Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа жылда нысандар жаңа кейіпке енуде

0 644

Соңғы жылдары тотыдай таранған Тараз қаласы түрленіп, ажары айшықталып келеді. Атап айтсақ, саябақтар көркейіп, аулалар абаттандырылды. Сондай-ақ ортағасырлық үлгідегі нысандар бой көтерді. Қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың тапсырмасымен жарнамаларды бірізділендіруге серпін берген «Дизайн код» жобасы да жемісті жүзеге асуда. Жаңа жыл қарсаңында баянды бастаманың игілігін бұқара тағы да көріп, қаладағы әлеуметтік нысандар мерекелік кейіпке енуде.

Жыл басында қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары мен шаһар басшысы Ержан Жұматұлы еліміздің ірі қалаларында жүзеге асқан тірліктерді зерделеген. Кейін қос тарап кеңесе келе, Тараз қаласындағы кәсіпкерлік бағытындағы нысандардың жарнамасы мен сәулетін бірізділендіру туралы шешімге келген. Тиісінше бұл тапсырма қала әкімі Ержан Жылқыбаевтың қаулысымен бекітілген.
Жоспар нақтыланған соң, қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан кәсіпкерлік бағытындағы нысан иелеріне ғимаратын біркелкі стильге келтіру бойынша хабарлама берілген. Бүгінде жергілікті әкімдіктің ұсынысын қолдап, дүкен немесе сауда орнының қасбеті мен жарнамасын үйлестірген кәсіпкерлер аз емес. Әсіресе бірінші қабатта орналасқан нысандар бірізділеніп отыр. Бұдан бөлек, жоба аясында ғимараттарды түнгі жарықтандырумен қамту мәселесі қаралған. Яғни нысан иесі құрылысты жобалау барысында түнгі жарықтандыруын ескеруі керек.
Жалпы тапсырманы жүйелі орындау мақсатында қала әкімдігінің бөлімдерінен 11 мобильді топ құрылып, жұмыла іске кіріскен. Топ мүшелері ұсынысты қабылдауға құлықсыз бизнес субъектілерімен де бетпе-бет келген жағдайлар болған. Оның үстіне әкімдік те кәсіпкерлік нысандарды тексеру бойынша жарияланған мораторийге қарсы шыға алмайтыны бар. Бірақ жарнама туралы заңға сәйкес ретсіз әрі қате жазылған жарнамаларды бейберекет орналастыруға жол берілмеуі керек.

– Мағынасыз, мәнсіз жарнамалар ілу – ең бірінші, кәсіпкердің өзіне сын. Оны бизнес өкілдері де түсінеді. Сондықтан кәсіп иелері де жарнаманың жобасын дайындап, бізбен ақылдасуға қайырылатын болған. Бұл, әрине, бұқара мен билік арасындағы байланыстың беки түскенінің тағы бір айғағы. Оларға бөлімдегі мамандар қолдан келгенше көмектесуде. Кез келген кәсіпкер жарнаманы орналастырмас бұрын мәтінін міндетті түрде қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне апарады. Кейін дизайнын бізден сұраса болғаны. Бұл есіктен есікке кіріп, табан тоздыратын шаруа емес, – дейді сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеев.
Әрине, кәсіпкерлік бағытындағы нысандардың жарнамасындағы қисынсыз сөздерді түзету керек-ақ. Оны жергілікті әкімдік пен кәсіпкерлер ымыраға келіп, кеңесіп шешсе, бұдан қос тарап та ұтылмайтыны анық. Қала әкімі Ержан Жұматұлы бүгінде бөлім мамандарын әлеуметтік желіде белсенді болып, түсіндіру жұмыстарына көбірек мән беруге шақырып отыр. Шаһар басшысының ескертуінен сабақ шығарған қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі әлеуметтік желіде белсенді болуға барынша көңіл бөле бастаған. Бөлім басшысы Алмасбек Бөбеев те қыс айларында түсіндіру жұмыстарына мықтап кірісіп, әлеуметтік желіде хабарлама тарату бөлімдегі жұмысты жеңілдетуге септігін тигізеді деп отыр. Себебі көктем шыға кәсіпкер құрылысқа бел сыбана кіріспес бұрын жарнаманы қадағалайтын бөлімнің парақшасына үңілсе, қажетті ақпаратқа қанық болады.
Алмасбек Бөбеев қаладағы көптеген нысанның дизайн кодқа сай түнгі жарықтандырумен қамтылмағанын айтуда. Енді бөлімге эскизін ала келген кәсіпкерге мамандар қол қоярда түнгі жарықтандырумен қамтуды ескертуде. Біз орталық көшелердің дизайн кодқа сай безендіріліп жатқанын көріп жүрміз. Мұның өзі қаланың түнгі келбетін аша түсетініне көз жетті. Енді Жаңа жыл қарсаңында қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі кәсіпкерлерге бизнес нысанын безендіру туралы ұсыныс тастауда. Сәйкесінше Тәуелсіздік мерекесінен кейін кәсіп иелері ғимараттарын Жаңа жыл мерекесіне сай безендіруге кірісіп кеткен. Ол объектілердің ішінде банк ғимараттары, мейрамхана, дүкендер және ірі мекемелер бар. Сондай-ақ «Көне Тараз» этнотарихи кешені мен «Mart» сауда орталығында сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте биыл коронавирус инфекциясына байланысты қалада кең көлемдегі іс-шаралар ұйымдастырылмайтынын ескерсек, қаланы мерекеге сай безендіру ұтымды шешім болуда.

Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.