Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үш жүздің басын қосқан Абылай

0 3  932

Биыл үш жүздің басын қосып, ел іргесін бекемдеген Абылай ханның туғанына 310 жыл толып отыр. Сұлтанның әлі күнге дейін нақты өмірбаяны жоқ. Дегенмен қазақтың аңыз-жырларында, ақын-жыраулардың ханға арналған толғауларында Абылай ханның ерліктері, жасаған істері, оның жас күнінен жетімдіктің зарын тартып өскендігі кеңінен баяндалады. Дәл осылайша Абылайдың балалық шағының тарихы қалыптасқан.

Шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың жазуынша, Түркістан шаһарын билеген Абылайдың әкесі Көркем Уәли таққа талас кезінде қаза табады. Осылайша 13 жасында жетім қалған Абылай төбе биіміз Төле биді паналап, түйесін бағады. Сонда жас сұлтанның түйе бағып жүргенін көрген Атығай-Қарауыл руының Дәулеткелді дейтін байы Абылайдың көзінен жанған отты байқап: «Атың кім?», – деп сұраса: «Атым – Сабалақ», – деген екен. Ол Төле бидің қойған есімі еді. Сонда бай жанындағы атқосшыларына: «Мынаны жалшыдай көрмеңдер. Сабалақ анық сарт емес. Көзі алақандай, табаны түйенің табанындай жап-жалпақ, көзі адамды ішіп-жеп, аузынан суы ағып, ес-түссіз отыра береді. Мынау Сабалақтың еш нәрсемен ісі жоқ, ойлағаны терең ой, езу тартып күлмейді, қабағын шытып кейімейді. Алты күн, алты түн аш жүрсе де өз қолымен құйып ас ішпейді, ас ішсе де, сарқытын кісіге бермесе көңілі көншімейді. Жерге отырмайды. Сайын далада жүрсе де киімін шешіп, астына салып отырады және ұйықтап жатқанда үсті жап-жарық болып тұрады. Мұны сыйлаңдар, ертең бұл кие қонған адам болып, бір нәрсеге ұшырап қалып жүрмейік», – деген екен.
Абылай қиын-қыстау кезеңде қалың тұманда адаспай жол тапқан, желбіреген байрағы жығылмаған адуынды қолбасшы, өз заманының данагөй дипломаты бола білді. Абылай хан – тарих сахнасында тағдырлы бір кезеңнің күллі тауқыметін тартқан тұтас бітімді тұлға. Қазақ халқы-ның абыройын асқақтату мен ордасын орнықтыру ол үшін маңызды міндет еді. Осы тұста Абылайдың ұлтжанды, ержүрек батырлығы, дана қолбасшылығы, көреген қайраткерлігі, сұңғыла бітімгерлігі анық көрініп тұрды. Дәл осы қасиеттерінің арқасында Көркем Уәлидің ұлы хандық дәрежеге көтеріліп, өзінің айналасындағы жаны жайсаң жақсылардың, сондай-ақ бұқара халықтың қолдауына ие болды. Абылай ел билігін қолына алған кезеңде жойқын өзгерістер жасап, үш жүздің басын қосып, Қазақ Ордасының іргесін одан әрі берік қылуды көздеді.
Абылай алғаш рет 1729 жылғы Аңырақай шайқасында «Абылайлап» атқа қонып, қалмақтың Шарыш есімді батырын жеңіп, ерен ерлігімен таңдай қақтырды. Жауға қарсы әруақ шақыра атойлаған жұмбақ жанның семсер сілтесі, найза салысы, садақ тартысы қарсыласының мысын баса берді. Әрбір қарулы қимылы тегін емес, тектіліктің төркінін меңзеп тұрды. Оның кеудесінде соққан ыза- кектің жүрегі, аспанды шарлаған асқақ арманы халқының мұңымен, мұратымен, мүддесімен үйлесіп жатты. Жас сұлтанның найзағайдай жарқ еткен осы бір серпілісті сәті оның жұлдызы жоғары тағдыр жолының кіріспесіндей көрінді. Кейінірек Абылайдың қолына биліктің тізгіні шиеленіскен саяси жағдайда тиді. Қазақ даласын шығыстағы көршілерден ғана емес, солтүстік-батыстағы азуын айға білеген жұрттардан оқшау ұстаудың айла-амалы өте қажет еді. Осындай саясатты іске асыру үшін уақыт шарттарын уыстан шығармайтын және ойы озық, қайраты қарымды тұлғаға деген табиғи әрі тарихи зәрулік туды.
Хан атанған Абылайдың қарсы алдынан қиямет-қиын міндеттер кесе көлденеңдеп шықты. Бұлардың ең маңыздысы – көшпелі қазақтың рулық-тайпалық құрылымын сақтай отырып,үш жүздің басын қосып, бір орталыққа бағындыру еді. Одан кейінгісі – Ресей мен Цин империяларының арасынан «аюдың апанын, айдаһардың аранын» мазаламастан, өгіз де өлмейтін, арба да сынбайтын жол табу. Оған қоса, «жанға – жан, қанға – қан» деген сөзінен жаңылмайтын Жоңғариядан біржолата құтылмақ керек. Ең ақырында, қазақ сұлтандарының, билерінің, батырларының арасындағы алтыбақан алауыздықтың түп-тамырына балта шапқан жөн.
ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін Кіндік Азиядағы халықаралық қатынастарда Жоңғарияның ықпалды күш болғаны белгілі. Саяси көзқараста 1717-1718 және 1723-1725 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығы қазақ мемлекеттігіне зардабы шексіз залал әкелді. Көптеген қазақ рулары жоңғар қыспағына шыдай алмай, бейберекет босқыншылыққа ұшырады. Оған дәлел, ХІХ ғасыр тарихшысы Алексей Левшин жазғандай: «жұт пен жаппай өлім келді… арып-ашу мен қасірет жалпыхалықтық сипат алды, біреулер аштан өлсе, басқалары бала-шағасын тастап кетіп жатты». Тарихи текетірес. Сын сағаты. Әйгілі пәлсафалық түйінге жүгінсек: барсың не жоқсың. Нәтижесінде, қалмақ қырылды, елдігінің еңсесі езілді. Ал «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» қалжыраған қазақ дер кезінде есін жиып, елдігін сақтап қалды. Қаратаудың басынан ағылған қайғылы көш тарихтың жаңа асуларына қарай жанкештілікпен сапар шекті.
Қазақтың тарихи жазбаларында Абылай ханның даңқты келбеті осы кезеңнің оқиғаларымен байланыстырылады. XVIII ғасырдың орта шеніне дейін Абылай бүкіл ерік-жігерін Жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беруге жұмсады. Ресей тарапынан әскери көмек алу үміті ақталмады. Ел билігін күшейту және іргелес жатқан елдермен тату қарым-қатынас орнату мақсатында Абылай бірнеше қадамдарға барды. Бір жағынан, көршілес халықтардың ықпалды әулеттерімен құдандалықты қолға алды. Сонымен қатар қазақ сұлтандарының арасында әулетаралық некені қолдауға ден қойды. Қонтайшы Қалдан Сереннің қазасынан кейін Жоңғарияда мұрагерлердің таққа талас-тартысы басталды. Өзге елдін ішіндегі бұл жанжалға қазақ атқа мінерлері де бір бүйірден килігіп, отқа май құя түсті. Осы жағдай арқылы қарсыласты әлсірету жоспарланды. Сөйтіп, Севан Рабдан мен Қалдан Сереннің кезінде қазақтың жаулап алынған оңтүстік және оңтүстік-шығыс өлкелерін азат етіп, кері қайтару майданына жол ашылды. Осылайша Абылай таққа таласушы тараптарды кезегімен қолдай отырып, жоңғарлардан бірқатар жерді қайтарып алды.
ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қатыгез уақыт Абылайдың мінезін шар болаттай шыңдады. Оны қажырлы да қайратты саясаткер етіп шығарды. Жоңғар мемлекеті жермен-жексен болып, жойылар алдында қазақ пен қытай арасындағы жер мәселесі біршама ушықты. 1755 жылдың жазында Цин ипериясы Абылайға шекараға байланысты елші жіберді. Алайда Абылай Қытайдың Жоңғарияға байланысты құйтырқы пиғылын құптамады. Жоңғарлардың Цин империясына қарсы көтерілісіне ұйытқы болған Әмірсанаға белсенді түрде көмек көрсете бастады. Себебі қазақтар жаугершілік уақытында Жоңғария қолында қалып қойған жерлерін қайтарып алуға мүдделі болды.
1756 жылдың көктемінде қазақ жасақтары Жоңғарияның ішкі аймағына шабууыл жасап, қытай әскерімен бетпе-бет келді. Бұған ызаланған Цин императоры қазақтарға қарсы жауапты жортуыл жасау жөнінде бұйрық берді. Орта жүздің қоныстарына екі жақтан – оңтүстіктен және шығыстан кіру көзделді. Сонымен бірге қытай жасақтары Абылайдың маңайында жасырынып жүрген Әмірсананы қолға түсіруді ойлады. Бірақ қазақ жасақтары тұтқиылдан шабуылдай отырып, Қытайдың екі әскерінің қосылуына мүмкіндік бермеді. Ақыры қытай әскері кері қайтуға мәжбүр болды.
Осы оқиғалардың барысында абыройы асқан Абылайдың билеушілік болмысына орыс тарихшысы Алексей Левшин былай деп сипаттама береді: «Көпті көргендігімен, айлакерлігімен, әккілігімен, парасатымен, қол астындағы халық санының басымдығымен, Ресей патшайымымен, Қытай боғдыханымен тікелей орнатқан қарым-қатынасымен үзеңгілес қазақ билеушілері арасында даңқы үстем болған Абылай Орта жүз билеушісі мәртебесіне лайықты қасиеттерді бойына жинақтай білді. Қабілетіне сенімді болған ол жақтастарын салмақты қалпымен, мұқият іс-қимылымен тарта білді, қабілет-күшімен жауының мысын басты және қажет кезде бірде орыстың, енді бірде қытайдың құзырында екенін мойындағанымен, шын мәнінде, тәуелсіз билеуші бола алды».
Абылай көшбасшылық кемеңгерлігімен ғана емес, қолбасшылық қабілетімен де үзеңгілестерінен оқ бойы озық еді. Бөгенбай мен Қабанбай бастаған атақты батырлар керек кезінде оның ақылына жүгініп, беделіне арқа сүйеді. Абылай Ресей мен Қытайдың бейтараптығын оңтайлы пайдаланып, Ташкент пен Ходжент жорығына аттанды. Сөйтіп, Жизаққа дейінгі қазақтың жеті қаласын азат етті. Хандықтың шекарасын шығыста Алтайға жеткенше, солтүстікте Тобылдан әрі, ал оңтүстікте Ташкентке дейін кеңейтті. Жеңісті де жемісті әскери жорықтары оның даңқын жайып, атын аңызға айналдырды.
Абылай ел ісімен енді шұғылдана бастаған шақта Қазақ хандығы сиырдың бүйрегіндей бөлшектенген бытыраңқы халге жуық тұрған болатын. Тек 1760 жылға қарай билеушінің төңірегіне саяси жұмыстар біршама тығыз топтасты. Ұланғайыр жері азат, көлемі кең мәртебелі мемлекет шын қуатына мінді. Қалмақтан тазартылған Тарбағатай, Жетісу өлкелерінің өркениетін дамытуға барынша көңіл бөлді. Ұлттың басындағы қордаланған мәселелер де Абылайдың басты назарында болды. Ол бірде күшпен, келесі бірде келісіммен қазақ қоныстарында тәртіп пен тыныштық орната білді. Уақыт өте келе, ақсақалдар билігін әлсіретіп, басқарудың дәстүрлі институттарын қайта жандандыруға күш салды, сот жүйесін нығайтты. Өзінің құзыретін хан болып сайланған кезде белгіленген шектерден асыра кеңейтті. Ол хан билігін түрлі кеңеспен шектеген сепаратистік көңіл-күйдегі қуатты рубасылар мен сұлтандардың бассыздығын тыйды. Шариғат жолымен төрелік айтатын билер сотының құқын шектеп, өлім жазасын тек ханның өзі шығаратын қылды.
Абылай хан тұсындағы ұлы даланы мекендеген барлық үш жүз қазақтарының бытыраңқы күй кешуі сыртқы жаулары үшін тиімсіз еді. Қазақтардың бір мемлекетке бірігуі Ресейдегі патша үкіметінің жоспарына кірмеген болатын. «Бөлу және жеңу» қағидатына сүйене отырып, ол хандарды бір-бірімен күресуге итермелеп, азаматтық қақтығысты қоздыруға тырысты. Сондықтан Екатерина II Абылайды барлық үш жүздің ханы деп танудан бас тартты. Ш.Уәлихановтың куәлігі бойынша, Абылай хан болып сайланғаннан кейін «ант қабылдау» үшін орыс шекарасына барғысы келмеді, ол өзінің қадір-қасиетімен «аспан ұлының» халық сайлауы мен грамотасымен бұрыннан бекітілгенін айтты. Абылай ханның ықпалын түпкілікті жоғалтады деп алаңдаған патша үкіметі оны Орта жүздің ханы ретінде ант қабылдауға көндіру үшін барлық шараларды қолданады. Сезімтал саясаткер ретінде Абылай хан өз халқы үшін Ресей империясымен қарама-қайшылықтың ықтимал салдарын түсінді. Әсіресе Қазақстан үшін солтүстік көршімен сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үлкен маңызға ие болды. Грамотаны салтанатты түрде тапсыру үшін Абылай ханды патшайымдар Орынборға немесе Петропавлға шақырады, бірақ ол түрлі сылтаулармен бұл қалаларға келуден бас тартады. Содан кейін Ресей үкіметі грамотаны тапсыру және Абылай ханға хандық қадір-қасиет белгілерін (қылыштар, тондар және алтынмен тігілген бас киімдер) қою үшін хан ордасына арнайы елшілік жібереді. Орыс билігінің мұндай табандылығы «патша үкіметінің еркінен тыс хан болу мүмкіндігі туралы ойларды қоздырмау» арқылы түсіндірілді.
Оның жеке тұлғалық қасиетінің ерекшелігі билікке келуіне әсері болды деп айтуға негіз бар. 1771 жылы Әбілмәмбет хан қайтыс болып, ханның тікелей мұрагерлері болғанына қарамастан, жалпыұлттық Қазақ ханы ретінде халық бір ауыздан Абылайды сайлайды. Бұл ұлы ханның көрнекті еңбегін жалпыға бірдей мойындаудың көрінісі болды. Ресей патшайымы Екатерина II-ге өзінің қазақ ханы болып сайланғаны туралы хабарлай отырып, ол: «Олардың (Әбілхайыр және Әбілмәмбет хандары) қайтыс болуымен барлық ордалардың, яғни үлкен, орта және кіші хандар мен сұлтандар өткен 1771 жылы тұсында Түркістанда қасиетті Қожа Ахмет Ясауиде Ташкенттің үлкен және кіші қалаларымен бірге Ахмет біздің дәстүріміз бойынша, дұға оқып, мені үш орданың ханы деп атады, оған атақ берілді», – деп жазды.
Абылай көршілес үлкен екі ел Ресей де, Қытай да мойындаған хан болды. Ол қазақ халқын бір мемлекетке біріктіруде маңызды рөл атқарды, оның елді жоңғар және Цин жаулап алушыларынан азат ету үшін күресін басқарды. Оның жеке батылдығы мен батырығы, жауынгерлік шеберлігі және қарсыластарының айқын жоғары күштерін жеңуі оған жеңілмейтін даңққа ие болды және өз дәуірінің ең атақты қолбасшыларымен тең қойылды. Оның қажырлы еңбегінің арқасында Қазақ хандығы өзінің дербестігі мен аумақтық тұтастығын сақтап қалды. Оның есімі көзі тірісінде аңызға айналған «Алашпен» тең дәрежеде жауынгерлік ұранға айналғаны кездейсоқ емес.
Абылай хан ұлттық тарихқа ең алдымен үш жүздің қазақтарын біртұтас мемлекетке біріктірген дана мемлекет қайраткері ретінде енді. Абылайдың жеке басының ерекшелігі оның мұрагерлік және басып алу бойынша емес, өзінің жеке басының қарымды қабілеттерінің арқасында хан болуында. Табиғи ақыл, әскери батылдық, ұйымдастырушылық талант, шешендік өнер және басқа да жеке қасиеттер оған тек қана алға жылжуға мүмкіндік берді. Ол жеті тілде, оның ішінде қытай тілінде де білетін және сөйлей алатын болған. Бірақ Абылай, егер ол соншалықты асыл болса да, ең бастысы, Бұқар жырау, Төле, Қазыбек, Әйтеке билер, Қанай, Бөгенбай, Қабанбай, Малайсары, Олжабай, Жәнібек және басқа да атақты және ықпалды билеушілер мен дана кеңесшілердің қолдауынсыз хан титулына сене алмас еді. Ол оның ақылдылығының белгісі еді. Сонымен қатар Орта жүздің ең мықты рулары Атығай мен Қарауылдың сұлтаны болғаны да маңызды рөл атқарды.
Абылай хандардың бұрын алынып тасталған айрықша құқықтарын да қайта қалпына келтірді. Орта жүз бен Ұлы жүзге тиесілі жерлер Абылайдың балаларына бөліп берілді. Шоқан Уәлихановтың көрсетуінше, «Абылайдан басқа бірде-бір қазақ ханы мұндай шексіз билікке қол жеткізген емес». Осының арқасында Абылай хан шаруашылық пен сауда ісінің дамуына септігін тигізген белсенді экономикалық саясатты жүзеге асыра бастады. Ол халыққа салынатын салықтардың жаңа түрлері мен өлшемдерін енгізді. Алғашқылардың бірі болып көшпелілердің отырықшы өмір салтына бейімделуінің, тұрақты баспана құрылысының, шабындық мен егіншіліктің қажеттілігін терең түсінді. Абылай Қазақ хандығының солтүстік аудандарында егіншілікті дамытудың бастамашысы болып, көрші Ресейден осы кәсіптің білікті мамандарын арнайы алдыртқан.
Шоқан Уәлихановтың: «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған», – деп жазғаны көп нәрсені айғақтайды. Сол кезеңде ханның ішкі және сыртқы билігінің бар мазмұны халықты бір ту астына жинауға бағытталған еді. Сөйтіп ол жасампаз әрі стратег, дана билеуші және саяси көшбасшы ретінде танылды. Оның шебер саяси амалдары күштеп отарлауға, мемлекеттің бүтіндігін бұзуға қарсы тұрды. Ел Абылайға сенді, хан халықтың үмітін ақтай алды. Күллі қазақпын деген әрбір жанның жадында ол осындай сипаттарымен сақталып қалды.
Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Орталық Азияның түркі тектес халықтары ұдайы жалғасып, тереңдей түскен экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени дағдарыстар кезеңіне душар болған әрі өз аумақтарын отаршылдық саясат есебінен кеңейте түсуді көздеген мемлекеттердің оңай олжасына айналған», – деп жазады. Расында, сол дәуірде Қазақ хандығы солтүстікте Ресей патшалығының, шығыста Қытай империясының, оңтүстікте Қоқан, Бұқара, Хиуа билеушілерінің, ал батыста қалмақтардың қыспағын көрді. Ел басына қара бұлт үйірілген сын сағатта тарих сахнасына шыққан Абылай елдік жауапкершілікті өзіне алып, би-батырларға да өздеріне лайықты тапсырмалар жүктей білді. Сол замандағы халық ерік-жігерінің тастүйін бірлігі Абылай ханның жеке тұлғасынан, ұстаным-қасиетінен айқын көрінді. Батырларымен бас қосып, қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетіп, халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері тайғақ кешкен тар заманда ел рухын қайта түлетудің алтын арқауын құрады. Бұдан басқа елдік қыруар жұмысты хан әміріне сай жүйелей білген ұлттың рухани көсемдері – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сыртқы және ішкі тәртіпсіздіктерге төтеп беріп, Абылай ханмен бірлесіп, ұлтты жұмылдырып, бір мұратқа топтастыру жолында аянбай қызмет етті.
Абылай хан билік құрған 10 жыл ішінде яғни ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарының орта шенінен бері қарай Орталық және Орта Азиядағы саяси жағдай Қазақ хандығының пайдасына шешіле бастады. Қазақтың этникалық құрамында оң өзгерістер байқалып, халық саны қалмақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай және басқа да Орталық Азия халықтарының табиғи қосылуы мен ұйысуы есебінен де молая түсті. Осылайша елдің берекесі кіріп, ұлтымыздың саны 3 миллионға жетті.
Абылай каһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқының рухани касиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол «Ақтолқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржын қақпай», «Майда жел», «Садақ қаққан», «Сары бура», «Шаңды жорық», тағы басқа күйлердің авторы. Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс өзені жағасында қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ішіндегі қабірхана мен ақсарай арасындағы дәлізде жерленген. Ел аузынан жеткен дерек бойынша Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалыпты. Әрине, қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды.
Қалай болғанда да, қазақтың тағдыры қылыш үстінде қылпылдаған 20-шы жылдар аяғынан өмірінің соңына дейін ұлттық саяси элита тобына кіргені, хан мәртебесін ресми алмай тұрып-ақ ханға тиесілі миссияны ішінара атқарғаны тарихи ақиқат. Ендеше, жас ұрпақ Абылай хан арманының жемісі – тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін мақтан тұтып, ішкі келісім мен бейбітшілікті сақтау жолында қызмет етуі керек.

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.