Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар көкейдегі сауалдарына нақты жауап алды

0 466

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №5 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті.

Әуелі округтің бас инспекторы Сағындық Үсіпбеков атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

– Өткен жылы «Қарасу» алқабы мен «Қарасу» (5) шағын ауданында орналасқан №51 орта мектепке барар жолға жарық шамдары орнатылып, Саңырақ батыр және Шостакович көшелері кеңейтілді. Қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ «Аса» (10) шағын ауданындағы №27, №32, «Ақбұлақ» (1) шағын ауданындағы №9, «Қаратау» (2) шағын ауданындағы №32 үйлердің ауласына балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар «Қарасу» (5) және «Ақбұлақ» (1) шағын аудандарының ішкі арық жүйелері толық ауыстырылып, «Қарасу-2» каналының бойында орналасқан 2 көпірге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса абаттандыру және санитарлық тазалау жөніндегі көктемгі екі айлық аясында округте 9 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған мекемелер, жеке кәсіпкерлер, сауда нысандары мен қала тұрғындары қатысып, 11 шақырым арық жүйесі тазаланды. Бұдан бөлек, аумақтағы №41 бағыттағы қоғамдық көлік 12 кестемен, жүру жиілігі 12 минуттан қайта қызмет көрсетуді бастады. Аталған бағыт «Қаратау» (2) және «Қарасу» (5) шағын аудандары тұрғындарының сұранысына байланысты қосымша әл-Фараби көшесі бойынан жүргізілді. Сондай-ақ №33, №40, №46 бағытындағы қоғамдық көліктер жаңартылды, – деген Сағындық Жанысбекұлы ағымдағы жылға межеленген жоба-жоспарларды да тілге тиек етті.

Бұдан кейін тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, нақты жауаптар алды. Айталық, тұрғындар тарапынан балалар ойын алаңшаларын салу, көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту, жолдарды жөндеу, қаңғыбас иттерді аулау сынды маңызды мәселелер көтерілді.

Әрбір сауалды мұқият тыңдаған шаһар басшысы барлық мәселе кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

– Бұған дейін де талай рет өздеріңізбен жүздесіп, осы округтің мәселелерімен жіті танысқанмын. Қазіргі таңда оларды шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көтерілген әрбір сауал жауапсыз қалмайтынын тағы да ерекше атап өткім келеді. Алайда, барлығы бір-ақ сәтте орындалмайтынын да естен шығаруымыз қажет, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Кездесуден кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.