Ғаламтор қолданушылары Шымкент қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында болған дүрбелеңді қызу талқылап жатыр деп жазды turkystan.kz.
Әлеуметтік желіде Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының қақпасы ашыла салып, жапа-тармағай есікке ұмтылған жұрт түсірілген видео пайда болды. Кезекке ұмтылған көпшілік қоршаудан секіріп жатқаны көрінеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері оқиғаның Шымкенттегі №1 арнайы ХҚКО-да болғанын хабарлады. Клиенттер тарапынан құқық бұзу деректері тіркелмеген. Сондай-ақ, мүлікке ешқандай зиян келмеген.
«Қазіргі уақытта онда кезек көп. Көпшілігі C1 санатына (ГАЗель – жүк) жүргізуші емтиханын тапсыруға келгендер. Себебі, қаладағы екі автодромның бірінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Арнайы ХҚКО-ның өзі штаттық режимде жұмыс істеп, автокөліктерді қайта тіркеу және теориялық емтихан тапсыру қызметіне клиенттерді қабылдады.
Ақпанның аяғынан бастап автодром жұмысын жалғастырып, көлік жүргізудің барлық санаты бойынша тұтынушыларды қабылдай бастады. Дегенмен, осы уақыт ішінде практикалық емтихан тапсыруға ниет білдірген азаматтар қатары жиналып қалды», – деді мемлекеттік корпорация өкілдері.
Бұл арнайы ХҚКО-ға бір миллионға жуық тұрғыны бар Шымкент қаласының халқы ғана емес, екі миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысы жүгінеді.
«Жағдайды ескере отырып, қазіргі уақытта арнайы ХҚКО-ның жұмыс кестесі ұзартылды. 19, 20 және 23 наурызда бұл филиал әдеттегідей сағат 8.00-ден сағат 19.00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, С1 санатын алу үшін қосымша автокөлік бөлінді», – деп толықтырды “Азаматтарға арналған үкімет “ АҚ өкілдері.