Қалалық қоғамдық-саяси газет

Шөлге шырша өсірген тау тұлға

0 254

Мойынқұм ауданын ширек ғасырға жуық уақыт басқарған Айтбай Назарбеков Сарысу ауданының Байқадам ауылында 1922 жылдың 5 маусымында дүниеге келген. 1941 жылы Қапланбек ауыл шаруашылық техникумын, 1956 жылы Алматы Жоғары партия мектебін бітірген. Бес жыл Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер.

1946 жылы – Сарысу аудандық атқару комитетінің хатшысы, 1956-1961 жылдары Жамбыл ауданы атқару комитетінің төрағасы болған. 1961-1983 жылдары – Көктерек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Шу ауданы атқару комитетінің төрағасы, Мойынқұм аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған.
Халық Айтбай Назарбековті «Құмға гүл өсірген Адам» деп атап кеткен.
Айтбай Назарбеков 9-10 шақырымдардағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Көп жылғы адал еңбегі жоғары бағаланып, СССР-дің ең жоғары наградасы «Ленин» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Ту» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталды. Сонымен қатар Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен де наградталды. Айтбай ағамыз – артында, еліне алтын із қалдырған ардақты тұлға. Аудан орталығында көпқабатты сәнді үйлер мен айрықша жобамен Мәдениет үйі, кинотеатр, қонақ үйі, байланыс пен сауда орталығы, аудан әкімдігінің ғимаратын салып, ауыл ажарын ашқан. Сондай-ақ ағаның кезінде 14 орта, 2 бастауыш мектеп, 18 балабақша, 6 пошта ғимараты, 12 мектеп-интернат, 5 аурухана, 5 дәрігерлік пункт бой көтерді. Бұдан бөлек, әрбір елді мекенге баратын жолдар асфальтталып, оларға ұшақ қатынай бастады.
Ал Алматы мен Тараз қаласына «ЯК-40» ұшағының күнделікті ұшуы Айтбай Назарбековтің тікелей еңбегі мен беделі екенін айту керек. Мұндай ұшақ Мойынқұмнан басқа еш аудан орталығына ұшқан емес.
Өзінің тікелей ықпалымен салынған Жасұлан ауылына 1997 жылы Айтбай Назарбековтің есімі берілді. Сондай-ақ аудан орталығындағы бір көше оның есімімен аталады. 2018 жылы аудан орталығында Айтбай Назарбековтің еңселі ескерткіші салтанатпен ашылды. Туған ауылы Сарысу ауданының Игілік ауылында Айтбай ағаның бюсті қойылды.
Қай заманда, қандай қоғамда болсын ер азаматтың халық алдында беделге, атақ-абыройға, құрметке бөленуі оның ел үшін атқарған адал еңбектеріне байланысты. Айтбай Назарбеков қиын кезеңде қарапайым отбасында туып, тәрбиеленіп, бар ғұмырын, күш-жігерін елге адал қызмет етуге арнаған асыл азаматтар қатарына жатады. Ол жаны жайсаң, қарапайым, кішіпейіл, ақыл-парасаты мен қайырымы мол, білімі терең, өресі биік, халықпен етене араласа еңбек еткен, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат болды.
Айтбай аға ұлы қаламгер Ғ.Мүсірепов, Ә.Нұршайықов, сазгер Ш.Қалдаяқов, әнші Б.Төлегенова, үлкен өнер иесі А.Әшімов, тағы басқа бірнеше әдебиет-мәдениет өкілдерімен де жақсы сыйластық қарым-қатынаста болды. Сондықтан да болса керек, осы тұста Ш.Қалдаяқовтың «Мойынқұмда ауылым» әні өмірге келіп, бүгінде үлкен сахналарда айтылып жүр.
Өркениеті өркендеп, өресі өсіп, өнері дамыған аудан өнерпаздарына Мәскеу қаласы мен Португалияның Лиссабон қаласы тұрғындары ризашылығын білдіріп, қайта-қайта қол соқтыруы да осы Айтекеңнің тұсы болатын. Атақты Әзілхан Нұршайықов, тіпті Айтекең туралы «Райком хатшысы» деген роман жазған. Кезiнде Жерұйығын iздеген Асан қайғы бабамыздың:
Ей, Мойынқұм,
Құмдарың бұйрат-бұйрат таудай екен,
Құлының тайдай екен,
Тайың айғырдай екен,
Жетi жыл қатарынан жұт болса да,
Тұяқты мал қалса,
Сенiң бауырыңда қалады екен, – деген аңыз әңгiмесi – осы құмның қадiрi мен қасиетiне берiлген баға.
Осы киелi қасиетті жерден қарапайым ғана қойшы, қазақ тарихына Шопан Ата атымен қалған Жазылбек Қуанышбаев атамыз шыққан. Қазiр жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың кiндiк қаны осы Мойынқұмның Жамбыл тауында екенiн бiреу бiлсе, бiреу бiле бермейдi. Жазекең осы Жамбыл ауылында туған. Алғаш «Кеңес» колхозында, кейiннен «Көктерек» совхозы мен осы совхоздан бөлiнiп шыққан «Айдарлы» совхозында отыз жыл қой бақты. Қаракөл қойын өсіруден жоғары көрсеткiшке жеткенi үшiн оған 1948 жылы «Социалистiк Еңбек Ерi» атағы берiлдi. 1958 жылы қой шаруашылығын дамытудағы қол жеткiзген жоғары көрсеткiштерi үшiн атамызға екiншi рет «Социалистiк Еңбек Ерi» атағы берiлдi.
Кезiнде ауданның бiрiншi хатшысы болған Айтбай Назарбеков: «Жазекеңдi Жаратушым Мойынқұмның бағы үшiн жаратқан. Мойынқұмға қажеттi шешiлмей жатқан мәселелердi талай рет, осы кiсiнi алға салып жүрiп шештiк. Бiз кiре алмайтын есiкке, бiз жолыға алмайтын басшыларға бұл кiсiге әрқашан жол ашық болды. Жазекеңнiң кеудесiндегi қос жұлдыз осы ауданның өсiп-өркендеуiне негiз болды. Аудан, облыс, республика шеше алмаған мәселенi Мәскеуге, тiптi Сiбiрге барып шешiп келдi…», – депті. Бұл Айтекеңнің жоғары адамгершілігімен қатар, өзінің қарапайымдылығын, әділдігін, шопанға деген құрметін көрсетеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары обкомға келгенде маған келіп, жағдайымды сұрап, мал шаруашылығының көрсеткіштерімен танысып, «барлық анализ сенде ғой» деп менің мәртебемді көтеріп кетуші еді. Өзі зор заңғар тұлға болса да, адамгершілігі мен кішіпейілділігі қатар жүретін. Бәрімізге үлгі болды… 1993 жылдың наурызында мәңгілікке аттанды.
Күні кеше Мойынқұм жұртшылығы мемлекет және қоғам қайраткері Айтбай Назарбековтің 100 жылдығын бар салтанатымен атап өтті. Бұл бүгінгіге үлгі, кейінгілерге өсиет екені анық.

Ләйла Қожагелдиева, Жазылбек Қуанышбаев атындағы музейдің директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.