Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұмаудан сақтанудың жолы қандай?

0 261

Тұмау – ең көп таралған вирустық инфекция. Күн суытқан сайын елімізде осы аурумен ауыратын адамдар саны көбейе түсетіні жасырын емес. Осыған орай халық арасында індеттің алдын алу үшін көптеген шараларды қолға алған жөн.

Тұмаудан сақтану үшін ең алдымен ауруға қарсы жыл сайын вакцина салдыру қажет. Сонымен қатар дене жаттығуын жасап, жеке гигиенаны сақтай отырып, күнделікті 1-2 сағат таза ауада жүру керек. Ең бастысы, уақытылы тамақтанып, мейлінше пайдалы дәрумендерді жеуге тырысу қажет.
Тұмау – жедел респираторлық вирус. Бұл дертпен ауырған науқастың басы ауырып, дене қызуы көтеріліп, буындары қақсайды және мұрнынан су ағады. Сондай-ақ құрғақ жөтел мазалайды. Ол 2 апта немесе одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Ал егер ауыр асқынулардың дамуына әкеліп соқтырса, арты өліммен аяқталады. Сондықтан бойыңыздан әлсіздікті және жоғарыда айтылып өткен белгілерді байқасаңыз, міндетті түрде уақыт жоғалтпай медициналық тексеруден өтіңіз. Сонымен қатар науқас адаммен барынша байланысқа түспеуге тырысыңыз. Егер де ауру асқынып кететін болса, бронхит, пневмония, гайморит, менингит аурулары қозып кетеді. Бұл әсіресе балаларға аса қауіпті. Оларда да дәл жоғарыда айтып өткендей, дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, баланың мұрнынан су ағып, бойын әлсіздік билейді. Негізінде баланың иммунитетіне байланысты. Яғни жиі ауыратын әлсіз бала болатын болса, онда тұмау ауыр түрде өтеді.
Осы орайда жүкті әйелдерге кеңес бере кеткім келеді. Себебі болашақ ана тұмауратып ауыратын болса, іштегі балаға инфекция түсіп, оның дамып, жетілуіне зияны тиюі әбден мүмкін. Сондай-ақ егер ауру асқынып кетсе, онда мерзімінен бұрын босану және баланың ақаумен туылуы, болмаса іштегі нәрестенің құрсақта өліп қалуы сияқты жағдайлар орын алады. Сондықтан да ауруға бейжай қарамай, алдын алу үшін міндетті түрде дәрігерге көріну керек.
Жүкті әйел ауырған уақытында дәрі-дәрмек қабылдауына болмайды. Дәрігерлердің айтуынша, әсіресе жүктілік мерзімінің 12 аптасына дейін мүлдем дәрі ішпей, денсаулығына аса мән беріп, күтінгені жөн. Себебі баланың жетілуіне ең маңызды кезең болып табылады. Сондықтан да тұмаумен ауырып жатқан жүкті әйел міндетті түрде үй жағдайында емделуі тиіс. Яғни сұйық тамақтар ішіп, бөлмені желдетіп (сағат сайын), арнайы өзінің ыдыстарын бөлек қойып, дәрумендерге бай тағамдарды көп жеуі керек.
«Дені сау ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» демекші, әрбір жүкті әйелдің дені сау сәби әкелуі тікелей өзіне байланысты. Яғни жүктілік уақытында түрлі аурулардан сақтанып, өзіне де, болашақ сәбиіне де пайдалы дәрумендер жеп, жақсы күтінетін болса, нәресте де ешқандай аурусыз дүниеге келеді. Сондықтан ең басты талап – аурудан сақтану және күтіну.
Жалпы жыл сайын Қазақстанда жедел респираторлы вирустық инфекция мен тұмаудың 1 млн-нан астам жағдайы тіркеледі, оның ішінде 50%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. Ал облысымызда жылына орта есеппен осы аурулар бойынша 18-20 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінеді. Оның 10-12 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар.
Бүгінгі күнде тұмау бойынша облыста 3 мыңнан астам науқас дәрігерлік көмекке жүгінген.
Дәрігерлердің айтуынша, аурудан сақтанудың ең тиімді жолы – жыл сайын тұмауға қарсы вакцина салдыру. Ол иммунитетті көтеріп, аурудың таралуын тоқтады. Осыған орай бюджеттен арнайы ауруға қарсы 94 266 доза екпе сатып алынды. Айта кетейік, екпе салдырғаннан кейін де тұмау жұғуы мүмкін. Бірақ ауруды оңай түрде көтеріп, тез сауығып кетуге вакцинаның пайдасы мол болады.
Есіңізде болсын, сіздің денсаулығыңыз өз қолыңызда!

Гулфайруз Мырзабекова, облыстың бас эпидемиологы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.