Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түркістан облысындағы Жетісай базары түгі қалмай жанып кетті

0 165

Өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтай алмай жатқан көрінеді, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл туралы блогер Дәулет Мұқаев өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды. Төтенше жағдай департаментінен әзірге ақпарат жоқ.

Бүгін түн ішінде Жетісай базары өртке оранды. Бір Алла жәрдемші болсын. Бәрінен де саудасын адалынан жасап, бала-шағасын бағып отырған саудагерлерге қиын,

— деп жазды блогер.

Жергілікті тұрғындар мен базардағы саударгерлердің айтуынша, сауда орнының түгі қалмаған.

«Көп жері жанған. Жалынға қарау мүмкін емес», «Ештеңе қалмады, бәрі жанып кетті», «Маусым кезінде қанша тауар өртеніп кетті. Қарызымызды кім төлейді», — деп жазды ашынған саудагерлер.

Базарға кіретін жол жабық болғандықтан әрі дүкендердің көптігінен өртті сөндіру қиынға соққан көрінеді.

Төтеншеліктердің мәліметінше, 26 тамыз күні сағат 03:00-тер шамасында Жетісайдағы «Күлпаршын» базарының аумағында ауданы 500 шаршы метр болатын жеке тұрған бір қабатты ғимарат пен ауданы 400 шаршы метр қалқаның астында орналасқан аумақтан өрт шықты. Базардың жалпы аумағы — 2500 шаршы метр.

Қызыл жалын таңғы сағат 07:35-те сөндірілген. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда. Желдің салдарынан өртті сөндіру қиын болған. Оқиға орнына 47 өрт сөндіруші мен 16 техника жұмылдырылған.

Түркістан облысы әкімдігіндегілер өртке байланысты комиссия құрылғанын хабарлады.

«Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасы бойынша оқиға себептерін анықтау және өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі комиссия құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жетекшілік етеді. Комиссия алдында ең алдымен зардап шеккендердің санын есептеу, материалдық залалды бағалау міндеті тұр. Қазіргі уақытта базардың басшылығы мен құрылтайшылары және жергілікті билік сатушылармен кездесті. Мәселе бақылауға алынды» деп атап өтті әкімдіктегілер.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.