Қалалық қоғамдық-саяси газет

Соғыстың соңғы солдаттары

0 1  920

Талай шаңырақты шайқап, сан отбасын ойрандаған сұрапыл соғыстың жарасы жүректен әлі кеткен жоқ. Санадан өшпеді. «Жеңіс» дейтін ұлы көктемді жақындатқан ержүрек жауынгерлер де жадымыздан бір сәтке де ұмытылмақ емес. Тек олардың қатары жыл сайын сиреп жатқаны арқамызды аяздай қариды. Бүгінде облысымыз бойынша небәрі 26-ақ ардагер қалып отыр. Солардың бірі Мұсахан Бердібаев биыл 100 жасқа толды. Қарт майдангер сұрапыл соғыс жылдары Сталинград және Курск түбіндегі шайқастарға қатысып, Отан үшін от кешкен.

Майдангер 1922 жылы 15 ақпанда Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылында дүниеге келген. 1941 жылы әскерге шақырылып, қазіргі Тараз қаласында құрылған 105-ші әскери полкіне алынып, соғысқа машықтанған соң Мәскеу, Иванов қалалары мен Дон бағытында, Сталинград, Курск, Калинин маңындағы қиян-кескі ұрыстарға жіберілген. 1945 жылы 10 қаңтарда ауыр жараланып, ІІ топтағы мүгедек болып елге оралған. Туған жерге келгеннен кейін Мұсахан Бердібаев қарап жатпады. Еңбек майданына араласып, 1945-1988 жылдары мұғалім, аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері, МТС директорының орынбасары, колхоз парткомының хатшысы, кәсіптік-техникалық училище директоры қызметтерін атқарды. Оның айшықты ерлігі мемлекет тарапынан да ескерусіз қалмай, екінші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.
Жеңіс күніне орай майдангермен аз-кем тілдесудің сәті түсті.
– Өмір мен өлім арпалысқан соғыста бірнеше мәрте ажал аузынан аман қалдым. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен ғана өледі» деген осы шығар. Ауыр жарақат алған соң, 5 ай ауруханада емделіп шықтым. Содан соң елге оралып, туған өлкенің дамуына тамшыдай болса да үлес қостық. Бүгінгі ұрпақ сол бір зұлмат жылдарды көрмесе екен деймін. Жаратқан сондай кезеңді ешкімнің басына бермесін. Менің ендігі тілегім – сол, – дейді Мұсахан Бердібаев.
Бүгінде ақсақалдың көру қабілеті нашарлап, алыстағыны аңғара алмайтындығы болмаса, өзі әлі де тың, қимыл-қозғалысы ширақ. Өлеңдер, баталар жазып, онысын арнайы кітап етіп шығарған екен.
Ұл-қыздары үшін әкелері – даналықтың қайнар көзі, тарихтың тірі куәгері. Немере-шөберелері де аталарын үлгі тұтып, денсаулығының зор болуын тілейді.
Әрине, қанды майданда кеудесін оққа тосып, Отан үшін от кешкен ардагерлеріміз қандай құрметке де лайық.
Биыл Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай ардагерлерге жыл сайынғы материалдық көмек көрсетілетін болады. Атап айтсақ, 26 ардагер мен мүгедектерге 1 000 000 теңгеден берілсе, соғыс жылдарында 6 айдан астам жұмыс істеген 2675 тыл еңбеккері 50 мың теңгеден алады. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері бар 12 отбасына – 60 мың теңге, майданда қайтыс болған әскери қызметкердің жесірлері (ауруға шалдығу, жұмыстан мертігу және тағы басқа), екінші рет некеге тұрмаған 244 адамға – 50 мың теңге, Концлагерь тұтқынында болған үш азаматқа – 60 мың теңге, Ленинград блокадасының қоршауында болған үш азаматқа – 60 мың теңге, ҰОС ардагерлері мен мүгедектері жеңілдіктер мен кепілдіктері теңестірілген 2295 азамат 100 000 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік көмекке қол жеткізбек.
Жалпы бұдан бөлек, Кеңес Одағы әскерінің Ауған жерінен шығарылған, Чернобыль АЭС-індегі апат, Семей ядорлық полигонының жабылған, Тәжікстан-Ауғанстан соғысының шекарасын қорғаушылар, Ирак соғысына қатысқан және Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер де мемлекет тарапынан қолдауға кенде болып көрген емес. Сонымен қатар соғыс ардагерлеріне мемлекет тарапынан ұдайы көмек көрсетіліп және денсаулығын тексертіп, әлеуметтік мәселелерін шешу шаралары да әрдайым жүзеге асырылады. Тыл еңбеккерлерінің жағдайы да басты назарға алынған.
Ел үшін туған ерлердің әрбірінің есімі тарих парағына алтын әріппен жазылып, төрінен мәңгілік орын алады.

Лаура Абайқызы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.