Владимир Божко, Юрий Ильин.

Әділет министрлері: Георгий Ким, Константин Колпаков.

Ішкі істер министрлері: Михаил Берсенёв, Владимир Шумов.

Екі бас прокурор: Юрий Хитрин, Степан Шуткин.

Бұдан бөлек Жоғарғы соттың екінші төрағасы болған Михаил Малахов, Ұлттық банктің төрағалығына екі мәрте тағайындалған Григорий Марченко, вице-премьер болған Роман Скляр, қаржы министрі болған Наталья Коржова, бүгінгі денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бар. Ал Владимир Школьник әр жылдары Қазақстанның бір емес бірнеше министрлігін басқарған. Ол атқарған қызметтер қатарында келесілер бар: ғылым және жаңа технологиялар министрі, энергетика министрі, индустрия және сауда министрі, премьер-министрдің орынбасары.

Еліміз осылайша кез келген ұлттың білім алып, қызмет жасауына мүмкіндік беру арқылы тең құқықтылық пен ынтымақтастық ұстанымын ту етіп келеді. Жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін жасады. Сол себепті де жүзден астам ұлт өкілдері бір тудың астында, тыныштықта тату-тәтті өмір сүріп жатыр.

Бұл туралы Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев: «Сан ұлттың салты, тілі, ділі бірігіп, бір мемлекетке ұйысуы – шын бақыт. Бақты бағалай білу керек. Қазақстанның көпұлтты болуы – тарихтың жазғаны. Сондықтан қазақ деген ел өзге ұлттарға ұйытқы болып қала береді. Осы бірліктің арқасында біз тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Ата-бабаның аңсаған арманын орындадық. Осы жылдардың ішінде жеткен жетістіктеріміздің барлығы – елдің бірлігі, халықтың арасындағы тыныштықтың арқасы», – деген болатын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.