Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өскеменде ерікті салмағы 25 келі болатын әйелді көшеден тапты, дәрігерлер оны емдеуден бас тартты

0 1  394

Өскеменде үйсіз-күйсіз жүрген 40 жастағы әйелді аурухана қабылдамай жатыр. Салмағы небәрі 25 келі болатын әйелдің қазіргі жағдайы ауыр. Еріктілердің айтуынша, дәрігерлер өздеріне жауапкершілік алғысы келмейді. Бұл туралы «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әйел 10 жылдан аса ғұмырын жылу трассасында өткізген. Далада ауыр халде жатқан жерінен оны ерікті Мансұр Сақпанов тапқан. Видеоблогер мұқтаж жандарға көмектеседі. Людмилаға көмектесу үшін ол кішігірім үй жалдап, құжаттарын қалыпқа келтіріп, тіпті өзінің әжесінің үйіне тіркеуге тұрғызып берген. Алайда денсаулығына келгенде, Мансұр қауқарсыз.

Людмила күннен күнге әлсіреп барады. Блогер бірнеше рет дәрігерлерден көмек сұрағанын айтады. Әйелді қалалық емханалардың біріне тіркеуге тырысқанымен, ондағылар қабылдамапты. Қаңғыбасқа жедел жәрдем дәрігерлері де жиіркенішпен қарайтын көрінеді.

«Дәрігерлер келіп, қарады. Ол кезде Людмила есін жоғалтып ала жаздап, жатқан. Одан литрлеп ірің ағып жатты. Жедел жәрдем оған қарады да: «Тірі ғой, неге уақыт құртып жатсыз?» деді», – дейді Мансұр Сақпанов.

Бүгінде Людмилаға Мансұрмен бірге оның әжесі қарайласуда. Зейнеткер бар шаруасын шетке ысырып, Людмиланың күтушісіне айналған. Күн сайын ол Людмилаға тамақ-суын әкеліп, ақылы емханаларға тасуда.

«Ақшаны емес, адамды аяймын. Өздеріңіз көрдіңіздер, құр сүлдесі қалған. Бұрын әжем «сүйегі мен терісі болса, ет өседі» дейтін», – дейді Мансұрдың әжесі Элизавета Незенцева.

Әйелді хоспис те алмайды. Ондағылар «емделмейінше әкелмеңдер» депті. Ал жағдайы мүшкіл Людмила бауыр церрозына шалдыққан. Жанын тек ауыруды басатын дәрінің көмегімен сақтап отыр.

«Жақында аяғым істемей қалатын сияқты. Жүре алмаймын. Ішім іріңдеп барады. Не істейтінімді білмеймін. Ауруханалар қабылдамайды. Мансұрға рахмет, көмектесіп жатыр», – дейді Людмила Шашарукова.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар дәрігерлердің бұлай жасауы мүмкін емес деп отыр.

«Қазақстанның кез-келген азаматы немесе елімізде уақытша тұрып жатқан азаматтар медициналық көмек ала алады. Оның ішінде операциялар да бар. Егер құжаты бар бола тұра, медициналық мекеме ол адамды қабылдаудан бас тартса, құзырлы органдарға шағым түсіре алады. Ал денсаулық сақтау басқармасы қажетті шараларды жасайды», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының көмекшісі Райымбек Өмірбаев.

Басқармадағылар Людмиланы емханаға тіркейміз деп уәде берді. Ал Мансұр Сақпанов ақ халаттылар жетеміз дегенше, Людмила бақилыққа аттанып кете ме деп қорқады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.