Нұр-Сұлтан Қазақстандағы ішкі жалпы өнімнің 10 пайызын береді. Астананың биылғы жылдың бірінші жартысы бойынша жалпы өңірлік өнімі 3,2 триллион теңге болды. Ал жан басында шаққанда ол – 2,7 миллион теңге,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Nege.kz cайтына сілтеме жасап.
Демек, әр Нұр-Сұлтан тұрғыны 2,7 миллион теңгеге тең тауарлар мен қызметтер өндіріп сатқан. Бұл көрсеткіші жағынан Нұр-Сұлтан ел бойынша үшінші орында келеді. Оның алдын мұнай мен газ есебінен Атырау облысы (7 млн теңге) мен базардағы сауда-саттық есебінен Алматы қаласы (2,9 млн теңге) орап отыр.
Цифрларға қарасақ, Алтай Көлгінов тиімді әкім сияқты. Қалалық бюджеттің орындалуы бойынша Тексеру комиссиясының есебіне сай, 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте Нұр-Сұлтандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 982,4 миллиард теңгеге жеткен. Бұл былтырғы жылдың дәл сондай мерзімімен салыстырғанда 12 пайызға артық. Дәл осындай өсімді жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері де көрсетіп отыр. Олардың саны 157 мыңнан асқан. Жалпы, астананың пандемиядан кейін еңсесін тіктеп, даму жолына түскені байқалады.
Фото: Liter.kz
Биыл Нұр-Сұлтан бюджетінің профицитпен жабылатын түрі бар. 2021 жылдың 9 айында елорда бюджетіне 446,3 миллиард теңге түсті. Ал бюджет шығындары 443,4 миллиард теңгенің айналасында. Жыл басында бюджет 20,9 миллиард теңге дефицитпен жабылады деген болжам көрсетілсе де, қазіргі профициттің 31,9 миллиард теңгеге жеткенін айта кету керек. Аудиторлардың пікірінше, бұл өз кезегінде бюджетті жоспарлау сапасының нашар екенін білдіреді.
2021 жылдың 9 айында елордадағы 55 нысан аудиторлық тексерістен өткен. 1 триллион теңгеден астам сомаға заң бұзушылық анықталды. Оның ішінде 9,5 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Нәтижесінде құқық қорғау органдарына 14 материал жіберілді.
Нұр-Сұлтандағы халық саны жылдан-жылға көбейіп жатқанын ескерсек, астананың экономикалық тұрғыдан өсу потенциалы зор. Әзірге қала жаңа технологиялық өндіріс, инвестициялар мен экспорт саласында кенжелеп келеді. Енді әкімдікке осы бағыттарға баса назар аудару керек.