Қалалық қоғамдық-саяси газет

Біз де солдат болғанбыз…

0 311

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні. Осыған орай айбары асқақтап, жастық жігері жалындап, өз кезегінде әскери міндетін өтеп, бүгінде ел ағасы жасына жеткен азаматтармен тілдесіп, оттан ыстық Отан алдындағы борышын абыроймен атқарған кезеңдері жайлы сырласқан едік.

Өз Отанымның адал перзентімін

Мен 1989 жылдың күзінде Кеңес әскері қатарына шақырылып, 1991 жылға дейін Отан алдындағы борышымды өтедім. Алғаш рет мені 1988 жылы әскер қатарына шақырды, бірақ менің өтінішім арқылы қабылдаған жоқ. Себебі мен отбасында жалғыз ұл болғандықтан, ата-анам денсаулығына байланысты қамқорлыққа зәру еді. Сондықтан келесі жылы қызмет етуді өтіндім. Ол уақытта әскери борышыңды өтеу деген абырой болатын. Ер азаматтың барлығы дерлік борышын өтеп, әскери билет алуды мақтаныш санайтын. Ол кезеңде «денсаулығында ақауы бар азаматтар ғана армияға бармайды» деген түсінік қалыптасқан. Мен әскери қызметімді Германияда өткердім. Әскери борышымды өтеген батальон «материалдық қамтамасыз етудің жеке батальоны» деп аталды. Біз азық-түліктен бастап, ауыр әскери техника мен оқ-дәріге дейін тасымалдадық. Бұл бөлікке тек кәсіби жүргізушілер тартылды. Осы талаптарға сай мен «тракторшы», «жалпы механик», «үшінші санатты механик» деген мамандықтарды меңгерген едім. Осы маған көп көмек болды.

Біз Қазақстан Республикасынан үшеу едік. Бірі Гурьевтен, екіншісі Павлодардан болса, үшіншісі мен Жамбыл облысынан.

Әскерде қызмет ету маған қиындық тудырмады. Себебі бір кездері мен Алматы қаласындағы әскери бейімділігі бар мектеп-интернатта оқып, тәжірибе жинаған едім. Әскери борыш, әрине, кейбір мінез-құлықтың өзгеруіне ықпал етеді. Мен, расында, әскери борышымды өтеп жүріп, өзіме пайдалы бірнеше дағдыларды игердім. Әскерде үш-төрт айдан кейін мен отряд бастығы, кейін взвод командирі, содан кейін рота сержанты болдым. Бұл дәрежелер менің қалыптасуыма, мінезімнің сабырлы һәм жауапкершілігімнің молаюына өз септігін тигізді.

1990 жылдары Батыс және Шығыс Германия қайта біріктірілді. 1991 жылдың наурыз-сәуір айларында біз елге қайттық. Қызметімнің аяқталуына жарты жыл қалғанда, мен Ресейде, Ленинград облысы, Выборский ауданы, Каменка ауылында әскери борышымды өтеп жүрдім. Осы күнге дейін мен әскердегі достарыммен тығыз байланыстамын. Шет мемлекетте жүргендіктен, біз елді алабөтен сағынатынбыз. Маған Германияда қызмет етуге мүмкіндік болды. Бірақ мен өзімнің туған жеріме, еліме деген сүйспеншілігімнің, құштарлығымның арқасында мұндай ұсыныстан бас тарттым. Өз Отанымның адал перзентімін!

Бақытхан ӘЛІМХАНОВ, қалалық мәслихаттың депутаты, «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС бас директорының орынбасары

Борышыңды өз еліңде өтеу де – бір бақыт

Біздің кезімізде әскерге бару – Отан алдындағы басты борыш, абыройлы міндет еді. Сондықтан да 18 жасқа толғанда, әскерге кетуге асығатынбыз. Әрине, жақсы әскери бөлімшеде кім борышын өтегісі келмейді дейсің. Біз де біріміз әуеде, біріміз кемеде, біріміз шекарада, енді біріміз танкист болуды армандаушы едік. Арманның барлығы армияға шақырылып, облыстық әскери комиссариаттың табалдырығын аттағанда әдірем қалатын. Менің де аспан түстес ақ жолақты көк «тельняшка» киіп, «жауларына» қырғидай тиетін десант болсам (адам деген шамасына қарамайды екен-ау, ә) деген арманым көкке ұшып, «служить» етпек тұрмақ, атының өзінен шошитын стройбатқа топ ете түстім. Оның өзі, шынында да, құрылыс батальоны болса да мейлі ғой. Біз адам баласын байлап қойса тұрмайтын Ресейдің қиыр шетіндегі қалың орман, итжеккенінен бір-ақ шықтық. Дәлірек айтқанда, қыс бойы таң атпайтын, жазда күн батпайтын Мурманскіге қарасты Алакуртти деген жерде екі жыл бойы тал кестік. Алғаш барғанда сонау 1930-шы жылдары солақай саясаттың кесірінен репрессияға ұшырап, жер аударылған Алаш көсемдері көз алдыма елестейтін. «Олар да біз сияқты орман кесті-ау, ә» деп тұнжырайтынмын. Біздің олардан айырмашылығымыз – «Кеңес Армиясының солдаты» деген салиқалы атымыз бар.

Жамбыл облысы, оның ішінде Жамбыл ауданынан шыққан 11 жігіт әскери бөлімге түскенде, алғашында аңтарылып қалғанымыз рас. Бірте-бірте әскери тәртіпке үйрене бастадық. Әскери тәртіп дегенім болмаса, ол атымен жоқ. Әлімжеттілік. Әскерде екінші жыл әскери борышын өтеп жүргендер, яғни әскери жаргон тілмен айтқанда «дедтер» деген «пәле» болады деп естуші едік. Бекер обалы керегі не, мұндағы «дедтеріміз» тыныш. Бірақ қызыл көзді пәлелер басқа болып шықты. Нақтырақ айтқанда, бұл жерде сөзге шорқақ, мұрны қоңқақ кавказдықтардың айдарынан жел есіп тұр екен. «Моңғолид» деп бізді менсінбеген олармен бір емес, бірнеше рет қақтығыстық. Ақыры оның соңы үлкен жанжал, үлкен ұрысқа ұласты. Мұндай қырғын қырылыстың талайын көрген командирлеріміз түк көрмегендей кейіп танытты (Кейін білдік, біз әскери борышымызды өтеп жүрген полк басшысы генерал атағын алуға ұмтылып жүр екен. Ал ол атақты алу үшін өзі басқаратын полкте бірде-бір төтенше жағдай болмауы тиіс. Сондықтан да олар ормандағы төбелесті жоғарғы жақ білмес үшін барынша жапқан). Абырой болғанда «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» қалып, біз де кеудесіне нан піскен Қап тауының тумаларын тәубесіне келтірдік. Кейін пәтуаласып, татуластық. Иә, Кеңес Армиясы кезеңінде мұндай келеңсіз көріністер орын алып тұратын. Дегенмен «дедтердің» орнатқан «тәртібі» немесе бір ұлттың екінші ұлт өкілдеріне көрсеткен әлімжеттігі көбінесе сол әскери бөлімшеде «тұншықтырылып», жабулы қазан жабулы қалпында қалатын. «Ауруын жасырған өледі» демекші, жылдан-жылға асқынып бара жатқан ахуал ақыры бір қарағанда мызғымас одақ, алып державаның ыдырап, тарауына әкеп соқты.

Әлі есімде, 1986 жылдың желтоқсан айында орманда тал кесіп жүрген бізді Алакуртти поселкесінде орналасқан әскери бөлімшемізге әкелмей қойды. Әншейінде әр сенбі сайын полкке барып, ертесіне моншаға түсіп, түстен кейін бір кино көріп алып, қалың тоғайға кешқұрым қайта қайтатынбыз. Бұл жолы олай болмады. Орманда 100-ге жуық әскери болса, оның тең жартысы қазақтар еді. Рота командирі жыл аяқталып қалғандығын, ал орманшы сарбаздар тал кесуден жоспарды әлі орындай алмай жатқанын тілге тиек етті. Сөйтіп, біз демалыссыз қырық градус қақаған суықта белшеден келетін қалың қарды омбылап, тағы бір апта жұмыс істеуімізге тура келді. Әупірімдеп ол да өтті. Ал сенбі күні кешке қарай жұмыстан вахтаға келген біздерге бұл жолы да «Алакурттиге бармайсыңдар» деген суық хабар жетті. Әскерилер арасында толқу басталды. Прапорщиктер мен лейтенант тұрмақ, ротадан келген капитанның өзіне бағынбай бара жатқан сарбаздарды тоқтату оңай шаруа емес еді. Қас қарая полк командирінің өзі келіп, «жексенбі күні вахтада демаласыңдар» деген ол Жаңа жылға бес-ақ күн қалғандығын, сол кезде үш күнге бір-ақ баратынымызды айтып, әрең көндірді. Бұл кезде үш-төрт күнде келіп тұратын пошта, хат-хабар, газет-журналдар да сап тыйылды. Оның мәнісін сұрасақ, командиріміз «полктен қатынаушылар қара басып ұмытып кетіпті» деп құтылатын. Сөйтіп, біз 1986 жылғы 16 желтоқсанда болған көтерілісті үш аптадан соң әскери бөлімшемізге барғанда бір-ақ білдік. Бізді орманда үш апта бойы тырп еткізбей ұстап, әкелмеулерінің себебі де сол екен. Қазақтардан қатты қаймыққан полк командирі толқу болып кетпесін деп сақтық шараларын күшейткен көрінеді. Алматыдағы көтерілісті естіген біз оқиғаның анық-қанығын білуге тырыстық. Ресейлік ақпараттар оны «маскүнемдер мен нашақорлар жасаған бүлік» деп баға беріп жатқан тұс. Бірақ қазақ сарбаздары бұл тегін оқиға емес екенін, алаңға шыққан барлық жас маскүнем, нашақор болуы мүмкін емес екенін іштей сезіндік. Ол ойдың шетін әскери әріптестеріміз бен офицерлерге де жеткізіп, айтып жүрдік. Олар да біздің алабұртқан жан дүниемізді дұрыс түсінді ме, жоқ әлде әлімжеттік көрсетушілерге батыл тойтарыс берген қазақтардан қаймықты ма, әйтеуір артық сөзге келген жоқ. Ал тағы бір жылдан соң 11 жамбылдық сарбаз Алакурттиді артқа тастап, көне Таразға бет алдық.

Біз Ресейдің қиыр шетінде әскери борышымызды өтеп жүргенде дүниені дүр сілкіндіріп, Алматы қаласында бұрқ ете қалған жастар көтерілісі – Желтоқсан оқиғасы ақыры Кеңес Одағының күйреуіне әкеліп соқты. Бар елдің тәуелсіздік алуына сара жол салған бұл көтерілістің құндылығы да – міне, осында. Енді бізден кейінгі қазіргі ұландар Отан қорғау борышын өз елі, өз жерінде өтеп, егемен елінің тыныштығын күзетеді. Біле білген сарбазға бұл – бір бақыт. Үлкен бақыт!

Бақытжан СОВЕТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сатирик-ақын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.