Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Ұрпақ тәрбиесінен асқан ұлағатты іс жоқ»

0 159

Жан біткенге жарық сыйлап, дүниенің бүгіні мен ертеңін жалғап жүрген әйел-аналардың гүлдей нәзік жүрегінің тұсында мейірім мен шуақ жатыр. Олар сонша нәзік бола тұра тастай қатты мінез танытып, биіктен көрініп, ұлт пен ұлысқа қатар тәрбие беріп келеді. Сондай асыл жанның бірі – Мүбәрак Жинақбаева.

Еңбек жолын 1983 жылы Шу қалалық комсомол комитетінің есеп секторының статисі болып бастаған Мүбәрак Қасымқызы 2008-2014 жылдары Тараз қаласы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы, 2017-2019 жылдары Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды. Бұдан бөлек те бірқатар жауапты қызметтерде болды. Сондай-ақ Шу ауданы әкімінің кеңесшісі қызметін де жауапкершілікпен атқарғанын ел біледі. Ал осы кезге дейін ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музей-қорығының ғылыми қызметкері ретінде қызмет істеді. Бүгінде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы қызметін атқарып жүрген Мүбәрак Жинақбаевамен жуырда ұрпақ тәрбиесі мен бала болашағы төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Мүбәрак Қасымқызы, ең әуелі өскен орта, ұшқан ұяңызға оралып, өткен күнге бір көз жүгіртсек…

– Шу қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келдім. Ата-анамның ешқашан теріс қылығын көрген емеспін. Анамның не әкеме, не әкемнің бір туған-туысына сөз қайтарғанын естімедім. Әкемнің сөзі қашанда дұрыс болды. Сондай үлгі-өнегені ғана бойымызға жинап өстік. Сондықтан болар, әлі күнге әке-шешемнің бетіне қарап сөйлеп көрмеппін. Осы жасымда үйге кешігіп келуге әкемнің қабағынан именіп, ұялып тұрамын. Бізге үйде ер адамның қадірі бәрінен биік екенін санамызға сіңіріп өсірді.
Негізі әжемнің тәрбиесін көп көрдім. Үлкендердің ұлағатты тәрбиесімен ердің киімі таза, тамағы тоқ, көйлегі көк болуы керек. Жолын кесудің өзі үлкен қателік саналатынын түйсініп өстік. Әкем теміржолда жұмысшыларды жабдықтау бөлімінде сауда саласында жұмыс істеді. Бір үйдің жалғызы. Тәрбиесі қатал еді. Өтірік айтпау, тік сөйлеу, екіжүзді бол-мау – бұл біздің үйдің ұраны болатын.
Әкемнің тәрбиесі мен әжемнің даналығы сол ұшқан ұямда адалдық ардың ісі екенін, біреуге қиянат жасауға болмайтынын бойымызға сіңіріп өсірді. Әкем біреуден сабақтаулы жіп алмайтын. Бірде тіпті жұмысынан үй бергенде, көпбалалы отбасы бола тұра: «Үйі жоқтар алсын, менің баспанам бар», – деп алмай, бас тартқаны да әлі күнге есімде. Үйдегі он перзент түгелдей әжемнің баласы болып жетілдік. Ал анам өте сабырлы, ас-суымызды дайындап, кір-қоңымызды жуатын келіннің рөлінде жүретін. «Қызға қырық үйден тыю, қалса қара күңнен тыю» демекші, қызы көп үй болғандықтан, осы үрдіске бағынып өстік. Бала күнімізден «Қыз бала біреудің үйінде түнеп қалуға болмайды» деген қағиданы санамызға сіңіріп алғанбыз. «Қыз шашын қиса – бағын қиғаны» деп үйретті әжем. Сол бұрымның өзін мұнда, кейін тірлікке араласқанда барып қидық қой. Әжемнің бізге берген тәрбие-сі – осы. Энергиясы өте тасып тұрған жан еді. Сол кісіге тартып, шаршап-шалдығуды бүгінде білмей жүрміз.

– Әжеден алған тәрбие ғұмырлық азық болған екен ғой…

– Әрине! Әжем бүкіл ауылды бетіне қаратқан сөзі өткір, айтқаны дәл келетін ақылды, кез келген жерге білек сыбанып кірісе кететін белсенді еді. Бәлкім, әжем қазіргі қыздар секілді жоғары білім алып, оқығанда, бір қызметте отырар ма еді? Бірақ ол кісінің заманында қыз бала қызметке, оқуға араласуына мұршасы болмаған ғой. Әжем мені «үйдің жұмысынан гөрі түздің тірлігіне белсенді қыз» деп атайтын. Міне, сол әженің тәрбиесін алғанымыздың арқасында обал-сауаптың, қасиеттің қадірін білдік.
Біздің үйде үлкендер дастарқан басына отырмай, кішілер асқа қол созбайтын. Бұл – үлкенге деген кішінің ізеті. Одан бөлек, «керегені керме», «бүйіріңді таянба» деген түрлі тыйымды жадымызға құя білді. Және жөн-жосығын тәптіштеп түсіндіріп, себеп-салдарына дейін толық айтып, кез келген сұраққа жауап беретін. Мен қазір кейде ойға шомамын: «Біз, қазіргі заманның әйелдері, дәл сол тәрбиені ұл-қызымызға сіңіріп жүрміз бе? Дәл солай көңіл бөліп, барлық сауалына толық жауап бере алудамыз ба?» деп. Жоқ! Бұрынғының адамдарын қазіргі заманауи ортада өскен жандармен мүлде салыстыруға келмейді. Олар ақжарқын, кеңпейіл болса, қазіргінің адамдары әлдеқайда асығады да жүреді. Неге екенін асығыс сөйлеп, шала-пұла іс бастағанды ұнатады. Осындай сәтте әжем нағыз әйелдің, аналардың символындай, тәрбиенің қайнар көзіндей елес береді.
Шашымызды өргені, руллон мата алып, үйдегі барша қызға бірдей көйлек тігіп бергені оның ісмер екенін білдіреді. Дәл солай бізді егіз қозыдай етіп көшеге ертіп шыққанда, жұрт қызыға қарайтын. Ұршық иіріп, жүн түтуді де сол әжемнен үйрендік. Бәріміз әжемізді қатты жақсы көрдік. Әлі күнге әжемді сағынамын. Туған балалары тұрмақ, көрші-қолаңның қыздарының өзі «сенің әжеңнен үйреніп едім» деп жетістігін әлі күнге дейін айтып отыратыны бар. Тараздық кәсіпкер Сәуле Рысбаева өз әжесі туралы жазады ғой, мен қанша қызыққаныммен, жаза алмаймын. Бірақ бәрі жүрегімде сайрап тұр. Ол кісі барша әйел, қыз, аналардың символы, шамшырағы іспетті мен үшін. Сол шамшырақ сөнбесе екен деп үнемі тілеп отыратынмын. Сол күн тумаса екен деп Жаратқанға жалбарынатынмын. Алайда сол барша әйелге үлгі бола білген шамшырақ мен 22 жасқа жеткенде сөніп қалды. Бірақ менің жүрегімде сол кісі жаққан оттың жылуы қалды…

– Анаңыздан әжеңіз жақын болғанын айтасыз. Әжеңіз дүниеден озғаннан кейін бұл көзқарас өзгерді ме?

– Анамды құрметтеймін. Ол маған ғұмыр сыйлады. Бар жағдайын жасап, сый-құрметін көрсетіп, алдында баласы болып бәйек болуға, барымды беруге бармын. Жақсы да көремін. Тек толық беріле алмаймын. Арамызда бір көрінбейтін кедергі тұратын сияқты. Егер анамды қатты жақсы көріп кетсем, әжеме сатқындық жасағандай күй кешемін. Есейіп, қанша жасқа жетсем де, мен әжемнің баласы екенімді ешқашан ұмытқан емеспін.

– Тұңғыш немерені ата-әжесінің атына аударып беріп, өздері бөлек шығып кететін отбасылар бар. Осыған қалай қарайсыз?

– Бұл – өте қиын үрдіс. Енді ата-әжесі, әке-шешесімен бірге тұрғанда бала ортада еркелеп өссе, онда тұрған ештеңе жоқ. Ал әке-шешесі бөлек кетіп, баланы ата-әжесінің тәрбиесіне беруі мен үшін түсініксіз. Себебі баланың анасы мен әкесіне деген сезімі солғын тартып, тіпті ата-анасын мәңгілік мойындамай кетуі де мүмкін. Оларға деген махаббатын ата-әжесіне арнап, туғандарын жатырқап, тіпті бөтен адам болып өсуі ықтимал. Содан кейін бұл мәселе өмір бойы жүректе дақ болып қалады. Ержетіп, ата-әжесі дүниеден озса да, өзінің бірге туғандарына, ата-анасына ашыла алмай, тіпті жақындай алмай дүниеден өтеді. Бұл өле-өлгенше жазылмайтын жара іспетті, жауабы табылмаған сұрақтай болып көкейінде қалады.

– Ақ бантигі желбіреген балауса Мүбәрак қандай қыз еді? Балалық шағыңызды еске алыңызшы…

– Мектепте өткен барлық тыныс-тіршілік, қоғамдық, әлеуметтік іс-шаралар десе, ішкен асымды жерге қоятынмын. Елдің алдында түрлі жиын ұйымдастырып, қарым-қабілетімді танытып жүргенді жаным сүйді. Үздік оқушы болдым. Үйде құлағымызға «ұят болады» деген сөзді құйып тастағаны сонша, бірінші сыныпқа барғанда қасыма ұл баланы отырғызды. Сонда өзімді ыңғайсыз сезініп, шошып, отырмаймын деп жылағанмын. Кейін мектеп бітіргенімізге 40 жыл толғанда Ләззат Оразбаева есімді сыныптасым: «Сен ер баланың қасына отырмай жылаған кезде мен сенімен бір партада отырған- мын», – деп менің қылығымды еске салды. Бірақ 4-ші сыныптан кейін тек ұлдармен, яғни бұзық балалармен, мені «соларды тәрбиелесін» деген мақсатта қастарына отырғызып қоятын болды. Сонда бала кезімнен ұстаздарым менің сол сотқар баланы адам қылатыныма сенген екен ғой. Оның үстіне белсенділігіме орай старостадан бастап, комсорг, бүкіл мектептің жасақ кеңесінің төрайымы, комсомол комитетінің хатшысы болдым. Ал 9-шы сынып оқып жүрген кезде Шу қалалық комсомол комитетінің бюро мүшесі болып тағайындалдым. Көшбасшылық қабілетім сол мектеп қабырғасында дамыды деп ойлаймын. Өкінішке орай, мектеп бітірген кезімде жылдық баға «5» бола тұрып, белгісіз себептермен химия пәнінен емтиханнан «4» деген баға қойыпты. Ал ата-анам бұл мәселе бойынша мектепке барып, сөйлесуден бас тартты. «Егер ақылың жетсе, болашақта жетістікке өзің жетесің. Ол баға өмір жолыңа кедергі келтірмейді», – деді ата-анам. Сонда аттестат алған кезде мектеп директорына: «Мен осы мектепке директор болып ораламын», – деп айтып кеткен едім. Кейін 2002 жылы сол мектептің директоры болып қызмет істедім.

– Толысқан, толайым тіршіліктің қамытын киіп, қызметке араласқан шақта қан-дай басшысыз?

– Енді міне, толысқан шағымда, мектептің соңғы көктемінде білім ошағынан қанаттанып, түлек болып ұшқалы тұрғанда жасөспірім шағымдағы басымнан өткен осы бір «бестіктің» орнына «төрттік» алып қалған әділетсіз оқиға есімнен үнемі кеткен емес. Көкейімде кептеліп тұрып қалды. Өмір бойы сабақ болды. Білім ошағында қызметте жүріп, баланың көңіліне қаяу түсірмеуді ойлап, әділетсіздік жасамауға іштей өзіме уәде берген адаммын.
Мектепті үздік оқып жүрген соң, іштей қынжылыс туғызған сәттің әлі күнге ащы дәмі таңдайыма келеді де тұрады. Сондықтан болар, әділет іздеп жүремін, тік сөйлеп, ешкімнің ала жібін аттамауға тырысамын. Болар баланың бетін қақпай, белін бууға ықпал еткім келіп тұрады. Қынжылып, қиналып қалмаса екен, қанатын қайырып алғандай күй кешпесе екен деймін. Маған сырттай берілген баға менің қандай басшы болғанымның деңгейін көрсетеді ғой. Мысалы, мен мәдениеттегі қызметімнен кеткен кезімде бір үлкен кісі: «Тараз қаласының мәдениетін жоғары деңгейге жеткізіп бердіңіз. Дәл осы биігінен төмендетпей ұстап қалу – бізге сын», – деп айтқан болатын. Мен қазір істеуге тиіспін деген дүниені ертеңге қалдырмаймын. Бір қызығы, мен жұмыста басшымын, ал ата-анамның алдында сөз айта алмайтын, именіп тұратын баламын.

– Ал қиындыққа мойымайтын, қызметтегі өжет әйелден үйге бара сала мейірбан анаға айналу қиын емес пе? Жұмыс пен үйдің тіршілігін қатар алып жүру әйелдерге оңай соқпайтыны анық қой. Қызыңыздың тәрбиесіне толыққанды көңіл бөле алып жүрсіз бе?

– Жалғыз қызым бар. Рас, бала күнінде бірдеңе айтқысы келіп, «мама» деп әңгімесін бастаған сәтте-ақ: «Қызым, қоя тұр. Мен жұмысымды бітіріп алайын», – дейтінмін. Қызым ызаға булығып: «Сонда мен қашан сөйлеймін?», – деуші еді. Елге қызмет етемін деп өз қызыма тиісті көңіл бөле алмаған шығармын, бірақ қызымның ақылды екенін көріп-біліп тұрған соң, ол қашанда, барлық жағдайда дұрыс шешім қабылдайтынын білдім. Сол өжеттігіне, қайсарлығына, ақылына, мінезіне қарай жауапкершілікті өзіне артып, «Сенің қолыңнан келеді!» деген түсінікпен өсірдім. Сүйген ісімен айналысуына жағдай жасадым. Биыл ҚазҰУ-ды тәмамдады. Жамбыл облыстық мұражайында жұмыс істеп жүр. Мен одан өз бойымдағы байқампаздық пен белсенділік, ұйымдастырушылық қасиетімді жазбай танимын. Бірақ ол мен сияқты елге қызмет етуді мақсат тұтпайды. Қазіргі жастардың түсінігі басқа ма, олар елге қызмет етуді емес, одан гөрі өз кәсібін ашып дөңгелеткенді жөн көреді.
Достарының, өз ортасының алдында іс-шара ұйымдастырып, алашапқын болып жүрген қызыма қарап, менің және әжемнің энергиясы мен қарым-қабілеті оған қанмен берілгеніне күмәнім жоқ. Бірақ мен қызыма: «Жүгіре берме, көп нәрсеге басыңды қатырма», – деп белсенділігін бәсеңдеткім келеді. Алайда қызым да өзім сияқты бірдеңені бастағанды, ұйымдастырғанды жаны сүйетіні көрініп тұрады. Үнемі қолы тимейді. Сондай сәттерде баяғы әжем бізге таң қалғаны сияқты мен де қызымның белсенділігіне таңданып отырамын. Бір түсінгенім, ұрпақ тәрбиесінен асқан ұлағатты іс жоқ екен.

– Өзіңіз он баласы бар отбасында, ибалы келін, иманды әже көріп өстіңіз. Өміріңіз қайта басталса, дәл сіз үлгі алған әйел образын дамытуға, яғни отбасы, ошақ қасындағы рөлді сомдап, көпбалалы ана, асыл жар атанып отыруға қалай қарар едіңіз? Әлде қазіргі бір ғана перзентті дүниеге әкелген, жұмысбасты, қызметтегі, басшы Мүбәрак болуды жөн көресіз бе?

– Осы образым өзіме жақын. Отбасы, ошақ қасындағы Мүбәракты елестете алмаймын. Менің ұраным – жұмыс, жұмыс және жұмыс қана. Басқаша болуы мүмкін емес.

– Кейде шаршайтын сәттер болады. Қашанғы мықты боласыз, әлсіз, нәзік әйел болғыңыз келмей ме?

– Еркелегім келмейді. Жоқ, ондай сәттерді аңсаған да емеспін. Шаршасам, тауға, суға, жасыл желекке барамын. Табиғат аясына шығып, саф ауада демалғанды ұнатамын.

– Сіз қызыға қарайтын көшбасшы әйелдер кімдер?

– Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова – кәсібін де дөңгелеткен, өз саласын да дамытқан жан. Мен өз басым сол кісіге қызыға қараймын. Әр жетістігіне қуанамын. «Рысбаева и Ко» компаниясының негізін қалаушы Сәуле Рысбаеваны қараңыз, қандай жан-жақты жан. Алысқа бармай-ақ, Жамбыл жерінде, өз қатарымызда жүрген жандар көп. Кәсіпкер Меруерт Лештаева – қандай іскер, жанашыр адам. Бизнесвумен Бақыт Тоқтыбаеваның да өз орны бар. Мен бұл кісілердің нәтижелі еңбегінің жұмысын көріп отырмын.

– Бүгінде қыз-келіншектер қауымы қатты белсенді боламыз деп әйел нәзіктігін жоғалтып алған жоқ па? Ер азаматтардан биіктеп, «ер-тоқымын» алып қойған жоқпыз ба осы? Кейбір отбасыларда еркегі әйелінен төмен тұрады, осыған қалай қарайсыз?

– Бұл – әркімнің өзіне байланысты мәселе. Еркек ол еркек болып қалады ғой қашанда. Адам өз өмірін өзі жасайды. Заман ағымына орай, еріңнен мықты болсаң, бол. Тек асыра сілтеп, алдына түсіп шауып кетпесең болды ғой. Иманғали Тасмағамбетов мырзаның айтқаны бар ғой: «Егер мектепте құрылысшы әйел болса, мектеп жақсы салынады», – деп. Әйел қашанда жанашыр. Барлық нәрсені сапалы жасайтыны рас қой. Сондықтан бұл мәселе әркімнің өз қолынан келгенше жасалады.

– Қоғамда ажырасу мәселесі көбейіп келе жатыр. Себебі не деп ойлайсыз?

– Бұл әлеуметтік мәселеге келіп тіреледі. Аз қамтылған отбасыларда жастар жетіспеушіліктен ажырасады деп ойлаймын. Ер азаматтардың жауапкершілігінің аздығынан, әйелдің де әлсіздігінен. Кінә ешқашан бір жақтан болмайды. Таяқтың екі ұшы бар емес пе?! Біреу ішіп, біреу жүріп кетеді дегендей. Еркектер бірнеше баланы тудырып алып, асырау мәселесіне келгенде басын алып қашатындары аз емес. Бұл мәселеге қатысты сұрақ та, жауап та көп.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.