Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәтті түбір өндірісі өрістейді

0 2  619

Байзақ ауданында «Қант қызылшасы өндірісін дамыту» тақырыбында «Егінжай-2023» облыстық дала семинары өтті.

«Аспан-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің қант қызылшасы алқабында өткен шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, шаруашылық жетекшілері және республикадағы ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары қатысты.
Ауыл шаруашылығы саласындағы басым бағыттағы дақылдарға сәйкес әртараптандыруды жалғастыру және олардың өнімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау арқылы тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған семинар барысында қонақтар тәтті түбір дақылының өндірісін дамыту туралы стендпен танысты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларының және өндіруші компаниялардың көрмесін аралап көрді.
Аймақ басшысы өз сөзінде шараның маңыздылығына тоқталып, тақырыпқа негіз болған бағытты ілгерілету бойынша жоспарлы шараларды атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барынша қолдау көрсетіліп, мемлекеттік бағдарламалардың оң іске асуына баса назар аударылуда. Ауыл шаруашылы-ғы – нағыз еңбек қажет ететін сала. Дегенмен елімізде, оның ішінде оңтүстік аймақтарда ағын су мәселесі өзекті болуда. Ал бұдан шығудың бірден-бір жолы – егін шаруашылығына су үнемдеу технологиясын мүмкіндігінше кеңінен енгізу. Нәтижесінде ағын суға тәуелділікті барынша азайтуға мүмкіндік аламыз.
Бүгінгі күні облыста жаңбырлатып суару технологияларын жинайтын сервистік орталық құрылуда. Сондай-ақ Шу ауданындағы арнайы экономикалық аймақта су үнемдеу технологиясына арналған құрылғыларды шығаратын зауыт ашу жоспарлануда. Одан бөлек облыста тыңайтқыштардың жаңа түрі жасалуда, – деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС Білімді тарату және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу орталығының басшысы Сейткәрім Қалтаев, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның басқарма төрағасы Теміржан Айтбаев, «Аспан-Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің басшысы Саха Манатов, «Ans-Agro» ЖШС-нің басшысы Микайил Хабибов және тағы басқалар өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Айта кетейік, биыл аймақта қант қызылшасы 10,8 мың гектарға орналастырылса, қуаңшылықтың салдарынан оның 6,2 мың гектары жарамсыз болып қалды. Қазіргі уақытта жиналатын 4,6 мың гектар алқаптың 1,3 мың гектарынан 58 356,9 тонна тәтті түбір алынып, әр гектардағы орташа өнім 424,6 центнерді құрауда. Ал қант зауытына 46 997,9 тонна қызылша өткізілді.
Сондай-ақ бұл жылы 57,3 мың гектарға су үнемдеу технологиялары орнатылса, оның 38,9 мың гектарына тамшылатып, 18,3 мың гектарына жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.
Егіншілікте озық технологияларды қант қызылшасына енгізу қолға алынып, осы арқылы мол өнім алуға болатынына көз жетіп келеді. Бұл бағыттағы, яғни жүннен өндірілген аграрлық биотыңайтқышты пайдалану, рентабелді дақылдардың тиімділігін арттыру сияқты жұмыстар семинар кезінде көпшілікке көрсетілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.