Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Полицейлер ұрып өлтірді»: Шымкентте тергеуге барып, көз жұмған жігіттің әкесі ұлы туралы айтты

0 161

Шымкентке болашақ жарын алып кетуге келіп, полиция ғимаратында көз жұмған жігіттің әкесі ұлының өліміне полицейлерді кінәлап отыр, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Марқұмның әкесі ұлымен видеобайланыс арқылы сөйлесіп тұрған сәтте полицейлер қолына кісен салып алып кеткен көрінеді. Оқиға 8-қарашада, күндізді сағат 12-лер шамасында болған. Арада төрт сағаттай уақыттан соң ұлының көз жұмғаны туралы қаралы хабарды естіпті.

«Жүрегі ұстап, қайтыс болды деп отыр. Ұлымның денсаулығында ешбір кінәрат болмаған. Өзі спортпен айналысқан бала. Ауырдым деп айтқан емес. Жүрегі де ауырмаған. Өмірінде ауруханаға жатып көрмеген. Ғимаратта сатымен көтеріліп бара жатып есінен танып құлапты. Қолында кісен, қасында полицейлер жетектеп келе жатқан. Ол сонда қалай құлайды? Полицейлер ұрып өлтірген болып тұр ғой. Ұрып-соққанын көрген адамдар бар. Кеше олар айтамыз деп еді, бүгін қорқып отыр. Ұлымның қасында Сергей деген досы болған. Ол да ұрғанын растап отыр», — деді марқұмның әкесі.

Ұлынан айырылған әке кеше түнде Қостанайдан Шымкентке жеткен. Өзі мәйітті әлі көрмепті. Ол жергілікті сот-медициналық сараптамаға сенбейтінін айтты. Сол үшін тәуелсіз экспетизаға жүгінбек.

Шымкенттегі мәйітханадан ұлының денесін көрген әкесі баласының денесінде сау тамтығы қалмаған деп отыр. Қазір мәйітті экспертиза жасауға алып кетіпті.

«Денесінің сау жері жоқ, көк ала қойдай. Аяғы, тізесі соққы алған. Бас сүйегіне дейін зақымдалған. Екі құлақтың үсті қанталаған. Мұрны сынған. Көзі мен бет-аузы көгеріп, ісіп кеткен. Білмеймін, бұларды малға теңеуге болатын шығар. Мұндай айуандыққа қалай ғана барады? Қазір экспертизаға алып кетті. Білмеймін, айдан анық көрініп тұр ғой неден өлгені десем, заң бойынша денені ашып, анықтауымыз керек деп отыр. Мәйітхана сыртында күтіп тұрмын», — деді қайтыс болған жігіттің әкесі.

Марқұмның әкесі адвокат көмегіне жүгінгенін, денені алып шыққан соң құзырлы органдарға арыз түсіретінін айтты. Кінәлілер жазадан құтылып кетпесе екен дейді.

Ерғара Жұмабаев ұлына көлік ұрлығы бойынша тағылған айыпты бүгін естідім деп отыр. Ол ұлының кінәсіз екеніне сенімді.

Марқұм бұған дейін ұрлық бойынша сотты болған.

Бұған дейін Шымкентте ер азамат полиция бөлімінде қаза тапқанын айтқан болатын. Ер адам бірнеше көлік ұрлады деген күдікпен тұтқындалған. Қазір 1990 жылы туған азаматтың қайтыс болу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Шымкент қаласы полиция департаментінің ғимаратында қалада бірнеше қымбат көлікті ұрлады деген күдікпен тұтқындалған азаматтан жауап алынған. Алайда ол өзін нашар сезінгенін айтқан. Сол арада жедел жәрдем шақырылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Өкінішке орай жедел жәрдем келгенше есінен танған азамат көз жұмды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.