Қорғаныс министрлігі Заң департаментінің бұрынғы басшысы Ерболат Ерімбет жазықсыз қатаң жазаланғаны үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, бейнеүндеу жолдады деп хабарлады turkystan.kz.
Оның айтуынша, сот бір жылдан асқан тергеу амалдары нәтижесінде оған нақты дәлелсіз ауыр жаза тағайындаған. Істі қарау барысында бірнеше өрескел қате жіберілгенімен, сот адвокаттардың уәжін ескерусіз қалдырған.
Өмірінің 20 жылын адал мемлекеттік қызметке арнаған экс-шенеунік заңсыздықтың құрбаны болғанын айтады.
«Менің басымнан өткен соңғы оқиғалар ешқандай ақылға қонымсыз. 5 министрмен жұмыс істедім, прокуратурада қызмет еттім. 2019-2020 жылдары Қорғаныс министрлігінде Заң департаментінің басшысы болып жұмыс істеген кезде біз жаңа алгоритм әзірледік. Соның арқасында мемлекеттік сатып алулардың ашықтығы 70 пайызға артты. Нәтиже бірден көрінді. Атап айтқанда, жеткізушілер саны 5 есеге өсті. Бюджетті үнемдеу 4 млрд теңге болды. Бірақ бұл шара Бас әскери прокуратураға ұнамады. Артынша олар сот арқылы бұл алгоритмді ішінара жойды. Осы оқиғадан кейін Әскери прокуратураның мені қудалауы басталды. Министрдің орынбасары екеуміздің телефондарымыз тыңдалды. Алайда олар бірде-бір заңсыз факті мен әрекетті таппаса да, менің үстімнен «пара алды» деген айыппен қылмыстық іс қозғады», – деді ол өзінің бейнеүндеуінде.
Жуырда Президент Qazaqstan телеарнасына берген сұхбатында құқық қорғау жүйесінің «шаш ал десе, бас алу» қағидасымен жұмыс істеп жатқанын айтқан болатын.
Ерболат Ерімбетті де судья Қайыров айыпты деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырған. Ал жала жапқан екі адамға, атап айтқанда, біреуі бұрын парақорлық үшін сотталған және тергеуге тәуелді адамға судья ең төменгі жаза (50-70 миллион теңге айыппұл) тағайындаған. Бұл – Қылмыстық кодекстің 367-бабында көрсетілген ең төменгі шекті мәннен 6-8 есе төмен.
Бейнеүндеу авторы аппеляцияға бергенімен, сот оны 7,5 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Оның үстіне, сот Е.Ерімбетовтің міндеттеріне мүлдем кірмейтін нәрсе үшін жаза тағайындаған.
«Бұл – абсурд. Өйткені, мұндай жаза кісі өлтірушілерге, террористтерге немесе халықтың миллиондаған ақшасын ұрлағандарға беріледі. Пара алу фактісі жоқ, үкімнің барлығы болжамға негізделген. Құрметті Мемлекет басшысы! Президент Әкімшілігінің тиісті бөлімдеріне және Бас прокуратураға менің ісімді қарап, зерделеуді, объективті құқықтық баға беруді тапсырсаңыз, менің сөздерімнің шынайы екенін көресіз. Соттың қызметіне араласуға болмайтынын түсінемін. Дегенмен Жоғарғы соттың конституциялық сатысына орынды бағыт-бағдар беріп, назар аударуыңызды сұраймын», – деді ол.
Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуымен қаңтар оқиғасынан кейін тұтқындалғандардың 3/1 бөлігі бостандыққа шығып, көпшілігінің жазасы жеңілдетілген болатын.
«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен Сізге сенемін. Араша түсуіңізді өтінемін», – деп аяқтады сөзін Е. Ерімбет.