Қалалық қоғамдық-саяси газет

Таластағы киелі орындардың құпиялары

0 2  550

Ежелден ел мен жердің тарихы аңызбен астарлас, тарихпен тамырлас. Көкейінен көне заман күмбірі төгілетін, зердесінде заманалардың жұмбақ үні қалыптасқан өлкелердің өнегесі мол. Әулиеатаның Талас топырағында да шежіремен әдіптеліп, аңызбен көмкерілген көрнекті орындар өте көп. Мәселен, Боз есімді бидің тағдырына байланысты айтылатын Бозтұмсық, өзге де тарихи аңыздарды қамтитын Жалбы, Ақкесене, Қызкөпір, Ұйқыдағы ару, Жиделібұлақ сияқты жерлер байтақ даламыздың дегдарлығын паш етіп тұр. Ал Тәңірқазған мен Бөріқазғанның жөні бір басқа. Өз қызын қарғыспен қатырып кеткен әке туралы аңыз да әлі күнге ел аузында. Осы орайда Талас топырағы тудырған аңыздардың бір парасына тоқтала кетуді жөн санадық.

Мұндағы Тәңірқазған, Бөріқазған үңгірлері аудан орталығынан небәрі 18 шақырым жерде орналасқан. Алғашқы адамдардың тұрағы саналған Тәңірқазғанды археолог Х.Алпысбаев 1958 жылы зерттеп, тас бұйымдарды тапқан. Кейіннен бұл тұрақты 2000 жылы ҚР Ғылым академиясы археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді экспедициясы К.Байпақовтың жетекшілігімен қайта зерделеген. Ғалымдар тұрақтардан табылған тас бұйымдарды Еуразия мен Африканың ежелгі ескерткіштерінің арасындағы олдувай (жер атауы) мәдениетімен ұқсас деген қорытындыға келеді.
Аңыз бойынша ерте заманда Талас жерінде бірнеше жыл қатарынан құрғақшылық болады. Су іздеген жұрт бұл қуаңшылықтан шығар амал таба алмай қиналады. Сонда бір бөрі елдің алдына шығып жүріп отырыпты. Ел де бөрінің соңынан үлкен үмітпен ере береді. Сол тіршілік иесі шөліркеген елді бастап келіп, даланың төсін қазады. Сонда бөрінің қазған жерінен су шығып, бүкіл халық аман қалған екен. Бұл жер содан бері Бөріқазған деп аталып кеткен деседі. Бүгінде киіз үйдің орнындай ғана болып үйілген топырақ болмаса, бұл жерде басқа белгі жоқ. Тек халық санасында Бөріқазған деген атпен қалған дала қойнауындағы қасиетті жер тамырына тылсым жасырған күйі сақталып тұр.
Жоғарыда айтқанымдай Талас топырағында Бөріқазған жері мен Тәңірқазған тұрағы қатар аталады. Ол туралы аңыздар да бір-бірімен жалғасып жатыр. Күндердің күнінде Бөріқазғанның суы тартылады. Халықтың қайғы-қасіреті қайта үдей түседі. Арада шамалы уақыт өткенде су іздеген халық жапан далада тағы бір жердің өзінен-өзі қазылып, суға толып тұрғанын көреді. Бұл судың дәмі де тәтті екен. Кейіннен әлгі жер Тәңірқазған аталып кеткен екен.
Ал өз қызын қарғыспен қатырған әкенің аңызы ауданға қарасты Қызыләуіт ауылындағы «Қыз-көпір» аталып кеткен жер жайында. Бірі білсе, бірі білмес бұл ауылдық округте шағын киелі мекендер өте көп. Халқы «қанды көл» атап кеткен «Қызыл-әуіт» көлі жайлы да деректер аз емес.
Аңызға сүйенсек, ежелгі дәуірде бір бай көш кезінде қызын қарғап, тас қылып қатырып тастаған деседі. Сол жерде қыздың денесі жатыр деген әңгіме де бар. Содан бері ол көпір «Қыз-көпір» деп аталып кетіпті.
Жалпы, ауданда ерекше тізімге енген, мемлекеттің қарауына алынған 74 нысан бар. Оның 5-і республикалық мәнге ие. Олардың ішіндегі саяхатшылар мен бүгінгі жастарды, әсіресе мектеп оқушыларын қызықтыратын тарихи ескерткіштер жетерлік. Оған Ақкесене күзет мұнарасынан бастап, Үшарал ауылындағы Абдолла ишан, Ойық ауылындағы Қарақожа, Ноғай ишан мешіттерін, жоғарыда біз тоқталған Тәңірқазған, Бөріқазған, Ақкөл тұрақтарын жатқызуға болады. Кеңес ауылындағы Тектұрмас, Атбайлар, Қаратау қаласындағы Тамды, Қызыләуіттегі Ақтөбе мекені, Қызыләуіт ауылының төңірегіндегі тас жазулар, «Тоғыз құмалақ» тас тақтасы мен қыштан өрілген тас көпірлер де тұнып тұрған тарих.

Жанерке ЖАНҰЗАҚ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.