Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрақты комиссия мүшелері рейд жүргізді

0 199

   Тараз қалалық мәслихатының инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссия қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірге автопарктерге рейд өткізіп, «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-нің қызметімен танысты,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Рейд барысында Коммуналдық комиссия басшысы Бахытхан Алимханов, комиссия мүшелері Жанар Бүркітбаева мен Алишер Каримов іс жүзінде ауысым алдындағы медициналық тексеру, жүргізушілерді жұмысқа қабылдау (еңбек шарттарын бекіту, қызметтік нұсқаулар) қалай жүргізілетіні, автобустар мен бокстардың жағдайы және автопарк басшыларының осы жылдың көктемінде жол жүру ақысын көтерерде берген уәделерін қаншалықты орындап жатқанын тексерді. Оның ішінде жаңа көлік құралдарын сатып алу, автопарк қызметкерлерінің қоғамдық көлікті басқару кезінде көрсететін қызметі мен мәдениеті назарға алынды.

Нәтижесінде комиссия мүшелері «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС-нің қызметін оң бағаласа, «City-bus» ЖШС», «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС, «Тараз Транс Моторс» ЖШС-нің кадр таңдау саясаты мен авутобустарының техникалық-эстетикалық жағдайына көңілдері толмай қайтты. Өйткені, жоғарыда аталған үш серіктестікте де ауысым алдындағы медициналық тексеру нормативтік-құқықтық актілерге сай жүргізілмейді, еңбек шарттары «Еңбек кодексінде» көрсетілген талаптарға сай келмейді.

Сондай-ақ, басшылардың ешқайсысы қоғамдық көлік жүргізушілерінің қызметтік нұсқауларын көрсете алмады.
«№1 Тараз автобус паркі» ЖШС-інің автобустар тұратын бокстарында жел улеп тұр. Көліктердің іші лас және орындықтары сынған. Оны қоя бергенде «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС-інің басшылығы рейд барысында төбесін де көрсетпеді. Басшылық тарапы алдын ала ескертіле тұра мұндай әрекетке барып отырғанда жүргізушілердің мәдениеті туралы не айтуға болады?

Ал «City-bus» ЖШС сатып алған жаңа автобустардың жартысы мекеме жалға алып отырған аумақта ашық аспан астында тұр. Ауысым алдындағы медициналық тексеруден өту үшін екінші қабатқа көтерілудің өзі «City-bus» ЖШС қызметкерлері үшін үлкен қауіп төндіріп тұр.

«Тараз Транс Моторс» ЖШС-інде еңбек шарты жалдау шарты ретінже жасалып келген. Айта кетер жайт, аталған үш ЖШС-інде де не слесарлық, не мотарлы цех қарастырылмаған. Бұл тұрғыдан келгенде «Әулиеата Транс Пасс» ЖШС-інде жағдай анағұрлым жақсырақ. Мұндай барлық талаптар сақталған медициналық пункт те, жаңадан салынған жылы бокстар да, слесарлық, мотарлы цехтар да жабдықталған. Кадрлар бөлімі де, заңгер мен еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженер де, қызметкерлерге арналған асхана да бар. 2021 жылдың 18 қарашасы күні «Әулиеата Транс Пасс» ЖШС қызмет көрсететін №12 бағыты бойынша жоспарланған 179 жолға шығудың 107,5-і орындалмаған. Оған ауысатын қызметкерлердің болмауы мен кадрлардың тұрақтамауы себеп болған. Бұл тұста да автопарктер Тараз қаласы бойынша қоғамдық көлікте жүру тарифін жоғарылатарда берілген уәделерін орындамай отырғанын аңғаруға болады. Барлығының айтатыны бір себеп – жанар-жағар майдың қымбаттауы мен қоғамдық көліктердің жергілікті бюджет арқылы субсидиялануы.

Алайда, өздеріне тиесілі автобустардың белгілі бөлігіне ЖШС қызметкерлері көрсететін қызметтің сапасын бақылау мақсатында бейнетіркегіштер арнатуға болар-ақ еді. Анықталған кемшіліктерді түзетер деген үмітпен автопарк басшыларына ескертулер жасалды.

Сондай-ақ, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне мониторингтің жоқтығы мен бақылаудың әлсіздігіне байланысты ескертпе айтылды. Бағыттарды құру кезінде олардың тиімділігін есептеу, қызмет көрсету жөніндегі келісім шарттың орындалуын қатаң бақылау, бағыттық автобус жүргізушілерінің мәдениетін бақылауға байланысты қадағалауды күшейту және автобустарға толықтай валидаторлар орнату бойынша да нұсқаулар берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.