Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Батыр Бәукеңнің екі шабадан әскери картасы болған»

0 259

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының руханиятқа қосқан мұрасы жетерлік. Алайда әлі құпиясы ашылмаған дүниелері де аз емес. Олардың бәрін жинақтап, айналымға енгізу өскелең ұрпақ үшін аса маңызды. Бұл тұрғыда «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының атқарып отырған жұмысын ерекше атап өткен жөн. Аталған орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі, батыр мұрасының зерттелу барысы қалай? Осы жөнінде орталықтың аға ғылыми қызметкері Әлімбай Найзабаевпен Ұлы Жеңіс мерекесі күні қарсаңында сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Әлімбай Аманбайұлы, әңгімемізді әуелі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Бауыржантану» орталығы тарапынан атқарылған жұмыстардан бастасақ…
– Әлбетте, бұл мерекенің әрбір қазақстандық үшін тарихи маңызы зор. Былтыр егемендіктің торқалы тойына орай Мемлекет басшысының Жарлығымен арнайы жоба бекітілген болатын. Соған орай біз де арнайы іс-шаралар жоспарын түздік. Негізгілерін атап өтер болсам, Б.Момышұлының «Қойын дәптер құпиялары», «Ноқтаға басы сыймаған» атпен 31-томы, «Из блокнота Бауыржана Момышулы», «Бауыржан Момышулы в истории казахского народа» атты 32-томы Алматы қаласындағы «Өнер» баспасынан 3000 данамен жарық көрді. Бұл жинақтарды баспаға Мекемтас Мырзахметұлы екеуміз әзірледік. Бұл кітаптарға қарапайым оқырмандардан бөлек, Ғаббас Қабышұлы, Мамытбек Қалдыбай сынды жазушылар да қызығушылық танытып, біраз данасын алдырды. Кітап жарық көрген соң барлық облыстар мен аудандардың, қалалардың көпшілік кітапханаларына таратылды. Сондай-ақ Т.Мұқашев пен А.Мұқашеваның «Бауыржантану» атты оқу құралы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылыми кеңесінде бекітіліп, университет баспасынан шықты. Бұдан бөлек, Бауыржан Момышұлының жары Бибіжамал Мұханқызының батырға жазған хаттары туралы онға жуық ғылыми-танымдық мақаламызды облыстық басылымда жарияладық. Биыл Бибіжамал Мұханқызының дүниеге келгеніне 110 жыл толмақ. Демек, алдағы уақытта хаттарды жариялау әлі де жалғасады деген сөз.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы қабылданғанына да 5 жыл болды. Осы уақыт бедерінде бұл бағдарлама қазақстандықтардың салт-санасы мен дүниетанымының дұрыс қалыптасуына қаншалықты әсер ете алды?
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – баршамыздың салт-санамыз бен дүниетанымымыздың өзгеруіне ықпал ететін қозғаушы күш. Әр қоғамда көзқарасы дұрыс қалыптасқан зерделі де зерек адамдарды тәрбиелеуді ойластыратын биік тұлғалар болған. Олар үшін білім мен ғылымға ұмтылып, қоғамды алға жетелейтін адамдарды тәрбиелеу басты орында тұрған. Аталған мақалада: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – деген жолдар бар. Осының астарында үлкен мағына жатыр. Шынында да, рухы биік азаматтары бар елдің іргесі мәңгілік болары хақ.
Осы орайда Бауыржан Момышұлының майдан даласында от пен оқтың ортасында жүріп, тылдағы қазақтардың рухани жаңғыруын ойластырғанын айтқым келеді. Ол үшін үлкен бағдарлама жасап, ұлттық салт-дәстүрімізді, тілімізді, айтыс өнері мен ұлттық ойындарымызды, әдебиетіміз бен тарихымызды жаңғыртуды тез арада қолға алуды мәселе етіп хаттар жолдағанын да білеміз. Сол арқылы Үкімет басшыларынан бастап, ақын-жазушылар мен ғалымдарға мұны болашақ алдындағы зор міндет екенін ескертіп отырады. Жиырмасыншы ғасырдың басындағы Ресей мен Еуропаның жетістіктеріне қазақ та жету керектігін айтады. Әсіресе әскери салада. Ол үшін, бүгінгі тілмен айтқанда, бірлікті сақтап, ұлттық сананы қалыптастырып, кемелдену қажеттігін баса жеткізген.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да – жан-жақты ойластырылып, қарастырылған мәні терең бағдарлама. Оны өзімізге тиімді етіп дұрыс пайдалана білуіміз керек. Саяси реформалар мен экономикалық жаңғыруды осы рухани жаңғырудың аясында жүзеге асырғанда ғана жақсы жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Ол үшін ұлттық рухымыз, руханиятымыз жоғары, мәдениетіміз озық болуы тиіс.
– Сіз бір сұхбатыңызда: «Ізденіс барысында қолымызға түскен ең үлкен олжа – Бәукеңнің блокноты болды», – деп едіңіз. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музей қорында елге белгісіз, өшуге айналған ескі блокноттағы Бауыржан атамыздың жазбаларын елордадан Таразға алып келіп, оны қайта қалыпқа келтіріп, жариялағаныңыз белгілі. Бұдан басқа, атамыздың тағы қандай ашылмаған дүниелері жатыр?
– Ол жерде атамыздың топографиялық әскери картасының түпнұсқасы бар. Ол Бауыржанның соғыс кезінде пайдаланған картасы. Соны көп жыл көзінің қарашығындай сақтап, біздің Жамбыл облыстық музейіне өз қолымен өткізіпті. Оның электронды көшірмесін 2017 жылы желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық әскери-тарихи музейден Таразға алып келіп, Жамбыл облыстық мұражайының қорына қайта тапсырдым.
Жалпы батырдың 2 шабадан әскери картасы болған. Бұл жөнінде Мекемтас Мырзахметұлы үнемі айтып отырады. Себебі Мекемтас ағамыз Бәукеңнің үйінде жатып, аспирантурада білім алған. Сонда жүргенде карталарды көзі шалған. «Ол карталар өзінің үй мұрағатында не мемлекеттік архивтердің бір жерінде жатқан болар. Олардың өзі екі томға жетіп қалар деп шамалаймын», – дейді ғалым.
Көп томдыққа карталардың суретін салғанның өзінде бұл екі томға жүк болары сөзсіз. Ал егер сол карталарға қарап, ғылыми еңбек жазып, айналымға енгізетін әскери ғалымдар болса, бұл тек руханиятқа ғана емес, қорғанысымызға зор олжа болар еді. Топографиядан сауаты бар, әскери жағдайын бес саусақтай білетін жан табылса, карталарды кәдеге жаратып, сөйлетер едік.
«…Білген адамға карта – жердің айнасы. Жатқан нақыс. Жатқан көк жасыл, қоңыр бояулар. Көрмеген жерді карта арқылы танып, оның жол-жобасын, ой-шұңқырын, орман-даласын картадан ғана көріп отырамыз… Карта – білгенге сенімді жетекші», – дейді Бәукеңнің өзі. Біздің ендігі жұмысымыз – сол карталарды тауып, жариялау. Тор көзді параққа батырдың өз қолымен сызған картасын Орталық мемлекеттік архивіндегі қорлардың бірінен таптық. Карта үш түрлі нұсқада. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.