Қалалық қоғамдық-саяси газет

Төтенше жағдаймен күрес тоқтамайды

0 199

«Апат айтып келмейді» дейді халқымыз. Тосыннан келетін төтенше жағдай кімді болса да әбігерге салады. Әсіресе қазіргідей жылыту маусымында сақтық шараларын қатаң ұстану маңызды. Жалпы қатты және сұйық отынмен жанатын пештерде, жылыту жүйелерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, табиғи және улы газдан улану оқиғаларының алдын алу туралы түсіндіру жұмыстары ешқашан тоқтаған емес.

Шаһарда төтенше жағдайлар басқармасы тарапынан жылу беру маусымы кезінде өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу, адамдардың өлімі мен жарақаттануына жол бермеу мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Айталық, жыл басынан бері қала аумағында 179 өрт оқиғасы орын алып, өкінішке орай, қызыл жалын салдарынан 2 адам қаза тауып, 2-і жарақат алды. Бұдан келген материалдық шығын 26 миллион 500 мың теңгені құрады.

Зерттеулерге сүйенсек, өрттердің басым көпшілігі жеке тұрғын үй секторларында орын алады. Мәселен, қала аумағында орналасқан «Шөлдала» және «Құмшағал» тұрғын алқаптарында, «Қант зауыты», шаһардың орталық аймағы және «За линией» аумақтарында өрт оқиғалары жиі тіркелуде. Жыл басынан бері жылыту маусымында Тараз қаласы аумағында тұрғындармен жылыту пешін және газ қондырғысын пайдалану кезінде, қатты отынмен жағу кезінде улы газбен уланудың 3 фактісі тіркеліп, салдарынан 3 адам зардап шекті.

Ағымдағы жылдан бастап қала аумағында өрттер мен улы газдан улану оқиғаларының алдын алу, адамдардың өлімі мен жарақаттануына жол бермеу мақсатында қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері, облыстық төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметінің, қалалық әкімдіктің, жергілікті полиция қызметінің, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖӨФ мамандары, пәтер иелері кооперативтерінің, көше және тұрғын үй кооперативтерінің төрағалары, қала әкімінің бас инспекторлары, еріктілер қозғалысымен және облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен 185 198 тұрғынға әртүрлі тақырыптағы жадынама, ескертпелер таратылып, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігін сақтау тақырыптарында 964 жиын мен кездесулер өтті. Бұдан бөлек, әр сенбі күндері «Өрт қауіпсіздігі» акциясы ұйымдастырылуда. Сондай-ақ жалпы саны 19 961 адамға үгіт-насихат жүргізілді.

Мұндай шаралардан білім бөліміне қарасты мектептер, гимназиялар мен бөбекжайлар да тыс қалмауда. Мәселен, «Өрт қауіпсіздік айлығы», «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Көпқабатты үйлер мен жатақханалардың тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелері», «Есте сақтаңыздар, тұншықтырғыш газ өте қауіпті», «Улы газдан сақтан», «Балалардың отпен ойнауы» тақырыбында 321 сабақ, викториналар, 155 конкурс, сурет салу, дәрістер мен әңгімелесулер өтіп, 14 034 бала қамтылды. Сондай-ақ Тараз қаласы №1, №2, №3, №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімдерінде 17 ашық есік күндері өткізіліп, орта мектептерінің оқушыларының қатысуымен экскурсия ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, «Маrt» сауда орталығында «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Балалардың от қолданудағы абайсыздығы» және «1 наурыз – Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні» тақырыбында флешмоб ұйымдастырылды.
Облыс орталығындағы басты көшелерде орналасқан 3 LED-дисплейде «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Балаларды қараусыз қалдырмау», «Балалардың отпен ойнауы», «Улы газ» және «Көпқабатты үйлер мен жатақханалардың тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау» тақырыптарында бейнероликтер де көрсетілуде. Жыл басынан бері қала әкімдігі тарапынан басты көшелерге «Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі», «Балаларды қараусыз қалдырмау» және «Улы газдан сақтан» тақырыптарында 8 баннер орналастырылды.

Ағымдағы жылдың 15-30 қыркүйек аралығында жергілікті атқарушы органдардың, БАҚ өкілдерімен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп қала аумағында орналасқан 30 жатақхананың тұрғындарына профилактикалық жұмыстары жүргізілді. Соның аясында «Үлгілі үй» акциясы да ұйымдастырылды.
Тараз қаласының төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерінің ағымдағы жылдың басынан өрт қауіпсіздігі және қысқы жылыту маусымында өрттердің және улы газбен улану оқиғаларының алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында 1 189 материал жарияланды.

Осы орайда облыс және қала тұрғындары өрт немесе түтін пайда болған жағдайда нақты мекенжайды көрсете отырып, «101» және «112» телефон нөмірлеріне хабарласу керек. Себебі өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау сіздің өміріңізді, денсаулығыңызды және мүлкіңізді қорғайды.

Әскер САРБАТОВ, Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.