Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әскерден есін білмей оралған сарбаз анасын таныды

0 1  949

Әскерге сап-сау кетіп, есінен айырылған күйде оралған қызылордалық сарбаз анасын таныды, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі «Адырна» ұлттық порталына сілтеме жасап.

19 жастағы Ренат Жеткергенов әскерден оралғаннан кейін туыстарын тани алмаған болатын.

Ренаттың анасы Айғаным Ізбасарова ұлы емделіп жатқан Қызылорда облыстық психикалық денсаулық орталығына күн құрғатпай барады. Ананың қайғы-қасіретін көріп, дәрігерлер ұлын көруге рұқсат беріпті.

«Дәрігерлер Ренаттан: сіз бұл әйелдің кім екенін білесіз бе? – деп сұрады. Ол: «Иә, бұл – Айғаным, анам, ол – мұғалім», – деп жауап берді. Бірақ ұлыммен сөйлесуге уақытым болмады, ол басы қатты ауырып кеткенін айтқан соң, дәрігерлер оны алып кетті», – дейді Айғаным Ізбасарова.

Ол ұлын алдымен Нұр-Сұлтан немесе Алматыдағы білікті мамандарға қаратуды жоспарлап отыр. Одан соң кінәлілер жазасын алса дейді. Қазіргі тергеу жұмыстарына ананың көңілі толмайды.

Еске сала кетейік, Ренат Жеткергенов Ақтаудағы 25/744 теңіз флотында әскери борышын өтеген болатын. Мерзімінің аяқталуына 8 күн қалғанда, «сәл ауырыңқырап» қалды деген сылтаумен оны үйіне қайтырыпты. Ренатты күтіп алған ата-анасы ұлдарын көріп жағаларын ұстаған: үстіндегі киімі – шұрық-тесік, аяғында жаздық тәпішке болған. Отан алдындағы борышын өтеп емес, құдды құлдықта жүргендей оралды, дейді ағасы. Күдіктенген туыстары жігітті аурухаға апарып тексерткен. Дәрігерлер басынан соққы алғанын айтқан.

Ал Қорғаныс министрлігінің өкілі мұның барлығын жоққа шығарған еді. Олар Ренат әскер қатарына қабылданғанда денсаулығы жақсы болғанын, әскерде де оған ешкім тиіспегенін айтты.

Дегенмен, казармада не жағдай болғаны белгісіз. Ренаттың да жағдайды түсіндіруге шамасы жоқ. Ал сарбаздың ет жақындары айыптыларды тауып, әділ жаза беруді талап етпекші.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.