Елімізде асылтұқымды мал басын көбейту үшін шаруаларға субсидия беріледі. Субсидия мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруға төленеді. Ал мемлекеттен осы үшін жыл сайын миллиардтаған қаржы бөлініп жатады. Өкінішке қарай, осынау қаражатты «Бармақ басты, қөз қыстымен» пайдаланғандар көп.
Жуырда Шымкентте қала тұрғынының жалған ферма ашып, мемлекеттен 400 миллион теңге субсидия алғаны белгілі болды. Тергеу барысында анықталғандай, 2020-2021 жылдар аралығында жалған фермер ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен асылтұқымды мал сатып алу бойынша ойдан шығарылған бірнеше мәміле жасаған.
Одан кейін ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімімен келісімшарт жасап, субсидия алған. Заңсыз әрекеттер салдарынан 400 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты ұрланыпты. Мұны қаржылық мониторинг агенттігі әшкереледі. Қазір іс сотта қаралып жатыр.
Жалған қағаз жарға жығар
Ал дәл осы кезде Түркістан облысындағы тағы бір шаруашылық иесі 4,7 миллион теңгені субсидия ретінде заңсыз алғаны үшін 3 жылға сотталды. «Ойсыл-Қара» ЖШС-ның басшысы Н.Кенегесов 2018-2020 жылдар аралығында Түркістан облысы әкімдігінің Ауыл шаруашылығы басқармасына ауыл шаруашылығы дақылдарын егу туралы жалған мәліметтер мен құжаттар ұсынған. Осылайша, ол тыңайтқыш сатып алуға деп 4,7 миллион теңге субсидия алған.
Иә, бұған дейін де мемлекет тарапынан берілетін түрлі жеңілдіктердің межелі жеріне жетпей жарты жолда талан-таражға түсіп жүргені туралы талай мәрте айтылып та жүр. Алайда шықпа жаным шықпамен біресе жанармайы, біресе жемшөбі қымбат болып шырылдап жүретін шаруалардың несібесіне қол салып жүргендерді естігенде көңілің құлазиды екен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжанов ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық схемалары бойынша атап өткен жиында Түркістан облысына да тоқталды. «Түркістан облысындағы шаруашылықтардың бірінде сиырлардың жасын бұзауға түзеген 400 дерек анықталды. Бұл сайып келгенде, субсидия алу мақсатында жасанды түрде төлін көбейту үшін жасалады», – деді ол. Сонымен қатар агенттік төрағасы кейінгі бес жылда ауыл шаруашылығы саласында 960 қылмыс тіркелгенін атап өтті. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ субсидияны жымқыруда жылдан-жылға бірдей схемалар қолданылатынын, өкінішке қарай олардың себептері мен шарттары анықталмағанын жеткізді. Мәселен, жайылымдарды суландыруға бес жыл ішінде 21 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінген екен. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармаларының лауазымды тұлғалары өздерінің жалған жеке кәсіпкерліктері арқылы су сорғылары үшін арзан, сапасыз күн панельдерін сатып алып, кейде мүлдем орнатылмайтыны да белгілі болған. Осылайша, жалған деректер бойынша ақша алып отырған.
Қожалық басшылары күдікке ілінді
Ал мал шаруашылығына алынатын субсидия алаяқтық әрекеттерге жалғасқан. Жоқ мал субсидияланған. Дәл жоғарыда атап өткеніміздей схема. Яғни, субсидияланған бұқалар мақсатты пайдаланусыз дереу қайта сатылады, союға жіберіледі немесе тіпті шетелге шығарылады екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшысының айтуынша, мұндай деректер Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, БҚО және СҚО-да анықталыпты.
Бұл деректер коррупциямен күресетін құзырлы органның еліміздегі ірі қалалар мен облыстарда арнайы операция өткізіп, мемлекет қазынасынан бөлінген қаржының қалай жұмсалғанын сүзгіден өткізу барысында белгілі болған. Тексеру нәтижесінде, Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұйымдары мен бөлімшелерінде және әкімдіктерде жұмыс істейтін отыздан астам қызметкер бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінген. Олардың арасында біздің оңтүстік өңірінің лауазымды тұлғалары да бар. Олар субсидиялауға бөлінген бюджет қаражатын ұрлап қана қоймай, шаруалардан пара, заңсыз сыйақыларды алып отырады. Айта кетсек, соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға қазынадан екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Өкінішке қарай, жаңағыдай талан-таражға түскен мемлекет қаржысын еске алатын болсақ шын мұқтаж шаруаларға бөлінген триллиондардың аз ғана бөлігі жеткен сияқты.
Бір ғана Түркістан облысында 8 шаруа қожалығының басшысына бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылып, үстінен қылмыстық іс қозғалып отыр.
Тергеу деректері бойынша олардың барлығы да «Сыбаға» бағдарламасы бойынша субсидия алуға өтініш берген кезде қасақана жалған ақпарат енгізген. Олар Ресейден мал сатып әкелгенін растайтын жалған құжаттарды ұсынған. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық инспекциясының мәліметінше, мал өсірушілер ірі қара малын сатып алуға өтініш жібермеген және оны Ресейден әкелу үшін маршруттық парақтар алмаған.
Тек осы фактілер бойынша заңсыз төленген субсидиялардың жалпы сомасы 380 миллион теңгеден астам болса, несиенің жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асады. Қазір субсидияға қатысты сұрақтар көп. Бұлар ашылғандары ғана. Егер тағы да қазбалап тексере берсе, әлі талай былықтың беті ашылатыны анық.