Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түркістанда әйелін балаларының көзінше ұрып өлтірген ер кісіге сот үкімі шықты

0 225

Түркістан облысы Ордабасы ауданында төрт баласының көзінше әйелін ұрып өлтірген тұрғын 17 жылға сотталды, деп хабарлайды Экспресс К

Қаскөйге облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында үкім оқылды. Сот отырысында ер кісі әйелінің 5 жыл бұрынғы сатқындығы есіне түсіп, оны ашу үстінде қызғаныштан ұрып өлтіргенін айтқан. Және бұл қылмысқа барған кезде спирттік ішімдік ішіп алған. 35 жастағы келіншек ауыр жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

«Сот-медициналық сараптаманың қорытындыларымен сотталушының кінәсі дәлелденді. Сот үкімімен ол Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5-тармағы (Аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды» делінген облыстық соттың ақпаратында.

Сотталушы жазасын қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтетін болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, қоғамдық резонанс тудырған оқиға сәуірдің 28-і күні Темірлан ауылында болған. 15 жыл отандасқан күйеуінің қолынан мерт болған марқұм келіншектің туыстары Экспресс К тілшісіне жантүршігерлік қанды оқиғаның қалай болғаны туралы айтып берген болатын.

Көз жұмған әйелдің әпкесі күйеу баласы сіңлісін әбден азаптап өлтіргенін айтты. Ол оқиға болған күні «спирттік ішімдік ішпедің» деп келіншектің тісін біртіндеп сындырып, пештің темірімен басын тескен де екен.

Экспресс К бұған дейін төрт баласының көзінше күйеуі азаптап өлтірген келіншек туралы жазды.

Бақилық болған әйелдің соңында екі қызы мен екі ұлы қалды. Балалардың барлығы да мектеп оқушылары.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.