Қалалық қоғамдық-саяси газет

Студенттер неге жұмыс істеуге мәжбүр?

0 324

Студенттік шақ – жастық дәуреннің ең ыстық естеліктерімен таспаланатын кезең. Алайда, университет қабырғасындағы төрт жылын білім алуға ғана емес, сабақтан тыс уақытын жұмысқа арнайтын студенттер де жетерлік. Әрине, сананы тұрмыс билеп, нарық қос бүйірден қысқан бүгінгідей заманда олардың бұл әрекетін түсінуге де болады. Шәкіртақысы ас-суынан артылмағандықтан ата-анасына салмақ түсіргісі келмей өз бетімен нәпақа табуға тырысады. Алайда, олар жұмыс істеп жүріп бір жағдайға ұшыраса, оған кім жауапты болмақ?

Бүгінде аялдамаларда «Жұмыс іздеп жүрген студенттер керек» деген жарнаманы жиі кездестіруге болады. Ал оған хабарласып толығырақ мәлімет алғыңыз келсе, «Барлығын әңгімелесуге келген кезде білесіз» деп жауап қатады. Осыдан-ақ бұл жұмыстың желілік маркетинг екенін бірден түсінуге болады. Осындай желілік маркетингтерден опық жеп, ақшасын қайтара алмай жүрген студенттер жайлы жиі естиміз. Сондықтан да жұмыс іздеу барысында да сақтық таныту маңызды.
Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын жұмыс іздейтін студенттердің қатары артып келеді екен. Мәселен, «tarazrabota.kz» сайтына келіп түскен 18 бен 22 жас аралығындағы үміткерлердің 43 пайызын студенттер құрап отыр. Айталық, былтыр жұмыс іздеуші студенттердің саны 139 пайызға өскен. Бұл дегеніміз олардың сабақтан тыс уақытта жұмыс істеуге тырысатынын айқын аңғартады. Әрине, олар жұмысты қызығушылықтан емес, қажеттіліктен істеп жүргені белгілі. Бірақ оқу орнының табалдырығын енді ғана аттап, кәмелетке де әлі толмаған студенттің жұмыс істеп, қаражат қамын ойлауы, бірінші кезекте, өзінің денсаулығына мен сабағына зиянын тигізеді. Екіншіден, күндік жалақы беретін мемлекеттік емес жұмыс орындары студенттің жағдайы мен қауіпсіздігіне жауап бермесі анық. Сондықтан да кәмелетке толмаған студенттердің жұмыс істемеуін жіті бақылып, шектеу қойған жөн секілді. Одан кейінгі мәселе – түні бойы жұмыс істеп, нәпақа қамын ойластырған студент, күндіз сабақта мең-зең болып ұйқысы қанбай, мазасы қашады. Салдарынан үлгерімі нашарлап, жас маман атанғалы отырған өзінің келешегіне қауіп төндіреді. Себебі, сабағына қатыспай, оқу бағдарламасынан қалып кеткен студенттен ертең білікті маман шығуы екіталай.
Осы мәселеге қатысты біз студенттердің де ойларын тыңдап көрген едік.
– Студенттердің көбі кафе, мейрамханаларда даяшы, көшеде тұрып парақша тарататын промоутер, фаст-фудтарда аспаз болып жұмыс істейді. Мәселен, даяшылар күніне кем дегенде 4-5 мың теңге таба алады. «Кәмелетке толғандардың жұмыс істеуіне болмайды» деген заң жоқ қой. Сондықтан, өзімізді асырауымыз керек. Оқумен жұмысты қатар алып жүру қиын емес, екеуіне де үлгеруге болады. Айталық, мен кешкі 17:00-ден түнгі 2:00-ге дейін кешкі ауысымда жұмыс істеймін. Жұмыс уақыты аяқталған соң үйге барып демалып, азанда сабаққа қатысамын, – дейді Қуаныш Қайратұлы. Бұл пікірге қала тұрғыны Шолпан Барменқұлова да келіседі.
– Балам биыл 3-курс оқиды. 2-курсынан бастап дәмханалардың бірінде бармен болып жұмыс істейді. Сабағы түстен кейін 14:30-да басталып, 18:00-де аяқталады. Ал жұмысы кешкі сағат 22:00-ден таңғы 05:00-ге дейін. Осы уақыт аралығында жұмыс істеп, оқуына дейін ұйықтап, тынығып алады. Оқуынан қалған емес, себебі өзі тандап түскен мамандықта оқып жүр. Мен де сабағынан қалмауын үнемі қадағалап отырамын. Әуелде баламызды ойлап, уайымдадық. Бірақ бала ер жеткен соң шығыны да көбейеді екен. Жеткізе алмаған соң, өзі жұмыс істеуге шықты. «Шаршамаймын» дейді. Бірге жұмыс істейтін достарын да танимыз, – дейді ата-ана.
Бұл тұрғыдан келгенде, кәмелет жасына толып, оң-солын ажырата алатын студенттің сабақтан бос уақытта жұмыс істеп, қаражат тапқаны дұрыс та шығар. Алайда, ол жұмысы оқуына кедергі келтірмей, денсаулығына зиянын тигізбеуі де маңызды. Сондықтан, студент түні бойы жұмыс істеп, жанын қинағаннан гөрі, өз мамандығына сай келетін жарты аусымдық жұмыс түрлерін іздеп көргендері дұрыс. Бұл, әсіресе 2-3 курс студенттеріне қолайлы. Өйткені, олардың мамандықтары бойынша толық болмаса да, азды-көпті білетіндері бар. Мысалы, «Филология» мамандығында оқитын студент түрлі жекеменшік орталықтарда репетитор бола алады. Ал «Журналистика» мамандығында білім алатындар жергілікті БАҚ-та жұмыс істеулеріне мүмкіндіктері мол. Осылайша, тәжірибе мен білімді қатар жинай алады. Басқа қатарластары университетті енді бітіріп, жұмыс іздей бастағанда, ол жұмыс тәжірибесі бар жас маман атанып үлгереді. Бұл, әрине жастардың өз еркінде. Алайда, студенттің басты міндеті – сапалы білім алып, білікті маман болу. Сондықтан, ең әуелі оқуды алғашқы орынға қойған абзал.

Әмина МҰСА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.