Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бұл – суреткерлік тапқырлық, ұтымды шешім

0 258

Көсемәлі бауырым!
«Жамбыл-Таразға» басылған «Жалғызқараңның» бірінші бөлімін небары 3-4 сағаттың ішінде бір деммен оқып шықтым. Жазу әлеміне жаңа кіріп жүрген жасамыс болсам да, әдебиет теориясымен жасымнан таныс жанкүйер ретінде зейінімді салып, зерделеп оқыдым. Қазірге қазақ әдебиетіне үлкен дүние келгеніне, менен соң да кесек пікірлер мен кесімді ойлар айтылатынына сенімдімін.

Өзің «Тұлғатану» деп тұмарлаған, бұрыннан үрдіс алып келе жатқан естелік, мемуарлық сарында жазылған көптеген дүниелерден (Қадыр Мырза-Әлінің «Жазмыш», «Иірім», Бекежан Тілегеновтың «Тұйық өмірдің құпиясы») оқ бойы озық тұрғанын мақтанышпен айтамын. Қадыр ағаның өткен дәуір жазушылары туралы жазғандарын оқырмандар жылы қабылдап, «роман-эссе» деп атағанымен, қоғам қажеттілігін көтере алатындай көркем дүние дәрежесіне жетті деп айта алмаймын, мүмкін ақындығы… Себебі, естеліктің аты – естелік, ол танымал тұлғалардың өміріне қызығушылық танытатын оқырмандар үшін ғана құнды.
Ал «Тұйық өмірдің құпиясында»: «…Өткен ғасырдың 1960-шы жылдары КСРО басшысы Н.С.Хрущев тарапынан әдебиет-өнер саласындағы жат пиғылдармен күресу жайында тапсырма болды. Оны орындау үшін Кеңестік Қазақ Республикасының бірінші хатшысы, ұйғыр Исмайл Юсупов пен оның идеология жөніндегі орынбасары Нұрымбек Жандилдин екеуі мықтап кірісті. Осы орайда, үкімет үйінің залында республикалық творчество қызметкерлерінің жиналысы өтті. Осы жиында Юсупов пен Жандилдин бірінен соң бірі баяндама жасап, қазақы таным мен байырғы ұлттық құндылыққа шабуыл жасап, оны құбыжық ретінде қарау керек деген қорытынды жасады. Бұл дүниелер өнер мен әдебиет саласында көрініс тапса, оны жасаған адам қатаң жазалануға тиіс дегенге тоқталды» деген баян бар.
Осы үзіндіден байқалып отырғандай, бұл дүниеден мемуарлық сарын қылаң береді, куәгер өзі қатысып отырған оқиғаны баяндау арқылы сол дәуір тұлғаларының мемлекет чиновнигі ретіндегі орындаушылық рөлдерін ғана көрсетеді. Сюжет, тартыс жоқ, сенің Нұрымбек Жандилдинің оқырманға сенімді, ол мемлекет саясатын орындаушы ғана емес, күрескерлігі жоқ, ұлты үшін атойлай алмайтын бос кеуде, қоғамның құлы. «Ойбай, не дейсің, Нұрымбек оркестрден домбыраны алып тастаңдар да, оның орнына скрипкашыларды шығарыңдар» депті деген әңгіме сол кезде гуілдеп жатқан». Міне, көркем шығармадағы образ осылай ашылса керек-ті.
Ал «Жалғызқарадағы» жазушы Кемелдің ойы мен сезімі, күйініші мен сүйініші, адамдармен өзара қарым-қатынасы, дүниеге көзқарасы төңірегіндегі оқиға желісі мен басынан кешкендері естеліктен де, оқиғаны құрғақ баяндаудан да алшақ, ауыр психологиялық шиеленістерге толы тағдыр көріністері.
Бұл түгелдей дерлік қазақ зиялыларының (интеллигенциясының) тағдыры. Азат ой мен ақиқат пікірлерді ауыр цензура арқылы мемлекет саясатына, билікке тәуелді ету, шынтуайтына келгенде, Кемелдің ғана қайғысы емес, қоғамның қайғысы. «Жалғызқараның» құндылығы мен көркемдігі де осы қайғы қазығына байланғанымен қымбат. Ал оның тілі, композициясы мен көркемдік ерекшеліктері толыққанды кемелденген суреткер дәрежесіне көтерілгеніңді айқындап тұр. Бұл қасиеттер бұрынғы шығармаларыңнан да байқалатын. Дегенмен, эволюциялық-шығармашылық өсуді жоққа шығаруға болмас.
Романның композиция, сюжет желісі өте шебер құрылған. Мұнда бірімен-бірі байланыспай үзік-үзік алынған оқиғалар жоқ. Оқиғалар бірімен-бірі жалғасып, бірінен-бірі туындап, дамып отырады. Бір оқиғаның соңынан келесі бір кесек тартыс пен шиеленіс бой көрсетеді. Оқырман өзінен-өзі («автоматты түрде») соған дайындалады, күтеді, тезірек сол тартыстың куәсі болуға ынтығады, шығарманың тартымдылығы мен құндылығы осы емес пе?!
Кемелдің жас кезіндегі ағасы екеуінің диалогы арқылы берілген аянышты өмірі мен есейген шағындағы мемлекеттік-шығармашылық өмірдегі көрген құқайлары параллель түрінде берілгені тың шешім және жағымды әсер берді, оқиғаны әр кезеңмен, әр деңгейде салыстыр- малы түрде оқу екі кітап оқығандай әсерге бөледі. Бұл суреткерлік тапқырлық, ұтымды шешім!
Екі параллельдегі кейіпкерлер тартысы Шұбарбет Дөкір, Сақау Маңқалар мен Кемел шығармаларынан саяси астар іздеген КГБ қызметкерлері Садықов пен Әбдіманап Тілеулиевтер әрекеттерімен нанымды беріліп, бір-бірімен үйлесімін тапқан. Олардың мінез-құлықтары, ойлау деңгейінің төмендігі мемлекеттің, ұлттың мүддесіне бейқамдығын байқатады. Шұбарбет Дөкір мен Сақау Маңқалар жоспар орындау үшін анық-қанығына жетпей, ата-анасы бар балаларды да зорлап интернатқа тығып, қиянат көрсетіп жатса, Садықов пен Тілеулиевтер «үкімет қауіпсіздігі» деген желеумен шығармашылық ойға шектеу қойған, тұлғалық ойлау қабілетінен айырылған, өз бастамасы жоқ, қызмет қамытын мойнына ілген құлдар. Бұлар – қоғам, ұлт үшін өте қауіпті.
Кемелдің ашынатыны да, қайғысы да – осы. «Мен он тоғыз жасымда Сталинград түбіндегі атақты шайқасқа қатыстым. Айнала от пен оқ, жауынгердің тағдыры қыл үстінде тұр. Өмір мен өлім арпалысқан кез. Сонда майор, подполковниктер полкті, дивизияны басқаратын. Білетініміз солар, еститініміз солардың бұйрығы болатын. Ал генерал дегендерді соғыстың аяқ жағында көрдік. Олар алғы шептегі қан-қасаптың ортасында жүрген біз сияқты жауынгерлерге көрінбей-ақ, үлкен шабуылдарды ұйымдастыратын. Рух беретін, қолдайтын. Ал сендердің МҚК-дегі подполковниктерің мен генералдарың бейбіт замандағы қарапайым нәрсенің өзін шеше алмайды, шешуге ниет те қылмайды. Білетін сөздері – «болмайды», «бәлеге қалар жайым жоқ», «екі ортада мен күйіп кетпейін» деген сияқты жан сауғалаған қорқақтардың сөзі». Бұл – Кемелдің үкімі ғана емес, қоғамның үкімі.
«Үлкен ағамыздың» саяси-экономикалық отарлауы бұрын да, кейін де кеңінен айтылғанымен, идеологиялық отарлау туралы кесімді сөз, кесек пікірлер жоқтың қасы болатын. Осы жүк те романда Монреаль сапарынан оралған Сабыр Біләлұлы Ниязбеков пен Кемел Тоқаевтың диалогымен жеңіл және тапқыр шешілген.
«– Сол Канадаға барған делегация құрамында еліміздің қаламы ұшқыр журналистері мен әлемге белгілі ақын-жазушыларының болмағаны өкінішті екен, Саке. Канадалықтардың қазақ халқын қандай ілтипатпен қарсы алғанын майын тамызып жазып, жырлар еді ғой елге келген соң.
– Ол Димаш Ахметұлының да, менің де ойымда болды. Әйтпесе, Жұбан, Олжас бастаған, Ғабит, Ғабиден аталары қостаған қаламгерлер жетерлік қой. Бірақ, тізгін мен қамшы бізде емес екенін білесің ғой, Кемел. Арғы жағын айтпай-ақ қояйын…».
Романның бірінші бөлімінде қайшылықтар мен тартыстар оқырманды сол дәуірге кіргізіп жібергендей болады. Енді шыдамсыздықпен екінші бөлімін күтесің, бәз-баяғы социалистік реализм үрдісімен Кемелдің жеңіске жетіп, бақытты болып кетуіне күмән көп. Себебі осы тартыстарда зұлымдық пен қараулық басым, көзжұмбайлық пен бейқамдық белең алған. Бұл – өмір шындығы, шығарманың классикалық мәні мен маңызы да – сол. Толыққанды рахат ала алмай, өкінішпен соңғы бетін жаптым, романның жалғасын күтемін.
Әзірге зерделеген зейініме «зерно» болған ойлар осы. Кездескенше күн жақсы.

Құрметпен, Әбиірбек Қонысбаев

14 қыркүйек, 2023 жыл.
Тараз қаласы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.