Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғын үй құрылысы қарқын алуда

0 1  033

«Баспана – бақыт шамы». Осы бір ауыз сөз пәтер машақатын тартып жүрген тұрғындардың арқасын аяздай қаритыны сөзсіз. Егемендік жылдары халықты баспанамен қамтамасыз ету мақсатында ілкімді істер қолға алынды. Дегенмен әлі де бір баспанаға қолы жетпей жүргендердің қарасы қалың.

Осы мәселені шешу мақсатында ағымдағы жылы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде құны 13,2 миллиард теңгеге 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Атап айтсақ, Тараз қаласында 3 073 пәтерлі 59 кредиттік тұрғын үй бой көтеруде. Оның ішінде №15 «Ұлы дала» ықшамауданында 2 353 пәтерлі 43 үй, Асқаров көшесінің аяғында 720 пәтерлі 16 тұрғын үйдің құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ 60 пәтерлі 1 пилоттық жоба, 240 пәтерлі 4 арендалық тұрғын үй салынбақ. Бұлардың қатарында Байзақ ауданында 60 пәтерлі 4 арендалық үй, Қордай ауданында 60 пәтерлі 2 үй, Талас ауданы, Қаратау қаласында 44 пәтерлі 2 үйді қайта жаңғырту, Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында 90 пәтерлі 1 үйді қайта жаңғырту, Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылында 18 пәтерлі 1 үй тұрғындар игілігіне берілмек.
Ағымдағы жылдың соңында 2 564 пәтерлі 45 тұрғын үйдің (194,5 мың ш.м.) құрылысын аяқтап, пайдалануға беру көзделуде. Атап айтсақ, 1 948 пәтерлі 34 кредиттік үй, 556 пәтерлі 10 арендалық үй және 60 пәтерлі 1 пилоттық жоба жүзеге аспақ. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту мақсатында ағымдағы жылға 797 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 7,6 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, жекеменшік инвестиция есебінен 435 пәтерлі 14 көпқабатты (жалпы ауданы – 40,6 мың м2) тұрғын үйдің құрылысын жыл соңына дейін аяқтап, мемлекеттік бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен жалпы 698,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру көзделуде.
Тағы бір айта кетерлігі, 2023 жылдың 1-жартыжылдығында бюджет қаражаты есебінен 280 пәтерлі 4 кредиттік тұрғын үйдің және жекеменшік инвестиция есебінен 324 пәтерлі 7 үйдің құрылысы аяқталған. Жалпы бюджет қаражаты және жеке инвестиция есебінен 304,1 мың шаршы метр тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, былтырғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 101,8 пайызға асыра орындалды.
Сонымен қатар ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен 9,7 миллиард теңге 77 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобаларының құрылысы жүргізіліп, жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 2 жаңа алқапта, атап айтсақ, Жамбыл ауданы, Аса ауылында 811 жер телімі және Сарысу ауданы «Құрылысшы» алқабында 58 жер телімі таратуға дайындалады.
Осыдан 2 жыл бұрын облысымызда «Асарлатып үй салу» жобасы іске қосылғаны белгілі. Бүгінде аталған жоба өз жемісін беруде. Бұл игі істің мақсаты – әлеуметтік осал топтағы және көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту.
«Асарлатып үй салу» жобасы басталғалы 338 отбасы баспанамен қамтылған. Ал ағымдағы жылы 105 отбасыны баспанамен қамту жоспарлануда. Оның ішінде Таразда – 10, Байзақта – 10, Жамбылда – 8, Жуалы-да – 14, Меркіде – 9, Мойынқұмда – 6, Қордай – 15, Сарысуда – 8, Т.Рысқұлов-та – 7, Таласта – 9, Шуда 9 жанұя бар. Бүгінгі күні Тараз қаласында – 1 үй, Талас ауданында – 3, Байзақ ауданында – 2, Қордай ауданында – 4, Т.Рысқұлов ауданында 1 үй өз иелеріне табысталды. Қалған 94 үйдің құрылысын жоспарға сәйкес жыл соңына дейін тапсыру жоспарлануда. Осы орайда айта кетерлігі, «Асар» жобасы бойынша көмек көрсетілетін мұқтаж жанұя тізімін ауылдық округ әкімдігі және ауылда төрағалық ететін Ақсақалдар кеңесі арқылы анықталады.

Аман Есен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.