Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа техникалар табысталды

0 2  463

Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» жобасы аясында жаңадан құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтеріне жаңа техникалар табысталды.

Байзақ ауданындағы «БНК Group» серіктестігінің алқабында өткен шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек 10 ауданнан келген 15 кооперативтің төрағасына 55 дана ауыл шаруашылық техникасын табыстап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
– «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл өңірімізге 24 миллиард теңге қаржы бөлініп, 33 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Кооперативтерге арнайы техника алуға жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңге бөлінсе, 2024 жылы 2,3 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ. Бүгінгі беріліп жатқан жаңа тракторлар – соның бір көрінісі. Техникалардың жалпы құны 803 миллион теңгені құраса, оның бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланатынын айта кету керек.
Біз мұнымен ғана шектелмей, тұрғындардың табысын арттыру үшін жоба аясында өндіріс орындарын құруымыз қажет. Бұл өз кезегінде 2025 жылға дейін ауыл халқының табысы мен өмір сүру деңгейін арттырып қана қоймай, агрокешенді дамытуға оң әсер ететіні анық, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Содан соң облысымыздың әр ауданынан келген кооператив төрағаларына «Lovol», «Zoomlion», «YTO», «МТЗ» маркалы тракторлар табысталды. Кооперативтерге берілген техникалардың жалпы құнының 50 пайызға дейінгі көлемі мемлекет тарапынан субсидияланады. Келесі кезекте қонақтар техникалармен танысып, іске қосып көрді.
Айта кетейік, 2019 жылы облысымызда пилоттық режимде бастау алған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде өзінің тиімділігін көрсетіп, оң тәжірибе ел Президентінің тапсырмасына сәйкес республика көлемінде таралуда.
Жалпы биыл облыста 1 885 дана ауыл шаруашылығы техникасын алу арқылы қолда бар техниканы 15 пайызға жаңарту көзделсе, бүгінгі күні барлығы 1 283 техника, атап айтқанда 8 комбайн, 306 трактор және 969 басқа да техникалар алынып, 10,2 пайызға жаңартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар өз жалғасын табады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.