Қалалық қоғамдық-саяси газет

Прокурор Бақытгүл Хаменованы 7 жылға соттауды сұрады

0 194

Күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды Экспресс К

Өткен жылдың соңында мердігер компания өкілінен ақша алды деген айыппен үйқамаққа алынған Бақытгүл Хаменова мен Ақылбек Рысқалиевті прокурор 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

«Халық үнінің» жазуынша, мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова әкімнің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың 14 жасқа толмаған балаларының барына байланысты жазасын үш жылдан кейін өтеуін сұраған. Сонымен бірге сот үкімі заңды түрде күшіне енген уақытқа дейін Бақытгүл Хаменованы қамауда ұстау туралы шешімді өзгертпеуді өтініп отыр. Прокуратура өкілі айыпталушының өмір бойына мемлекеттік қызметке орналасу құқығын шектеуді де ұсынды.

«Өзара әңгіме барысында Бақытгүл Хаменова Ақылбек Рысқалиевтен ол ақшаны қайдан және қандай жағдайда алғаны туралы нақтыламайды. Бұл туралы ешқандай талқылау жүргізбейді. Ал бұл жағдайда Хаменова Рысқалиевтің не туралы айтып тұрғанын анық түсінеді. Бірден параны өзара бөлісуге көшеді. Әшкере болмас үшін Рысқалиевке мәдениет саласына қатысты мекеменің басшысы Жәнібек Аманиязовқа сақтау үшін 2 миллион 500 мың теңге сомасындағы ақшаның бір бөлігін беруді тапсырады. Осы әңгімеден кейін 30 минуттан соң Хаменова Рысқалиевті қайта шақырып алған», — деді прокурор Лаура Асанова жарыссөз барысында.

Оның айтуынша, егер Бақытгүл Хаменова пара беруден хабары болмаса, Ақылбек Рысқалиевпен талқылау жүргізуі қажет еді. Сондай-ақ басқа да адамдардың қатысуымен ашық әңгімелесуі тиіс-тін.

 

Сот барысында адвокат Нұрлан Жолболов қорғауындағы Ақылбек Рысқалиевтің үш несиесі барын айтып, оларды іс материалдарына енгізуді өтінді. Прокурор Лаура Асанова бұған қарсылық білдірмеді.

2021 жылдың соңында антикор Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевті пара алды деген күдікпен ұстаған болатын. Оларға қаладағы Абай ескерткішін жасау және орнатуға арналған келісім-шартқа отыру үшін белгілі бір компанияның басшысынан 4,5 миллион теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.