Қалалық қоғамдық-саяси газет

Түнде Атырауда үш адамды атып өлтірген күдікті ұсталды

0 245

Бүгінгі түнде Атыраудың «Авангар» шағынауданында атыс болған болатын. Енді бұл атыстың мән-жайы белгілі болды деп жазды turkystan.kz «Прикаспийская коммуна» басылымына сілтеме жасап.

«15 наурыз, кешкі 22.10-да Атырау қаласының аумағында атыс болды. Тапаншадан атылған оқтан 1995 және 1999 жылы туған екі ер адам қаза тапты, тағы біреуі 1995 жылы туған азамат оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Жедел жұмыстар барысында оқиға орнында 1999 жылы туған ер адамның тағы бір мәйіті табылды», – деп хабарлады полиция өкілдері.

Қалалық Полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, іздестіру шаралары барысында күдікті анықталып ұсталған.

«Қылмыс жасады деген күдікпен 1993 жылы туған Маңғыстау облысының тумасы анықталып, ұсталды. Оқиға жеке келіспеушіліктен болған. Қазір ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі бойынша тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды», – делінген департамент таратқан хабарламада.

Атыс кезінде күдікті «Калашников» автоматынан оқ жаудырды деген ақпарат расталмаған.

Айта кетсек, бұған дейін шаһарда үш адам оқ тиіп қаза болғаны, тағы біреуі жараланғаны хабарланған болатын. Ал күдікті тәртіп сақшылар келгенше оқиға орнынан қашып кеткен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.