Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сақтыққа салғырт қарамайық!

0 186

Әлемдегі коронавирустық инфекцияға байланысты күрделі ахуал елімізде де көрініс табуда. Қазіргі таңда Қазақстанда 216 мың науқас тіркелген. Ал Таразда жыл басынан бері індетке шалдыққандардың саны 240-қа жетіпті. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Тараз қаласының бас санитарлық дәрігері Рита Алтынбасова баяндады.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Маманның берген мәліметінше, коронавирустық инфекцияны жұқтырғандардың ішінде зейнеткерлер – 67, жұмыссыздар – 71, медициналық қызметкерлер – 4, әскери қызметкерлер – 1, полиция қызметкерлері – 1, өндірістік кәсіпорын қызметкерлері – 6, қызметкерлер – 16, оқушылар – 10, ұйымдастырылмаған балалар – 5, жүкті әйелдер – 7, білімгерлер – 7, ұстаздар-тәрбиешілер – 8, тағы басқалары 38-ді құрап отыр. Індетке шалдығудың шарықтау шегі 2020 жылдың маусым-шілде айларында тіркелген. Алдын ала жүргізілген болжамдар бойынша аурудың екінші толқыны қараша-желтоқсан айларында орын алуы мүмкін. Сондай-ақ бұрын науқастардың бойында қалыптасқан ауруға қарсы антиденелердің бір айдан кейін төмендеп, олардың қайта ауруға шалдығу қаупі жоғары болып отыр.

– Басқармада індет ошақтарында эпидемиологиялық зерделеу жұмыстарын жүргізу бойынша 4 мобильді топ құрылып, әрбір КВИ ошағы бойынша қала емханаларынан келіп түскен шұғыл хабарламаларға сәйкес зерттеу-зерделеу жұмыстарын күнделікті атқаруда. Инфекция ошақтарында қарым-қатынаста болған 9201 тұлға анықталды, оның ішінде 7945 жақын және 1256 ықтимал қарым-қатынаста болғандар, бақылау мерзімі аяқталғаннан кейін қарым-қатынаста болғандар бақылаудан алынды. Барлық ошақтарда Жамбыл облысы филиалының Ұлттық сараптама орталығымен қорытынды залалсыздандыру іс-шаралары жүргізілді, – деді Рита Өмірханқызы.

Тараз қаласы әкімінің 2020 жылғы 8 қазандағы №111 «Тараз қаласында эпидемиологиялық талаптарды сақтау, қызметін бастаған нысандардың (объектілердің) дайындығын бағалауды жүргізу жөніндегі мониторингілеу тобын құру туралы» өкімімен бекітілген мониторингтік топ мүшелері күнделікті күндізгі және түнгі рейд жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар Тараз қаласы әкімінің 2020 жылғы 2 желтоқсандағы №128-Ө «Тараз қаласы аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу» мақсатында Үйлестіру орталығы құрылды. Тараз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына өткен жылдың қыркүйегінен бастап бүгінгі күнге дейін мониторингтік топтың анықтауы бойынша полиция басқармасынан 145 материал және «Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы №5 қалалық емхана» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан жедел хабарламамен 38 материал келіп түскен. Оның ішінде 148 объектіге әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 40 775 510 теңге сомасында айыппұл салынған.

– 3 талап-арыз материалдары ауданаралық экономикалық сотқа нысанның қызметін тоқтатуға жіберілді. 1 нысанның қызметі тоқтатылды. Карантин уақытында шектеу іс-шараларын сақтамағандығы үшін 228 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 49417185 теңге сомасында айыппұл салынды. Бір айыппұлдың құны 230 айлық есептік көрсеткішті құрайды, – деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Алмас Садубаев.

Сондай-ақ ол коронавирустық инфекцияға байланысты шаһардың сары аймаққа енуге сәл қалып тұрғанын ескертті. Қазіргі таңда қаланың білім ошақтарында кей сыныптардың оқушылары мектепке оралып, дәстүрлі түрде оқып жатыр. Осыған байланысты қос спикер тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды. Мұнымен қоса, таңғы және кешкі уақытта қоғамдық көліктерде адамның тығыздалуын болдырмау үшін автобустар саны көбейгенін де хабарлады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.