Қалалық қоғамдық-саяси газет

Үш банк қаза болған полицейлер мен әскерилердің несиесін кешіреді

0 280

Қазақстанда тағы үш банк тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған полицейлер мен әскерилердің кредитін кешіреді, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі  Egemen.kz. сайтына сілтеме жасап.

Бұл туралы Jusan Bank және ВТБ Банк мәлімдеді

«Jusan Bank терроризмге қарсы операциялар және қоғамдық тәртіпті реттеу кезінде қаза болған әскерилер мен құқық қорғау қызметкерлерінің отбасына қайғыра көңіл айтады. Қаза болған қызметкерлердің банктегі барлық кредиті кешіріледі.

Jusan Bank ТЖ жағдайында банк және мобильді қосымша жұмысындағы іркілістерге байланысты клиенттер төлеміне айыппұл және өсімпұл салу тоқтатылатынын хабарлайды.

Jusan Bank-тың барлық ішкі жүйесі жұмыс істеп тұр. Банк жұмысы кезең-кезеңімен қосылады. Қазіргі уақытта Қазақстан бойынша банкомат жүйесі толық жұмыс істеп тұр. Мобильді қызмет іске қосылған», деді банк өкілдері.

ВТБ Банк қаза болған әскерилер мен полицейлер отбасына көңіл айтып, олардың барлық кредиті кешірілетінін хабарлады.

«Сондай-ақ, банк 2022 жылғы 5-19 қаңтар ТЖ кезеңінде заңды және жеке тұлғаларға кредит бойынша айыппұл және өсімпұл салмайды. Салымшылар қаржысы толық сақталған. ВТБ Банк Қазақстан бойынша жағдай тұрақталып, Интернет желісі толық қосылғанына қарай штаттық режимдегі жұмыс кестесіне ауысады», деді компания өкілі.

Альфа-Банк баспасөз қызметі де қаза болған полицейлер мен әскерилер отбасының кредиті кешірілетінін мәлімдеді.

«Альфа-Банк Қазақстан қызметтік міндетін атқару кезінде қаза болған полицейлер мен әскерилер отбасының кредитін кешіреді», деді Альфа-Банк бас директоры Андрей Тимченко.

Еске салайық, бұған дейін банк 2022 жылғы 5-19 қаңтар ТЖ кезеңінде заңды және жеке тұлғаларға кредит және Alfa Black картасы бойынша төлем мерзімі өтіп кетуіне байланысты айыппұл және өсімпұл есептелмейтінін хабарлаған болатын.

Бұған дейін Halyk Bank жаппай тәртіпсіздік кезінде қаза болған құқық қорғау қызметкерлері отбасына 5 миллион теңгеден беретінін хабарлаған болатын. Ал «ЦентрКредит» қаза болғандар отбасына миллион теңгеден береді. Сондай-ақ, Евразийский банк те қаза болғандар кредитін кешіретінін хабарлаған еді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.