Қалалық қоғамдық-саяси газет

Салтанатты жиында ғалымдарға құрмет көрсетілді

0 299

    12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күніне орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде салтанатты жиын өтті.

Елімізде ғалымдар күнін кәсіби мерекесі ретінде атап өту жақсы дәстүрге айналды. Жыл сайын осы күні ғылым қызметкерлерінің еңбегіне баға беріліп, қол жеткізген жетістіктер сараланады. Ғылымға көңіл бөлу мәселесі де естен шықпайды.

Салтанатты іс-шарада ғалымдар мен жас зерттеушілерді кәсіби мерекелерімен құттықтаған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректор Талғат Ешенқұлов осыны атап өтті. Оқу орнының ғылыми әлеуетінің жыл өткен сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті.

Бұл – оқытушы-профессорлар құрамының талай жылғы ізденістері жемісін көрген күн болды десек, артық айтқандық емес. Ғалымдар зерттеу жұмыстарының бағыттарына қарай, арнайы төсбелгілерімен марапатталды.

Солардың ішінде «Үздік автокөлікші», «Құрметті машина жасаушы», «Мұнай, газ кешенін дамытудағы үлесі медалі» және тағы да басқа көп салалы атаулы төсбелгілердің атауының өзі – кадр даярлауда өңірлік университеттің еңбек нарығына қандай үлес қосып отырғанын көрсетті.

Сондай-ақ салтанатты жиында көптеген профессор-оқытушылар Жамбыл облысы әкімінің және Жамбыл облысының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен, Тараз қаласы әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен марапатталды. Университет ректорының, Amanatпартиясының атынан құрмет көрсетіліп, марапатталғандардың да қатары көп.

Жалпы ғалымдардың кәсіби мерекесіне арналған, ғылымды дәріптеуге бағытталған іс-шаралар оқу орнында бірнеше күннен бері жалғасып келеді. Кеше университеттің бас ғимаратында оқу орнының ғылыми жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды. Білім-ғылым саласының дамуы – жастардың ынта-ықыласына байланысты нәрсе екені түсінікті. Шаһардағы мектеп бітіруші түлектер көрмені келіп тамашалауға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ университет ғалымдары Тараз қаласындағы жалпы саны 28 мектепке 4 оқытушы арнайы барып, оқушыларға дәріс оқыды. «Мен ғылымға құштармын» атты флешмоб ұйымдастырылып, түрлі тақырыптық ашық дәрістер өткізілді.

Ғылым қызметкерлерінің еңбегін бағалау – ғалымдардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге ықпал етеді. Зерттеушілерге кең көлемде қолдау көрсетілсе – ғылымға да кең өріс ашылып, дамиды. Ал ғылымның барлық жетістіктері  адамзат игіліктеріне арналған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.