Қалалық қоғамдық-саяси газет

Синтетикалық есірткі: жарнамасы жасырын, зардабы алапат

0 561

Есірткімен күрес – қоғамдағы маңызды міндеттердің бірі. Елімізде есірткі саудасымен айналысатындардың, наша тұтынатындардың жолына тосқауыл болу үшін барлық тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Ендігі ретте құзырлы органдар синтетикалық есірткіні жарнамалаушыларға қарсы күресті қолға ала бастады. Соңғы уақытта көптеген қалаларда, соның ішінде Таразда да қауіпті синтетикалық есірткіні жарнамалау белең алған.

Бекнұр САТЫБАЛДИЕВ

Қазір жастарды еліктіретін есірткі заттары әлеуметтік желілер арқылы кеңірек жарнамалануда. Өкініштісі, жаңа сипаттағы есірткілердің саудасына тосқауыл қоюға құқық қорғау органдары қауқарсыз. Ал қауіпті есірткі түрлерін саудалаушылар жаңа технологияның мүмкіндіктерін молынан пайдаланады.

Жамбыл облыстық полиция департаментінің есірткі бизнесімен күрес басқармасының басшысы Асхат Алметовтің сөзіне сүйенсек, тұрғын үйлердің қабырғаларына трафарет түрінде салынатын сызба арқылы белгілі бір сайттың мекенжайын көрсететіндердің жолын кесу де оңай шаруа емес. Өйткені олар мұндай жарнамаларды түнгі уақытта жазып кетеді. Сондықтан есірткімен күрес қызметінің мамандары мұндай жазбаларды үйлердің қабырғасынан өшіріп тастау үшін қоғам болып күресу қажет екендігін айтады. «Бүгінге дейін есірткіні жасырын жарнамалаған осындай 18 сайтты жаптық. Тіпті тұрғын үйлердің қабырғаларына сайт атауын жазып жүрген 5 азаматты да қолға түсірдік. Алайда олардың барлығын тек әкімшілік жауапкершілікке ғана тарта алдық. Себебі олар жасырын жарнамалап жүрген есірткінің синтетикалық түрі біздің елімізде тыйым салынған заттар қатарына жатпайды. Сондықтан оларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, қамай алмаймыз. Сонымен қатар синтетикалық есірткі жасаушылардың да қулығына құрық бойламай тұр. Біз бір синтетикалық есірткінің құрамына тыйым салсақ, оны жасаушылар әлгі есірткінің құрамын өзгертіп, жаңасын шығарады. Яғни синтетиканы есірткі заттар қатарына жатқызбай, мұнымен күресу қиын болып тұр. Ал тұрғындардан көпқабатты үй қабырғаларында осы сынды жарнама байқасаңыздар, жедел суретке түсіріп, оның жазылған мекенжайын полицияға хабарлауды сұраймыз», – дейді.

Бұл синтетикалық заттар жаңаша химиялық сипатымен ерекшеленеді. Олар адам ағзасында тәуелділікті тез қалыптастырады. Оны бір рет тұтынған адамның орталық жүйке жүйесі зақымданады да, қайта қалпына келтіруге ұзақ уақыт қажет болады. Мидың жұмысын әлсіретіп, адамды психикалық ауруға айналдыратынын айтады мамандар. Статистикалық деректерге қарағанда, синтетикалық есірткіге тәуелді болатындардың басым көпшілігі – 14-21 жас аралығындағы жасөспірімдер. Сонымен қоса, олардың қатары күн санап артып келе жатқандығы бірнеше жылдан бері айтылып келеді.

Мамандар болса, синтетикалық есірткілердің әсері есірткілер тізіміне енгізілген марихуанадан әлдеқайда күшті екенін ескертуде. Жалпы 2010 жылы еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі әртүрлі миксыларды ел аумағына әкелуге тыйым салған болатын. Бірақ бір ғажабы, әкелуге тосқауыл қойылғанмен, миксыларды пайдалануға тыйым салынбады. Есірткілер тізіміне енгізілмеді. Синтетикалық есірткіні елімізге тасымалдауға заңмен тыйым салынғанымен, ел ішінде саудалауға қарсы ешқандай заң жоқ. Сондықтан осындай жолмен қалтасын қампайтуға ниеттілер тыйымның жоқтығын пайдаланып, табыс тауып жүр. Ал синтетикалық есірткілерді таратушыларға қарсы тұруға ішкі істер қызметкерлерінің қауқары жоқ.

Синтетикалық есірткілерді саудалауға қарсы заңдық тетік жоқ болғандықтан, спайс, әртүрлі миксылар мен тұздар елімізде емін-еркін саудалануда. Сол себепті Қазақстанға мұндай заттарды әкелуге ғана емес, оны пайдалануға да тыйым салу керек. Сонан соң, заң жүзінде оларды таратушыларға қылмыстық жаза қолдану қажет. Олай болмаған жағдайда есірткі пайдаланушылар мен есірткіге қатысты қылмыс саны азаймасы анық. Ғаламтор желісі арқылы синтетикалық есірткілер түрін саудалап, қалталарын қампайтып отырған топтардың бар екендігін ешкім жоққа шығармайды. Сорақысы сол, ақшасы бар кез келген жасөспірім интернеттегі сайтқа кіріп, «Киви кошелек» арқылы төлем жасаса, улы затты уысына оңай түсіре алады.

Сондықтан қазақстандық наркология мамандарын синтетикалық есірткілердің жайы қатты толғандыруда. Синтетикалық есірткілердің ішіндегі ең қауіптісі каннабиноидтар – яғни спайс, басқаша айтқанда, «тұздар». Бұл есірткі түрі адамды өзіне тәуелді етеді. Спайс – синтетикалық есірткі, негізінен Қазақстанға Қытайдан жеткізіледі. Бұл өнімді сатушылар оларды дәмдеуіші бар қоспа, «легалка» деп атайды. Аталмыш есірткінің қауіптілігі адам ағзасын тез бұзып, оған бейімдейді. Спайс деп аталатын темекі қоспасының құрамына бірнеше шөптер, оның ішінде психобелсенді әсер беретін шөптер енеді. Әсіресе, шалфей, көк лотос, гавайлық раушан гүлі. Кейіннен зерттеулер жүргізгенде, ұнтақта қарасорада бар синтетикалық заттектер каннабиноидтердің бірқатары табылды. Өндіруші шөп қоспасына дамыған елдердің көбінде тыйым салынған синтетикалық психобелсенді заттектерді қосқан. Мұндай есірткі түрлері Ресейде де, Еуропа елдерінде де кең тараған. Әлемде синтетикалық есірткінің 240-тан астам түрі бар. Бірқатар елдерде синтетикалық еліткіш заттар есірткілер тізіміне енген көрінеді. Алысқа бармай-ақ, Ресейде «спайс», «дизайнерлік қоспа» деген синтетикалық наркотиктерге қатаң тыйым салынған.

Қазіргі кезде жастар арасында шылымға араластырып шегуге арналған қоспалар түріндегі есірткілік заттардың тарау процесіне көз ілесер емес. Олар туралы ақпарат елімізде алғаш рет 2009 жылы пайда болыпты. Бірнеше рет мақсатты жедел іс-шара өткізіліп, олардың құрамында есірткі немесе психотроптық заттар бары анықталған. Демек, синтетикалық есірткіні емін-еркін саудалап жүргендерді заңмен жауапқа тартып, жаза қолданбаса, жағдайдың нашарлай түсер түрі бар. Әлбетте, ол үшін заң керек. Мәселені шешу жолдарын қарастыру қажет. Әйтпесе қазақ жастарының болашағы бүлінуі бек мүмкін.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.