Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шаһар шырайын кіргізген тарихи туындылар

0 745

Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тарихтың темірқазығына баланған Тараз қаласы екі мың жылдық тарихында өркендеу мен құлдырау, жойқын соғыстар мен қайта өрлеу кезеңін бастан өткеріп, талай атауға да ие болды. Көне мен жаңаны байланыстыра білген ежелгі шаһар бүгінде рухани орталыққа айналып отыр. Ғалымдар мен археологтар Тараздың бірегей ежелгі ескерткіштерін, яғни мешіттер мен кесенелерді, сарайларды сақтау үшін ауқымды шараларды жүзеге асырды. Сондай-ақ ежелгі қоныстың орнында археологиялық қазбалар жүргізіліп, ұдайы жаңа жәдігерлермен толықтырылуда. Тарихтың түкпірінен тамыр тартатын туристік туындылар мұнда жетерлік. Бүгін біз ежелгі қаланың түрлі аңызына арқау болған нысандар туралы сөз қозғамақпыз.

Махаббаттың мәңгілік символы

Тараз дегенде кез келген адамның ойына ең әуелі махаббаттың мәңгілік символына айналған Қарахан мен Айша бибі оралатыны сөзсіз. Бір-біріне қосыла алмай шерменде болған қос ғашықтың кесенелері бүгінде алыстан менмұндалайды.
Қарахан кесенесі – біздің заманымыздың XI ғасырында салынған Тараздағы әйгілі тарихи-сәулет ескерткіші. Ғимарат алғашқы хан – Қарахан әулетінің өкілі жерленген жердің үстінде тұрғызылған. Аталған нысан қаланың басқа әйгілі ғимараттары – Айша бибі мен Бабаджа қатын кесенесімен бірге ортағасырлық қоныстың аумағында орналасқан «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейіне кіреді.


Қараханидтер атанған түркі әулеті Қарахан мемлекетін ұзақ уақыт басқарды. Бұл уақытта Тараз өте бай қалаға айналған еді. Олардың басқаруы тұсында қала тұрғындары алдымен Ислам дінін қабылдады, ал XIII ғасырда елді мекендерді Шыңғысхан әскері басып алды. Қарахан кесенесі – бұл әулеттің билік еткенін еске салып тұратын бірден-бір ескерткіш. Кейбір тарихшылардың дерегіне сүйенсек, кесенеде әулеттің белгілі билеушісі Ша- Махмұд Боғра ханның қабірі орналасқан делінеді. Бірақ бұл ақпарат дәленденбеген, тек ол біздің дәуіріміздің X-XII ғасырлары тақта отырған Қарахан әулетінің билеушісі екені белгілі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, кесене Қарахан мен Айша бибінің махаббаты жайындағы аңызбен байланысты. Оның тағы бір нұсқасында ғашықтардың қосыла алмауына екі әулеттің жауласуы себеп болған екен. Содан кейін Қарахан сүйіктісін алып қашып кетеді, алайда иен далада Айшаны жылан шағып, көз жұмады. Қарахан оның құрметіне кесене салады, содан кейін оның дәл жанынан көрінетін етіп өз кесенесін тұрғызуға серт береді.
Қарахан кесенесі қатты қирағандықтан, 1906 жылы толықтай қалпына келтірілді. Осы себепті ғимарат қазіргідей заманауи келбетке ие болды. Сәулетшілер тарихи орынның бастапқы қалпын сақтауға қанша тырысқанымен орындай алмады. Сол кезде сәулет өнері ескерткішін қалпына келтіруге Ташкент қаласының ишаны Саид Бақханов қаржылай көмек көрсеткен екен.


Ал 1982 жылы кесене мемлекеттік қорғауға алынып, Қазақ КСР-нің республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш нысандарының тізіміне енгізілді. Сөйтіп, 2002 жылы Тараз қаласының екі мың жылдық мерейтойына орай қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.
Кесененің сыртқы және ішкі көрінісін мәдениет зерттеушісі Борис Денике өзінің «Орталық Азияның сәулеттік ою-өрнегі» атты еңбегінде егжей-тегжейлі сипаттаған. Құрылыс күмбез тәрізді пішінге ие, сондай-ақ жоғарыдан қараған кезде төртбұрыш іспеттес болады. Сыртында шатырға шығатын баспалдақ сияқты қызықты элементтер кездеседі.
Ішінде Қарахан кесенесінің негізгі залы және құрылымның үш бұрышында хужра деп аталатын шағын бөлмелері, төртінші бұрышта ғимараттың шатырына шығатын баспалдақ және Қарахан әулеті кезінен бері сақталған құлпытас бар. Ғимараттың оңтүстікке қараған алдыңғы қабырғасын екі жақты мұнара қоршаған. Кесене кіреберісінің үстінен «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген араб тілінде жазылған дәстүрлі исламдық сөйлемді көруге болады.
Қарахан туралы айтқанда, Айша бибіні ауызға алмау мүмкін емес. Айша бибі мазары тоғыз ғасыр бұрын, біздің заманымыздың XI-XII ғасырында салынған. Өкінішке қарай, Айша бибі кесенесінің құрылысы, оның сәулетшісі мен жобалаушысы туралы ешқандай ақпарат сақталмапты.


Осыған қарамастан махаббат пен өлім туралы ескі дала аңызы кесенемен тығыз байланысты. Деректерге сүйенсек, Айша бибі есімді қыз үйінен Қарахан атты сүйіктісіне қашып кетеді. Екі жақты сезім болса да, олардың бірге болуына тыйым салынады. Өйткені бойжеткен XI ғасырдағы ғалымдар отбасынан шықса, жас жігіт Тараздың ұлы билеушісі еді. Кей зерттеушілер Айшаны хакім Сүлеймен Бақырғанидің қызы дейді. Екі жас қанша талпынғанмен, қайта кездесу, бірге болу тағдыры оларға бұйырмапты. Айша бибіні жылан шағып, бойжеткен қапыда мерт болады. Сүйіктісінен айырылған Қарахан қатты қайғырып, оның құрметіне зәулім кесене тұрғызады. Билеуші ақтық демі қалғанша Айша бибі кесенесін күтіп-бағып өмірден өтеді. Қайтыс болғаннан кейін Айша бибі кесенесінің қасынан, яғни Тараз қаласында өзінің кесенесін тұрғызуды өсиет етіп қалдырады.
Бұл әдемі аңыз көптеген құпияларға толы. Ел арасында аталған аңыздың бірнеше нұсқасы тараған. Олардың әрқайсысы драмаға, көркемдік бейнелерге бай. Ауыз әдебиетінде Айша бибінің өлімі айтылғанмен, іс жүзінде оған не болғанын ешкім нақты білмейді.


Жергілікті наным-сенімге сәйкес, үйлену күні бұл кесенеге келген жұп өте берік және бұзылмайтын отбасын құрады. Сондықтан Тараз қаласы мен жақын маңдағы елді мекен тұрғындарының барлығы дерлік үйлену тойларында осы тарихи жерлерге – Қарахан кесенесі мен Айша бибі мазарына баруға уақыт табады.
1893 жылы Айша бибі кесенесін алғаш рет әйгілі археолог Василий Бартольд зерттеп, сипаттама жасаса, кейіннен төрт жыл өткен соң жұмысты Василий Каллаур жалғастырған. 1938-1939 жылдары бұл жерге КСРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының Тарих және мәдениет институтынан, ал 15 жылдан кейін Қазақстан Ғылым академиясынан экспедиция жіберілді. 1953 жылы Пацевич, 1962 жылы Зябко Айша бибі кесенесінің аумағында қазба жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде археологтар құрылысты салуға арналған кірпіштер, сондай-ақ әртүрлі сәндік бөліктердің қай уақытта жасалғанын анықтады.
1960 жылы кесене ғимаратын сақтау үшін арнайы шыны күмбез орнатылды. Кейінірек зерттеушілер оны әртүрлі туристік мақсаттарда, сонымен қатар білім беру мақсаттарында қолдана бастады. 2002 жылы кесене маңын жақсарту үшін елдің тарихы мен мәдениетін, сонымен қатар Қазақстанның дәстүрлі архитектуралық ерекшеліктерін жетік білетін сәулетші Нышан Рәметов жұмысқа кірісті. Ол Айша бибі кесенесін қалпына келтіруге және ғимараттың айналасына әдемі саябақ салуға үлкен үлес қосты. 2002-2005 жылдары тарихи көрнекі орын өзінің бастапқы келбетін сақтап, толық қалпына келтірілді.

Қалам мен қылыштың билеушісі – Дәуітбек

Қаланың қақ ортасындағы Қарахан кесенесіне ат басын бұрған адам Дәуітбек мазарына аялдамай кетпейді. XVIII ғасырдың екінші жартысында аспалы ойықты кіру есіктері тұтас қаланып, Дәуітбек кесенесінің қазіргі келбеті қалыптасқан.
Оңтүстік қасбетінің жоғарғы бөліктерінде мұнаралар бой көтерген. Қайта қалпына келтіру нәтижесінде кесене күмбезді келбетке еніп, өзгертілген.
Дәуітбек баба туралы аңыздар ел аузында көп сақталған. Баба сол кездегі маңызды тұлғаның бірі, Қарахан бабамен туыстық байланыстығы болған. Т.Н.Сенигованың зерттеулерінде: «…Жерленген тұлға қалам мен семсердің билеушісі, XIII ғасырдағы ірі қолбасшылардың бірі», – деп көрсетіледі.
Тараз қаласының орталық бөлігінде орналасқан ортағасырлық мазар тарихы еліміздегі мемлекет тарапынан қорғауға алынған ескерткіштердің бірі. Ортағасырлық «Дәуітбек кесенесі» деп аталатын бұл жерде Ұлық Білге Икбалхан Дәуітбек-Шамансұр жерленген.
Кесене бізге дейін біршама жақсы сақталып жеткен, орта ғасыр дәуіріндегі аймақтық ерекшеліктермен тұрғызылған сәулет өнерінің үздік нұсқасына жатады.
Кесене алғашында күмбезі жартылай иілген аркаға бекітілген төрттаған түрінде болған. Аркалар плиталардан қаланған тұғырға орналасты. ХІХ ғ. соңында аркалы кіреберісі мен қабырғалары кірпішпен қайта өрілгендіктен, кесене қазіргі қалпына енді. Оңтүстік бұрыштарының жоғарғы жағы минарет тәріздес етіп жасалған.
Қабіртастағы жазуды А.Б.Бартольд танып оқыған. Онда: «1262 ж. 31 наурызда қайтыс болған түркілік қолбасшы, «қалам мен қылыштың иесі, жаны таза момындардың жанашыр қорғаушысы» жерленген деген жазулар бар. Тасқа басылған таңба бұл адамның ХІІІ ғасырда ірі әскери қолбасшы болғанын айғақтайды. Кесене қазіргі уақытта мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының қорғауына алынып, туристердің назарын аударған тарихи орынға айналған.
Дәуітбек кесенесінің дәл батысында Қарахан кесенесі көрінеді. Аңыз бойынша Дәуітбек Қарахан мемлекетінің көсемі Ша-Махмұд Боғра ханның күйеу баласы, сондықтан олардың қабірлері бір-бірінен алыс емес жерде орналасқан екен. Дәуітбек пен Қарахан кесенелері Қазақстандағы осындай нұсқадағы ежелгі діни ғимараттардың бірі және зиярат ету орнына айналған.
Кесене 1982 жылы толық жөндеуден өтіп, сол жылы республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер тізіміне еніп, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі аясында мемлекеттік қорғауға алынды. Ал 2008 жылы бұл тізімде көрнекті орын және жеке маңызды объект ретінде атап көрсетілді.
Бастапқыда кесене күмбез тұрған жартылай дөңгелек төрт доғалы құрылыс түрінде болған. Кейіннен XIX ғасырдың соңында өзгертіліп, доғалы өтпелер кірпішпен толтырылды, ал оңтүстік бөлігіне екі кіші мұнаралар салынды.
Бүгінде Дәуітбек кесенесі төртбұрышты пішіндегі порталды-күмбезді құрылыс болып саналады. Күмбездің негізі – кесененің доғалары мен қабырғалары. Ал кесене есіктері ою-өрнектермен безендірілген. Ішкі бөлменің ортасында тас сатылы пирамида түріндегі қабір орналасқан. Бетше босағасы аласа, тегіс, жан-жағынан екі кіші мұнаралар бой көтерген. Бетше босағасы кесененің күмбезді жағына етене жақын орналасқан. Кесененің бүкіл құрылымы тегіс күйілген кірпіштен жасалған.

Қали Жүніс салдырған монша

Облыс орталығындағы Байзақ батыр және Қазыбек би көшелерінің қиылысында орналасқан архитектуралық ескерткіш – Қали Жүніс моншасы көрген жанды тамсандырмай қоймайды. Нысан 1986 және 2002 жылдары зерттеліп, қайта жаңғыртылған. Монша Әулиеата кезеңінің сәулет өнері ескерткіші болып саналады. Атақты Ибн Сина да көп еңбектерін осы моншаға арнаған болатын. Ол моншаның бөлмелері кең және жарық, бірқалыпты жылы, суының мол болуы, қабырғалары жан жадырататын суреттермен безендірілуі адам ағзасына зор пайдасы барын жазған. Монша тек қана тәнді тазалап қоймай, саясатшылардың, саудагерлердің, әскерилердің, қала тұрғындарының көптеген мәселелерін шешетін, тынығып, демалатын орны да болған. Моншаны Әулиеата қаласының тұрғыны Қали Жүніс өз қаржысына 1906 жылы салдырған. Салтанатты 10 күмбезбен көмкерілген, түрлі көлемдегі 10 бөлме бар. Олар бір-бірімен аркалы өткелдер арқылы жалғасқан. Қабырғаларының қалың болуы, ауа айналымына арналған күмбез ұшындағы саңылаулары кішілеу келген терезе ойықтары, еденасты жылыту жүйесі ортағасырлық Шығыс моншаларына тән. Ауладағы құдықтан шығыр арқылы шығарылатын су монша ішіндегі қазандыққа жеткізілген. Монша күндіз-түні үздіксіз жылытылып отырған.
Қали Жүніс моншасы өткен ғасырдың 20-жылдарына дейін жұмыс істегені тарихтан белгілі. Тараз қаласының бай тұрғыны көпес Жүніс, лақап аты – «Қали» Бұқара жібегін сату арқылы дәулетке кенеледі. Оның жеке керуен-сарайы болады. Замандастарының айтуынша, Жүністің байлығы бірнеше сандық асыл тастармен бағаланған. Тарихи деректерге қарағанда, Қали Жүніс өте қарапайым тұрмыс кешкен екен. Ол монша салдыру үшін Ферғана мен Бұқара қаласынан шеберлерді шақырады. Алыстан ат арытып жеткен шеберлер Қали Жүністің тұрмыс-тіршілігін көріп, монша салдыруға қаржысы барына күмән келтіреді. Сонда Қали Жүніс шеберлерді үйіне кіргізіп алтын мен күміске толы екі сандықты ашып көрсеткенде олар естерінен тана таң қалған екен. Осылайша Қали Жүніс барлық жиналған қаржысын ел игілігіне арнапты. Тіпті құрылыс орнын өзі таңдап, бірінші кірпішті өзі қалайды.
Моншаның алаңы – 18х25 метр. Қабырға қалыңдығы – 0,8, биіктігі – 2,5-тен 3 метрге дейін, күмбезге дейінгі орын-жай ұзынды-ғы – 4-тен 6-метрге дейін жетеді. Монша құрылысы – кіреберістен, вестибюльден, демалатын, жуынатын орыннан, массаж жасайтын, жылыту бөлмелерінен, ыстық және суық су сақталатын ыдысы бар орындармен байланысатын қуыстардан, яғни үлкен резервуардан, қабырғаға жапсырыла орналасқан су ысыту қазанынан, ауласында құдығы бар техникалық сектордан, жуынатын үш бөлмесі, олардан сыртқа шығып кететін арнайы есігі бар шағын пайдалану секторынан тұратын етіп жоспарланған. Моншаның құрылымы төбені жабудың аспалы-күмбездік әдіс жүйесі арқылы шешілген. Жарық беру мен желдеткіш күмбезде қарама-қарсы орналасқан тесіктер мен үй қабырғаларының арасындағы кішкене қуыстар арқылы жүзеге асырылады. Нысан көне дәстүр бойынша еденнің астынан қыздыратын каналдардың қалталары арқылы жылытылған.
1982 жылы Қали Жүніс моншасы республикалық маңызы бар Қаз КСР тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілді және мемлекет қорғауына алынды. Осы жылы Жамбыл қайта қалпына келтіру шеберханасы алғаш рет қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Ежелгі Тараздың 2000 жылдық мерейтойына орай «Казреставрация» РМКК мамандары толық қалпына келтіру жұмыстарын жасады. Моншаның негізінде 2007 жылы «Ұлы Жібек жолының ежелгі қалалары» мұражайы құрылды.

Ғасырдан астам тарихы бар мешіт

Тараз қаласының ескі бөлігінде, тарихи аумаққа жақын, Б.Адамбаев көшесі орналасқан «Әулие-ата» мешіті шаһарымыздағы ең көне құлшылық орындарының қатарында. Қаламыздың орталық мешiті саналатын «Әулие-ата» жергiлiктi жанашыр азамат, көпес Қали Жүнiс Майюсуповтың демеушілігімен шебер Сейдулла Қожаның басшылығымен 1913 жылы бой көтерген.
Мешіт осы өңірде «Әулие-ата» атанып кеткен Караханидтер әулетінің көрнекті тұлғаларының бірі Ша-Махмұд Қараханның құрметіне және нысанды салдырушы Жүніс байдың құрметіне «Әулие-ата – Жүніс бай мешіті» деп аталады. Қали Жүніс – өз кезеңінің жанашыр азаматы ретінде және мешіт пен шығыс моншасын салдырушы ретінде жергілікті халық жадында мәңгі сақталған тұлға.
Мешіт ғимараты төртбұрышты, солтүстік-оңтүстік Батыс беті күйген кірпіштен тұрғызылған. Шығыс қабырғасы ағаш, оның көп бөлігі әйнектелген, дөдегесі жіңішке өрнекті бөренелерден тұрғызылған. Дөдегенің бөренелерін 18 ағаш бақан тіреп тұр. Михрабы мешіттің Батыс бөлігінде орналасқан. Мешіттің ішкі қабырғасы геометриялық өрнектермен өрнектелген. Кіреберіс фасады түрлі-түсті әйнекпен қапталған.
Мешіт жайлы нақты деректер архивтерде, ескерткіш қоры мұражайларда сақталмаған.
Кезінде мешіттің бас қақпасы оңтүстік шығысқа қарап, алдыңғы алаңы жеміс ағаштары, тал-дарақтар егіліп, гүлзармен безендірілген еді. Алайда дінсіздер империясының қызыл жалауынан шыққан жалын шарпуы бұл көз қуантар салтанатты жалмап, күйретіп, дін ордасы құлазыған қабырғаға айналды. Екі тапқа бөлінген аласапыран заманда қызыл империя мешітке келушілерге тыйым салып, бос мешітті әрқандай тұрмыстық қажеттіліктеріне жаратты. Осылайша ғасыр басында Әулие-ата аталған, жалпы тұрғыны 19 мыңнан асқан уез орталығына орналасқан үлкенді-кішілі 32 мешіттің есіктеріне қара құлып салынған болатын. Уақыт өте келе бұл мешіттердің көпшілігі күтімсіздіктің салдарынан бұзылды. Кейбірі Кеңес өкіметінің талабымен қиратылып, кірпіштері мен ағаштары құрылыс материалы ретінде пайдаланылған.
Атеизмнің осындай теперештерін бастан кешкен «Әулие-ата» мешіті де дінге ешбір қатысы жоқ әртүрлі тұрмыстық қажеттіліктерді өтеді. Кеңес өкіметі қазақ жеріне келгеніне тура он жыл толған 1931-1932 жылдары ел басына төнген нәубеттің алғашқысы – ашаршылық салдарынан халық қырғынға ұшырағаны әлі есімізде. Аштықтан бұралған нөпір халық талғажау етер бірдеңе табыла ма деген үмітпен қаңырап бос қалған көкбазарды жағалайтын. Осы кезеңде көкбазарға жақын орналасқан мешіт астық қоймасы ретінде қолданылған.
Ұлы Отан соғысы уақытында мешіт әскерге шақырылған жауынгерлер казармасына да айналды. Соңынан әскери қару-жарақ қоймасы болып пайдаланылды.
Кейін мешіт есігін қайта ашқан соң, намазхандар қажетін өтейтін кейбір қосалқы бөлмелер жойылған болып шықты.
Ұзақ жылдар бойы мешіт ғимаратына әртүрлі жөндеу, қайта жаңғырту, қосымша құрылыстар салу жұмыстары жүргізіліп келген. Бірінші жөндеу жұмыстары 1973 жылы жасалса, 1998 жылы ауладағы барлық құрылыс орны жаңа материалдар мен өрнектерді пайдалана отырып қайта жаңғыртылған. Ескі бөлмелері қайта жөнделіп, жаңа бөлмелер салынып, күн сайынғы тұрмыстық және діни дәстүрлерді орындау үшін қолайлы жағдай туғызған. Мешітке кіреберіс аумаққа қос минаретті қақпа орнатылған.
1998 жылы «Әулие-ата» мешітінің күншығысқа қараған ағаш қабырғасы алынып, мешіттің ішкі сыйымдылығы екі есеге дейін үлкейтіп, қайта соғылып, сол жылы мамыр айында 1 500 адамдық орынға кеңейтілді.
Діни ғимаратқа соңғы күрделі жөндеу жұмыстары 2017 жылы «Қазқайтажаңғырту» мекемесінің басшылығымен жасалды. Сондай-ақ биыл мешіт ауласы абаттандырылып, жасыл желекпен көмкерілді.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.