Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ресейден келгендер ақша төлеп, қазақстандықтармен жалған некеге тұра ала ма?

0 314

Қазақстан азаматтығын алу оңай емес. Кейінгі кезде Ресейден келгендер ақша төлеп, Қазақстан азаматымен жалған некеге тұрғысы келетіні жайлы жиі айтылып жүр  деп хабарлады turkystan.kz Aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

КТК арнасының дерегінше, заңгерлер өтірік отау құру арқылы азаматтыққа қол жеткізу мүмкін еместігін айтады. Азаматтық алу үшін кем дегенде үш жыл некеде болуы керек.

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде тарап жатқан видео көп. Жұртшылық оны әзіл-қалжың ретінде қараса, енді бірі қалтасын қампайтқысы келетінін жасырмайды. Алайда заңгерлер тығырықтан шығудың жолы бұл емес деп отыр. Яғни, азаматтыққа қол жеткізу үшін жарымен мың күн бірге өмір сүруі керек.

Заңгер Ғабит Өмірбеков: «Ол – өтірік әңгіме. Келе салып, екеуі неке қия салып, келесі күні азаматтық алу деген біздің заңнамаға қайшы. Ерлі-зайыптылар неке қиған күннен бастап үш жыл уақыт өткеннен кейін шетел азаматы азаматтық алуға немесе тұруға ықтиярхат алуға Көші-қон полиция басқармасына барып арыз жаза алады. Егер оның туған-туысы болса, шетел азаматына заңды түрде неке қиып керегі жоқ», – дейді.

Өзге мемлекеттен келген азаматтардан ең алдымен нотариалды куәландырылған құжаты сұралады. Сондай-ақ өз елінің консулдығынан берілетін некеге құқық қабылеттілігі туралы қағазы болуы шарт.

АХАЖ бөлімінің басшысы Венера Галиева: «Мәселен, 11-12 некеге тұрған азаматтардың жұбайы және күйеуі ресейлік болды. Соңғы айда мобилизацияға дейін осындай әзірге бір жағдай ғана орын алды. Егер Ресей азаматы некеге құқық қабылеттілігі туралы анықтаманы азаматтығы бар мемлекет, яғни Ресей Федерациясы беруге тиіс. Сол жерде некеде еместігі, Қазақстан Республикасының азаматымен отбасын құруға еш кедергі жоқ екені көрсетіледі», – деді.

Ал Ішкі істер министрлігі де Ресейден келгендердің барлығы елде қалып жатқан жоқ дейді. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов: «Елімізге ресейліктердің көптеп келгені жасырын емес. Олардың біршамасы Қазақстанды транзит мемлекет ретінде пайдаланатындар да бар. Яғни,  виза талап етілмейтін біздің ел арқылы өзге мемлекеттерге ұшып кетіп жатыр. Оның ішінде, Қырғыз Республикасына, Өзбекстанға өткендер бар», – деді.

Заңгердің айтуынша, шетелдіктердің өз отбасы бар екенін жасырып қалатыны да бар екен. Ол кезде отандастарымызбен құрған некесі жалған болып саналады. Сондай-ақ оларды заңсыз тіркеген АХАЖ бөлімі жауапқа  тартылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.