Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғын үйлер тозған, көшелер қырық жамау

Қордаланған мәселелер қалай шешілмек?

0 122

Өткен аптада облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының активіне жаңа өңір басшысы Бақытжан Орынбековті таныстырған жиында шаһарда шешілмей тұрған көптеген қордаланған мәселелерді сынға алған болатын. Айталық, облыс орталығындағы 800-ге жуық тұрғын үйдің тозығы жетіп, жөндеуді қажет етеді. Ал 1388 көшенің 40 пайызы мүлдем жөндеу көрмесе, тек 20 пайызы ғана жарықтандырылған.

Сондай-ақ облыс әкімінің айтуынша, «Көлтоған», «Шалғай Қарасу», «Шөлдала», «28 саяжай» алқаптары мүлдем назардан тыс қалған. Сондай-ақ 15-ші ықшамаудандағы құрылыс жөнсіз салынғандықтан, бірнеше аудан тығыз орналасқан. Ең сорақысы, аталған ықшамаудан тұрғындары үйлерін қыста арнайы құрылғымен жылытуға мәжбүр. Бұл мәселелерді тұрғындар да неше жылдан бері көтеріп келеді. Әсіресе «Нұрлы жер» бағдарламасымен 600 миллион теңгеге бой көтерген көппәтерлі тұрғын үйдің пәтеріне қол жеткізген тұрғындардың өкпесі қара қазандай.

– 10-15 жыл бойы кезек күтіп, ипотека арқылы осы пәтерге қол жеткіздік. Алайда құрылыс сапасын көріп, қуанышымыз су сепкендей басылды. Себебі салғырттықтың салдарынан пәтердің төбесінен су сорғалап, қыстыгүні жылу келмейді. Қақаған аязда далада қонғандай күй кешеміз. Суы да, газы да жұмыс істемейді. Жолдың жоқтығы, қоқыс жәшіктері мен ойын алаңшаларының орнатылмағаны да – өз алдына бір мәселе. Қоғамдық көліктер аз қатынайтындықтан сағаттап күтеміз. Соның кесірінен жұмыстан да кешігеміз. Қаншама жерге арыз қалдырдық, қақпаған есігіміз жоқ. Бірақ нәтиже болмай тұр. Құрылыс бөліміне барсақ, олар мәселелердің жуық арада шешілетінін айтып, екіұшты жауап береді. Енді банкке барып, баспанамды өткізгеннен басқа амалым жоқ, – дейді қала тұрғыны Мөлдір Донасова.

Жалпы 2011 жылдан бастап Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының тұрғын үй қорын жаңғырту тетігі аясында тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары қолға алынған. Мәселен, 2011-2019 жылдар аралығында 5 167,9 миллион теңгеге 255 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 2020 жылы республикалық бюджеттен 3 378,0 миллион теңге қарастырылып, шаһардағы 80 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілген еді. Сол жылы қалада 163 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізілсе, өткен жылы тұрғын үйлерді модернизациядан өткізу үшін республикалық бюджеттен 2 691 888 000 теңге және қай-тарым қаражатынан қосымша 247 190 000 теңгеге 57 көпқабатты тұрғын үй жаңғыртылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жол-дары бөлімінің мәліметінше, қазіргі таңда 700 үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екен. Оның ішінде 549 барак типтес үй бар. Бұл үшін ағымдағы жылға республикалық бюджет есебінен 3 223 637,0 теңгеге қаржы бөлініп, қала аумағындағы 50 көппәтерлі тұрғын үйлерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен жалпы 210 миллион теңге қаражат бөлініп, Асқаров көшесінің бойындағы 6 үйге күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Тағы бір айта кетерлігі, бүгінгі таңда Тараз қаласының аумағында 1388 көше жолдары бар болса, оның 745-і асфальтталған, 643-і шағал жолдар. Сондай-ақ жолдардың жалпы ұзындығы 1831,3 шақырымды құрайды, оның ішінде 1092,6 асфальт жабынды, 738,7 шақырымына шағал төсеніш төселген. Былтырғы жылы Әулие-Атинская, Черняховский, Бульварная көшесінің 5-бұрылысы, Демесінов, Сеченов, Дәненұлы, Центральная, Байзақ батыр, Б.Момышұлының орташа жол жөндеу жұмыстары толық аяқталса, Мельничная және оған қарасты тұйық көшелер, Жібек жолы көшесі, Клубная, Көшеней және Абай көшесінің 2-бұрылыстары, Көшеней көшесінің 5-бұрылысында, П.Лумумба, Родниковая, «Қайнар» тұрғын алқабында жол жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Тұрғындар қаладағы жылдар бойы жасалып бітпеген жолдарға да наразы. Олар сондай-ақ қараңғы көшеден қауіп көп болатынын айтып, балаларына алаңдаулы.

– Жолы жоқ көшемен жүріп көлігіміз де тозды. Қайта-қайта көлікті жөндетуден қалтамыз да қағылды. Жылдар бойы бітпейтін бұл қандай жол? Аяқталған күннің өзінде бір-екі жылдан кейін ойылып, қайтадан бұрынғы қалпына түседі. Жол лай-батпақ әрі шұрық тесік емес, тақтайдай тегіс болып тұрса, одан басқа қояр талабымыз жоқ. Жолмен қоса жарық мәселесі де бізді алаңдатып отыр. Қыс жақындап келеді, күн қысқарады. Балаларымыз мектепке барарда, келерде ит тістеп ала ма, бөтен адамдар алдап алып кете ме деп қорқамыз. Кеш батқан соң балаларымызға алаңдап, күнде жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Бар үмітіміз шаһардың жаңадан тағайындалған басшысын-да, – дейді қала тұрғыны Мәдияр Нұрәділ.
Бұл жөнінде қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласқанымызда, олар: «Ағымдағы жылы 45 жоба бойынша орташа жөндеу, 2 жоба бойынша қайта жаңғырту жасалуда. 12 877 шаршы метрді ағымды жөндеу, апаттық қалпына келтіру және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары көзделіп, жөндеу жүргізілуде. Тараз каласы бойынша 293 көшеде түнгі жарық шамы бар. Биыл тағы 30 көшені жарықтандыру жоспарлануда. Сондай-ақ 11 көшеге мердігер анықталып, құрылыс жұмыстары басталады. Қалган 19 көшеге мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде», – деп жауап берді.
Расында, тозығы жеткен тұрғын үйлер мен тас қараңғы көшелер көне шаһардың «көнелігін» көрсетіп тұрғандай. Алайда бүгінде Таразды тотыдай түрлендіріп, туристік орынға айналдыру мақсатында ілкімді істер де қолға алынып келеді. Дегенмен қаладағы қордаланған мәселелер әлі де осы тұрғыда олқылықтардың бар екенін көрсетуде. Көшелер самаладай жарқырап, жолдар тақтайдай тегіс болса, бұл шаһарға ағылған туристердің санын да арттыратыны сөзсіз.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.