Қалалық қоғамдық-саяси газет

Саяси жүйеге серпін береді

0 99

Мәні зор, бағыты бөлек бұл Жолдаудың негізгі мазмұнында Мемлекет басшысы елдің саяси жүйесін жаңғырту бойынша қолға алынған кешенді жобаларды ұсынды. Мұны барша халық асыға күтті. Бір қуанарлығы, бұл тек қағаз бетінде жүзеге асқан, шын өмірде ізі де жоқ жалған сөз емес, нақты әрекеттердің жиынтығы.

Күшті президент, беделді парламент құру, өкілетті билік тармағын күшейту, сайлау жүйесін жетілдіру, берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтару сынды өзгерістер азаматтардың белсенділігін арттырып, саяси өмірге араласуына серпін береді.
Кешегі қаңтар оқиғасының басты себебі елдегі тоқырау болғандығы белгілі. Ал мемлекетті бұл тығырықтан алып шығу үшін түбегейлі өзгерістер қажет. Бұл үшін саяси реформа жасау аса маңызды. Соның алғашқы қадамы – Сенатқа бөлінген квотаны 15-тен 10-ға азайтып, Мәжілістің мәртебесін көтеру. Сондай-ақ Есеп палатасын құрып, мәслихаттардың беделін биіктету, аралас сайлау жүйесіне көшу сынды өзгерістер де халықтың көңілінен шықты. Мұның бәрі сайлаудағы ашықтықты қамтамасыз етіп, халық өз таңдаулыларына мандат алып беруіне мүмкіндік сыйлайды. Президент айтпақшы, бұл тұрғыда әлемдегі тиімді тәжірибелер есепке алынып, құқықтық механизмдерді дамытуға күш салынады.
Біз қазір жаңа кезеңді бастан кешіріп жатырмыз. Сондықтан да Президент халыққа қажетті реформаларды паш ету өзінің басты міндеті екенін, әрі қарай мемлекетті дамыту, ауқымды экономикалық өзгерістер жасаудың кезек күттірмейтінін баса айтты. Ұлттық құрылтайды жасақтау, Президент туыстарының басшылық қызметтер атқаруына тыйым салу, Конституциялық сот құру, сайлау рәсімдерін жетілдіру, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін болуын қамтамасыз ету мақсатында Конституциялық референдум өтіп, сөз бен істің үйлесімі көрініс тапты.
Әрине, мұның барлығы бірден бола қоймайды. Ол үшін біршама уақыт керек. Десек те, әрбір азамат тізе қосып, орындалуына күш салуы керек. «Елімнің ертең емес, бүгін бақытты болуы маңызды. Сондықтан бабалар аманатына адал болып, Жаңа Қазақстанды бірге құрайық», – деген Президент сөзі сенім отын жағып, көкейдегі көп күмәнді жоққа шығарды.

Мадина Байжігітова,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің
«Су ресурстары» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.