Қалалық қоғамдық-саяси газет

Соғыстан қайтқан әкелер

0 333

Талас өңірі – Саңырық, Көшек батырларымен, әйгілі Бөлтірік сынды шешендерімен, аяулы Ұлбике сияқты ақын қыздарымен төрткүл дүниеге танылған өлке. Аты аңызға айналған осы аймақтың көсегесін көгерткен соғыстан қайтқан әкелер болды…

Мінеки, Үшарал! Ұзыны мен көлденеңі ат шаптырым. Сонау көкжиекке барып бір-ақ тіреледі. Лақ пен Кемпір жоталары оңтүстігі мен батысын жел өтінен қорғап көлденең жатыр. Дәл бір киіз үйдің керегелері іспеттес. Ірге тұсында балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған шағын айна көлі бар. Жан-жағын қоршай өскен биік қамыстары жаяу түгілі атты адамды жасырады. Одан әріде Талас өзені бұратыла созылып кеп біртіндеп құмға сіңіп жатыр. Кезінде Талас совхозы өзінің қаракөл қойымен, көк және сары алтын түсті елтірісімен бүкіл одаққа атағы шыққан шаруашылық болатын.

Аты аңызға айналған осы ауылдың көсегесін көгерткен соғыстан қайтқан әкелер болды. 1953 жылдың 5 наурыз күні Сталин қайтыс болғанын совхоз орталығындағы бағанның басына іліккен радио күңірентіп жеткізді. Күні бойы аза бойыңды қаза тұрғызған азалы әуен денеңді түршіктіреді.

Үшаралдың өзі қырық ру ғой. Мұнда соғыс жылдары көшіп келген неміс, шешен, грек, қарашай, еврей, украин, белорустар бар. Орыстар да түпкілікті боп орныққан. Сонда байқағаным, хабарды естіген әлгілер әртүрлі көңіл-күйде болды. Ішіне кегі қатып қалған шешендер сұп-сұр боп қанын ішіне тартып тістеніп, жұдырығын тас қылып түйіп алған. Немістер іштен тынып жүрген сияқты, үндемейді. Еврейлер елеңдеп, енді не болады дегендей үрке қарайды. Қарашайлар бізге енді бәрібір дегендей жайбарақат. Орыстар біршама қиналып, күйзелген сияқты. Осылардың ішінде бәрінен де Сталинді жоқтап зар илеген сорлы қазақтар болды. Қаншама жаманшылық көрсе де, Сталиннің зардабын еселеп тартса да, бірден-бір жаны ашып шырқыраған байғұс қазақ. Балкүл деген күйеуі соғыста өлген бір келіншек: «Байсыздарға бай болған Сталин-ау!» – деп дауыс салып зарлағанда, қосыла жылап тұрған көрші-қолаң қазақтардың біреуі де мұны теріс демей бірге егілді. Тек аздан соң ғана Бағжан әжей өзінің әмірлі кесек үнімен айқай сап:

– Әй, Балкүл, қойсаңшы, қой енді. Одан да жоғалып кеткен ана өз байыңды жоқтасаңшы, сен бейбақ, – деп тыйды.

Зар айтқан жесір әйелдің ойы белгілі. Қанды соғыстың кезінде асыраушым, бас ием, ел қорғаны болған Сталин деп жоқтағаны ғой. Сол кезде елдің Сталинге деген сенімі мен сүйіспеншілігі зор еді.

Аты аңызға айналған осы ауылдың көсегесін көгерткен соғыстан қайтқан әкелер болатын. Олар: партия ұйымының сол 50-60-шы жылдардағы хатшысы Анабек Омаров, ферма меңгерушісі Ерман Үдербаев, сауда орнының басшысы Айтбай Садықбеков, мектеп директоры Ермек Дүрімбетов, зоотехник-селекционер Елизавета Гавриловна Акатова, шаруашылықтың атбегісі Патшабек Тілеубаевтар еді. Отан соғысынан жаралы болып қайтқан осы топтың ішіндегі серкесі, ту ұстаушысы Әбдір аға Сағынтаев табаны күректей 30 жыл бойы ел басқарды. Талас ауданы, Үшарал ауылында дүниеге келген ол білім алған соң еңбекке араласып, Талас совхозында шопанның көмекшісі болды. Одан соң 1941-1943 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, Мәскеуді қорғады. Содан әрі Еуропаның неміс басқыншыларының қол астында қалған бірнеше қалалар мен елді мекендерді азат етуге қатысып, ауыр жараланады да, елге қайтады. Соғыстан соңғы жылдары ол осы шаруашылықта ферма зоотехнигі, ферма меңгерушісі болып қызметтер атқарады. 1952 жылы көрші Түгіскен совхозы директорының орынбасары болып тағайындалады. Ал 1957 жылы Талас совхозының директоры болып көтеріледі. Біліктілігімен, адалдығымен және кішіпейілділігімен елге танылған Әбдір Сағынтаев қайда, қашан еңбек етсе де, өз ортасына аса сыйлы абырой иесі бола білді.

Қаракөл қойы тұқымын асылдандырып, жоғары сапалы өнім өндірудегі жетістіктері үшін совхоз 1962 жылы қайта құрылып, «Талас» асыл тұқымды қой зауыты болып аталды. Совхоз негізінен қара, көк және алтын түсті қозы елтірілерін өндіріп, Отанға, әсіресе Мәскеуге жөнелтіп отыратын. Әскери шендегі генерал мен маршалдар бас киім – папаханы, әскери шекпеннің жағаларын осы көк түсті елтірімен тыстап киеді екен де, мәскеулік сылқым келіншектер қысқы тонын алтын түстісінен таңдап тіктіреді екен. Ал Таластың қаракөл қойлары әр 100 басқа 170-180 қозыдан беріп, егіз-егізден, кейбірі үшемнен туып беретін болған.

Осыдан соң-ақ ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы, мемлекет және қоғам қайраткері болып таныла бастаған Әбдір аға Сағынтаев «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болады да, биік тұғырға өзі ғана көтерілмей, ауылдастарының да мерейі үстем болуына жағдай жасайды.

Шаруашылықтың 13 адамының Социалистік Еңбек Ері, 50-ге жуық азаматтары мемлекеттік наградаларға ие болуына Әбдір Сағынтаевтың ықпалы тиді. Үшарал ауылының көркейіп, мәдени-әлеуметтік тұрмысының жақсаруына қосқан үлесі орасан зор. Оның бастамасымен сол кезде аудан орталығы Ақкөлден Үшарал ауылына дейін және бүкіл шаруашылықтың ферма орталықтарына жол салынып, электр желілері, ауыз су құбырлары тартылды. Мал жайылымдары жаппай суландырылды. Жаңадан Мәдениет үйі , мектеп, емдеу орындары салынып, бүгінгі күнге дейін сол кісіні еске түсіріп, халыққа қызмет етуде.

Осылайша Әбдір Сағынтаевтың есімі облыс көлемінде ғана шектеліп қалмай, республикаға кеңінен жайылды. Кезінде ол басқарған шаруашылықтың табыстары туралы Одақ көлемінде айтылып, кеңінен жазылған. Оның шөл және шөлейтті аймақта қаракөл қойын өсіру және құм көшкініне тосқауыл қою тәжірибесіне Біріккен Ұлттар Ұйымы назар аударып, бүкіл әлемге үлгі ретінде таратылған болатын. Ғалымдар арнайы зерттеп, сырын ашқан еді.

Әбдір Сағынтаевтың майдан даласында көрсеткен ерліктері атаусыз қалған емес. Тиісінше Ұлы Отан соғысы ордендерімен және бірнеше медальдермен марапатталған. Ауыл шаруашылығындағы жемісті еңбегі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағын алды. Оның омырауында соған қоса үш «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендері мен медальдері жарқырап көз тартып тұрушы еді.

Әбдір Сағынтаев – қоғамдық-саяси өмірге де белсене араласқан қайраткер. 1962 жылы СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1966 жылы КПСС-тің XXIII съезінде КПСС Орталық тексеру комиссиясының мүшесі болып сайланған болатын.

Ол Жамбыл облысының құрметті азаматы, Тараз қаласында оның есімімен аталатын көше де бар. Қазір өзі ұзақ жылдар басқарып келген шаруашылық және Үшарал ауылындағы онжылдық орта мектеп сол кісінің атымен аталады.

Әбдір аға Сағынтаев тамырын тереңге жайған, жапырағы жайқалған бәйтерек іспетті. Оның өмірге келген ұрпақтары түп-түгел ержетіп, әйгілі әкенің жолын қуып, ел азаматтарына айналып отыр. Бүгінде өмірден өзі өтіп кетсе де, ұрпағымен жалғасып кеп бір ғасыр жасап отырған әз ағаның Таймас, Қаржаубай деген балалары құрметті демалысқа шыққан зейнеткерлер. Солардың ізімен келе жатқан Қыстаубайы көп жылдар басшы қызметтерде болып, бүгінгі таңда «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры болып істеп жүр. Кіші ұлы Бақытжан Сағынтаев кезінде Үкімет басшысы – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі болып істеп, енді бүгінде Алматы қаласының әкімі қызметін атқарып келеді. Әкелер жолын ардақтаған немере Ғалымжан да басшы қызметте.

Өмір жолы аңызға айналған Әбдір аға туралы ел есінде ұмытылмай айтылып жүрген әртүрлі әңгімелер баршылық. Көбінесе ол кісінің қарапайым кішіпейілдігі баса айтылады. Сонау бір 1966 жылы КПСС-тің XXIII съезінде Кремль төріндегі Құрметті Президиумда Қазақстаннан беделді үш қайраткер қатар отырыпты. Бірі Қазақстан басшысы Димаш Ахметұлы Қонаев болса, екіншісі Жамбыл облысының бірінші хатшысы Асанбай Асқаров, үшінші боп біздің Әбекең ағамыз отырады. Түскі үзіліс кезінде жұрт тамақтануға қамдана бастағанда, Әбдір аға өзіне біткен табиғи қарапайымдылығына сай елеусіз ғана шығып кетіп, тамақ ішіп қайтпақ екен. Мұны байқап қалған Димаш Ахметұлы:
– Өй, Әбдір, қайда кетіп барасың? – десе, ол кісі:
– Жай әшейін, шай-пай ішіп келгелі тұрып едім, – депті.
– Қой оныңды, анау бөлмеде бізге арналып стол жасалып жатыр. Содан дәм ішеміз, – деп Асанбай Асқаров екеуі ортаға алып ертіп кеткен екен.

Зоотехник-селекционер Елизавета Гавриловна Акатова деген кісі соғыстан жараланып қайтқан Ермек Дүрімбетов ағамыздың үйіндегі жеңгей болатын. Ол кезде жеңіл машина деген жоқ. Басшылардың өзі совхоздың базында арнайы бағылатын бір-бір мініскер атты пайдаланушы еді. Бір күні Лиза жеңгейдің фермаларды аралап мініп жүретін атының аяғы ақсап жарамай қалады да, директор атқорадан бір қара жорғаны бергізеді. Сөйтсе ол біздің әкей Айтбай Садықбекұлының мініп жүрген аты екен. Әкем ол кезде сауда орны «Рабкооп» төрағасы болып істейтін. Сонда Лиза жеңгей:

– Әбдір Сағынтаевич, тапа-тал түсте дап-дардай қайын ағамның астындағы атын маған аударып алып бергеніңіз не? Мен оны қалай ұялмай мініп жүремін? Оданда анау атқорада тұрған күрең төбелді берсеңізші, – депті таза қазақ тілінде сөйлеп.

«Сонда мен не дерімді білмей, сөзден тосылып қалдым» дегені бар Әбекеңнің. Артынша-ақ сол сәйгүлік аттарды баптап-күтіп жүрген қарулас туысқанын шақырып алып:

– Патшабек-ау, мына орыс келін мені ұялтып кетті ғой, сенің де байқамағаның ба? – дейді ренжіңкіреп.

Ардагер аға осы зауыт директоры қызметін 1985 жылы зейнетке шыққанға дейін абыроймен атқарды.

Кейінгі толқын ағалар Ауданбек Көбесов, Мақсұт Жалалов, Әкім Садықбеков, Ғазила Қамбарова, Төкен Әбдібековтер бұл ауылдың бағасын төмендетпей, Әбекең салып берген сара жолмен үдере тартып, дамытып алып кетті.

Кейде бір алапат соғысты еске алғанда, Әбекең өзінің қарулас туыс достары Ермек Дүрімбетов пен Патшабек Тілеубаевты қасына алып шер тарқататын. Бұл екеуі де Отанға сіңірген еңбегі мен ерлігі үшін атақ-даңқтан кенде емес. Кезінде биік мәртебе мен құрметке бөленген Ермек аға омырауына «Қызыл жұлдыз» орденін тағып, көптеген медальдермен марапатталады. Жамбыл облысы мен Талас ауданының құрметті азаматы атанады. Мұғалімдердің одақтық, республикалық съездеріне делегат болып қатысады. «КСРО және Қазақстанның білім беру ісінің үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» деген атақтарға ие болды.

Ермек ағаның әкесі Жүнісбек Дүрімбетов – мемлекеттік қайраткер, Қазақстанда басшы қызметтерде болған кісі. Тараз қаласында осы әкелі-балалы азаматтардың атына арналып көше берілген.

Ал Патшабек Тілеубаев болса, соғыста омырауына екі «Даңқ» орденін «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Кенибергті азат еткені үшін», «Польшаны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдерін тағып, Жоғарғы бас қолбасшының атынан 16 рет Алғыс хат алған майдангер болды. Таразда оның атына көше берілді.

Мінеки, Үшарал! Қиыр шеттегі құм ішінде жұлдызы жанған ауыл! Соғыста жеңіп шыққан әкелер ауылы! Бүгінде көсегесі көгерген ауыл!

Лақтың биік қырқасына мінбелей көтеріліп кеп екі жеңіл көлік тоқтады. Аппақ түсті. Күн көзіне шағылысып тұр. Көктемнің күні ұзарып, төңірек түгел жарқырап ашылған кез. Көктің жетіліп, құстардың ұя салған кезі. Машинадан түскен жолаушының бірі еңкейе беріп жас жусанның бір топ түбін алақанымен аялай үзіп ап құшырлана иіскеді. Бұрқырап тұр.
Кіндігімнің жас қаны,
Тамған жерім ауылым,
Шабытымның асқары,
Самғаушы еді ауылым! – деп қалды жаймен әуендетіп. Мұны айтқан Әбдір ағаның кіші ұлы, Алматы қаласының қазіргі әкімі Бақытжан Сағынтаев еді.

Осыған іле-шала-ақ қатарласа берген екінші азамат:

Туған жер көрінесің көзге ыстық,

Себебі сенде туып, сенен ұштық, – деп жалғастырып жіберді. Мұны айтқан Ермек ағаның ұлы Еркін Дүрімбетов. Кезінде денсаулық сақтау министрінің орынбасары, облыстық денсаулық сақтау бөлімдерінің көп жылғы басшысы болған.

Етекте буы бұрқырап, көк түтіні аспанға тарап, кең тыныс алып ауыл жатыр. Арғы беттен қасиетті мешіт пен Саңырық батырдың кесенесі көрінеді. Төбесін айнала ұшып ләйлек құс жүр. Жер-дүние бір рахатқа бөленген бейбіт тыныштықта!

Рахым САДЫҚБЕКОВ,
Тараз мемлекеттік өңірлік университетінің профессоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.