Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәрбиешілердің еңбекақысы артады

0 148

Еліміздің болашағы үшін қашанда білім саласы – басты назарда. Ғылым мен білім өркендегенде ғана мемлекет дамып, болашақтың кепілі болған жастар әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауында да бұл бағыттағы бірқатар мәселеге тоқталды.

Президент құнды құжатта балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет екендігін атап көрсетті. Шындығында, бүгінгі уақытта әрбір бүлдіршін қатардан қалмай, мектепке даярлық сатысынан өтуі қажет. Өйткені әлемдік үдеріс лебімен білім жүйесінде көптеген реформа жасалды. Соның нәтижесінде уақыт талабына сай жаңа оқу бағдарламалары енді. Ендігі жерде балабақшаның мектеп табалдырығын аттар бүлдіршін үшін ең бірінші баспалдақ санатына енетіні де – анық жайт.

– Келесі маңызды мәселе – білім беру жүйесі туралы. Бұл сала ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқарады. Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ ол балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін де түпкілікті шешу қажеттігін баса айтты. Бұл жөнінде: «Оған қоса тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қоса-ды», – деді Президент.

Мемлекет басшысы өз сөзінде әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс екенін де атап қөрсетті.

Жолдауда көтерілген келелі бастамалар мен реформалар алдағы уақытта өз жемісін береді деп сенеміз. Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір қазақстандық білімді, еңбекқор әрі әділ болуға тиіс. Сонда ғана қуатты ұлтқа, дамыған мемлекетке айналамыз.

Перизат Найманбаева, «Болашақ» бөбекжай- бақшасының тәрбиешісі, Т.Рысқұлов ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.