Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түрмеде отырған қазақстандық баласына донор болған: Қылмыстық атқару комитеті алғаш рет болған бүйрек трансплантациясы жайлы айтты

0 460

Қазақстан қылмыстық атқару-жүйесінің комитеті өз тарихында алғаш рет болған бүйрек ауыстыру жайлы айтты,– деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің медициналық қамтамасыз ету департаментінің қызметкері Гүлжан Мұсабаева пенитенциарлық жүйе тарихында алғаш рет болған бүйрек трансплантациясы жайлы айтты.

Оқиға осыдан үш жыл бұрын болған. 2018 жылдың сәуір айында қылмыстық атқару жүйесіне жазасын өтеушінің әйелінен өтініш келіп түседі. Ол өз хатында жедел бүйрек трансплантациясына мұқтаж төрт жасар ұлына көмек сұрайды.

«Ішкі ағзаларды, бұл жағдайда бүйректі трансплантациялау реципиентке сәйкес келетін сау донордың болуын қажет етеді. Көбінесе донорлыққа биологиялық ата-аналары барады, себебі ересек адамға да, баланың денесіне де өмірді сақтау үшін кем дегенде бір бүйректің болуы жеткілікті», – дейді Гүлжан Мұсабаева.

Сол уақытта көмекке мұқтаж баланың туған әкесі Шығыс Қазақстан облысындағы қылмыстық атқару жүйесі департаментінің орташа деңгейдегі мекемесінде жазасын өтеп жатқан.

«Баланың қиын жағдайда екенін ескеріп, біз бірден сотталушы азаматты тиісті сараптамадан өткізуге кірістік. Бұл жұмыс барысында бізге Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы өз көмегін тигізді және ол жерде мамандардың бақылауында болған бала өз әкесін күтіп жатты», – деп қосты Мұсабаева.

Негізгі диагностикалық шаралар органның әрі қарай трансплантациялауға жарамды екенін көрсеткен. Ота сәтті өтіп, көп ұзамай науқастың жағдайы дұрысталғаннан кейін ол жазасын одан әрі өтеу үшін колонияға қайтарылған.

Айта кетейік, баласына бір бүйрегін берген ер адам түрмеден былтырғы жылы босатылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.