Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сот ақша жымқырды деп айыпталған Қазақстанның бұрынғы энергетика вице-министрлерін ақтап шықты

0 389

Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген бюджет ақшасын жымқырды деп айыпталған бұрынғы энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевты сот ақтап шықты,– деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Сот айыпталушыларды іс бойынша кінәлі емес деп таныды. Іс бойынша процесс Нұр-Сұлтан қаласының «Байқоңыр» ауданының №2 сотында өтті. Істі судья Кемеңгер Имашев қарады.

«Сот Бақытжан Жақсалиевті, Ғани Сәдібековті қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағындағы қылмыстық құқықбұзушылық бойынша кінәсіз деп танып, әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмағаны үшін ақтады», – деді үкімді оқыған судья Кемеңгер Имашев.

Айта кетсек, Сәдібеков пен Жақсалиев Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы Қарасу көлін тазарту барысында аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденгені немесе ысырап еткені үшін айыпталған болатын. Екеуінің де ісіне «Аймақ» ЖШС мердігерлік ұйымының қатысы болған.

2021 жылы 6 қазанда қылмыстық іс бойынша жарыссөз басталды. Онда прокурор Жақсалиевті кінәлі деп тануды және мемлекеттік қызметте жұмыс атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Мемлекеттік айыптаушы Сәдібековтің мүлкін тәркілеп, өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айыра отырып, 10 жылға соттауды сұрады.

Бұрынғы екі вице-министрден бөлек, тағы алты адамның әрекеті қаралды. Тергеу мәліметінше, олар қылмыстық схемаға қатысқан.

Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібековке «Аймақ» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Д. Дуанбекпен сөз байласып, Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазартуға бөлінген аса ірі мөлшердегі бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған болатын.

Ал, Бақытжан Жақсалиев Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлді тазарту бойынша жұмыстарды қабылдау барысындағы заңға қайшы әрекеттерге барды деп айыпталған. Күдікті вице-министр 2015 жылы «Аймақ и К» ЖШС мердігер ұйымының мүддесі үшін лауазымдық өкiлеттiгін асыра пайдаланды делінген болатын.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының хабарлауынша, Жақсалиев орындалған жұмыстың көлемі 30 есе артық бағаланғанын біле отырып, жалпы сомасы 863 млн теңгені құрайтын су қоймасының түбінен 109 мың текше метр шөгінділерді алу туралы актілерге қол қойып, аталған соманы мердігерге аударған. Сот сараптамасының қорытындысы бойынша аяқталмаған жұмыстардың құны 746 млн теңгені құрады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.