Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шымкентте мектеп мұғалімін күйеуі неке түні ұрып өлтірген

0 163

Шымкентте Назарбаев мектебінде ұстаз болып еңбек етіп жүрген 32 жастағы қыз неке түні күйеуінің қолынан қаза тапты. «Қызымды күйеу балам өлтірді» деген марқұмның анасы ол жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Полицейлерге сенімін жоғалтқан тұрғын ел Президентінен көмек сұрады, деп хабарлайды Экспресс К. 

Айдың-күннің аманында қызынан айырылған ананың жанайқайын жеткізген видеоны заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек Facebook парақшасында жариялады.

Оқиға 26 маусым күні болған. Жалғызбасты ананың айтуынша, қызы өз қалауымен тұрмысқа шыққан. Мұсылманша некесі қиылған түні күйеуі ұрып-соғып, ауруханаға түскен. Ал қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды ертеңіне таңғы уақытта полицейлерден естіген.

Мәйітханаға барғанда ондағылар марқұмның денесін ертерек алып кету керек екенін айтқан.

«Қазір күн ыстық, денесі сасып кетеді. Ертерек алып кетіп, жерлеңіздер» деген соң ешкімнен ешнәрсе сұрамастан алып кеттік. Өзіміз жылап-еңіреп жүріп, не болғанын нақтылап сұрай алмадық. Олар біздің заң білмейтінімізді пайдаланыпты. Қызымның жеті күндік асын өткізген соң үйінен жеке заттарын алып кеттік. Оның өзінде тартпада тұрған заттарын алып бере салды. Киімдері, алтындары түгел емес. Оны сұрауға да шама болмады. Сол кезде тергеуші қажет кезде өзіміз шақырамыз деп айтты. Содан бері ешкімнен хабар жоқ. Ешбірі менен түсініктеме алмады, тергеудің қалай жүріп жатқанынан бейхабармын. Не үшін өлтіргенін де білмеймін», — деді етегі жасқа толған ана.

Тергеушілерден еш хабар ала алмаған соң Шымкент тұрғыны қалалық Полиция департаменті бастығының қабылдауында болған. Бір емес, екі рет барып, көмек сұрадым деп отыр. Бірақ қаланың бас полицейі «Уайымдамаңыз, шешіледі» деп құрғақ уәдемен сендіріп келіпті.

Ең сорақысы, тергеушілер адам өлтірген күдіктіні ұстаудың орнына, тұрғынның үйіне күйеу баласының туыстарын жіберген екен.

«Жедел-іздестіру қызметі мен тергеушілер үйге ол жігіттің әке-шешесін, ағаларын жіберіп жатыр. «Кешірім алып кел» деп отыр ма, ол жағын білмедім. Бұл ( күйеу баласы: автор) 2019 жылы тура осылай бір қызды ұрып-соғып, бірақ жазадан құтылып кетіпті. «Ол кезде ұстағанбыз оны, кейін өздері келісті ме, кешіріммен қап кетті» деп полицейлердің өзі айтты. Сол сияқты мені де кешіреді деп отырған шығар. Мен ешкімге кешірім бермеймін», — деді ол.

Полицейлер мұғалімнің өлімі бойынша «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру (абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соғу)» бабымен қылмыстық іс тіркеген.

«Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша тіркелді. Күдікті ретінде 1984 жылы туған азамат танылды. Оған қатысты сырттай «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалып, іздеу жарияланған. 11.08.2022 жылы күдіктіге қатысты Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу сотының санкциясымен халықаралық іздеу жарияланды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», — деп атап өтті Шымкент қалалық Полиция департаментіндегілер.

Екі ай бұрын болған кісі өліміне қатысты күдікті әлі ұсталмай жүргеніне күмәнданған ана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Бас прокурордан араша сұрап отыр.

«Менің жолдасым ішкі істер органдарында еңбек етіп жүріп, қызмет бабында қайтыс болған. Төрт қызыммен жесір қалып, бәрін аяқтан тұрғыздым. Қызымды неке түні күні күйеуі өлтіріп отыр. Сіздерден перзентімді өлтірген адамның заң алдында тиісті жазасын алуын сұраймын. Бүгін менің қызым, ертең тағы басқа ананың қызына зиянын жасамасын», — деді ашынған ана.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.