Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құпияға толы Ақыртас

0 258

Киелі Жамбыл өңіріндегі әлемдік тарихи-мәдени ескерткіштердің қатарында Ақыртас құрылыс кешені де бар. Бұл тарихи әрі құпияға толы орын археологиялық ескерткіш ретінде Қазақстанның киелі жерлер картасына еніп отыр.

Думан САХИ

Ата-бабаларымыздың көне дәуірдегі мәдениетінің озық үлгісі болған Ақыртас кешені Тараз қаласынан шығысқа қарай 40 шақырым, Ақшолақ бекетінен 6 шақырым жерде, Қырғыз Алатауының теріскей етегінде орналасқан.
Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Ақыртас кешені 2014 жылы Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген.
Кешен әртүрлі қызмет атқаратын бірнеше құрылыстардан тұрады. Олардың ішінен ерекшеленетін сәулеттік құрылыстар: сарай, қала сыртындағы тұрғын жайлар, XIII-XIV ғғ. керуен-сарайы, қамал, қорған, қарауыл мұнаралары бар. Сонымен қатар кешеннің негізгі бір бөлігін суландыруға арналған құрылыстар: су қоймасы, құбырлар, бөгендер, хауыздар мен бау-бақша егуге арналған алқаптар алып жатыр. Ақыртас кешенінің құрылыстарын салу барысында тау жотасындағы қызыл тастар пайдаланылған. Осы төңіректе құрылыс заттарын өңдеуге арналған тас пен топырақ алатын, қыш дайындайтын өндірістік орындары да болған.
Ақыртас құрылысы туралы алғашқы ресми дерек көздерінің бірі ХІІІ ғ. қытай жиһанкезі Чин-Чуньнің қолжазбаларында кездеседі. Ол: «Жол бойында тастан тұрғызылған қалаға тап болдық. Қызыл түсті тастан қаланыпты. Ежелгі әскери қоныс мекенінің белгілері байқалады», – деп сипаттайды. Содан бері ұзақ уақыт бойы Ақыртас құрылысының өткен тарихына, құпия сырына шетелдік мамандардың, әуесқой зерттеушілердің қызығушылығы толастаған емес. Ғылым академиясының алғашқы толқын зерттеушілері П.И.Лерх, В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, Т.Қ.Басенов, К.М.Байпақовтың ізденістері мен жаңалықтары, қисынды әрі қисынсыз тұжырымдары ғылыми ортаны осы уақытқа дейін толғандыруда.
Ал Ақыртас деген атаудың шығу тегіне ой жүгіртер болсақ, құрылыс тасының бір-біріне ыңғайлы отырғызылуы үшін ортасы ойылып өңделіп, ақырға ұқсағандықтан осылай аталған деген пікірлер басым. Ақыртасқа байланысты тарихи аңыздардың бірінде: «Алаңғасар алып бір сұлуға ғашық болыпты. Сұлу Алаңғасар алыптан өзіне арнап тастан сарай салуды талап етеді. Алаңғасар алып Ботамойнақ тауынан тас алып тасып, оларды қашап, тегістеп, сарай салуға кіріседі. Ол сарайды тұрғызып болған соң, Ботамойнақ тауын тесіп, Талас өзенін сол тесік арқылы сарай маңынан өткізбекші болады. Таудан тас тасып жүргенде, Алаңғасар алып ай десе аузы, күн десе көзі бар басқа бір сұлуды кездестіреді. Мұның сұлулығы алдыңғы қыздың сұлулығынан артық әрі сөзі назды екен. Алаңғасар алып сол қыздың қасында қалып қояды. Алаңғасар алып дүниеден қайтқанда, оның сирағынан Әмударияға көпір салынған», – деп баяндалады. Ал Қазыбек бек Тауасарұлының еңбегінде Ақыртас сарайын Көркембек деген тас шебері салғандығы айтылады.
Бүгінгі күні Ақыртас кешені инфрақұрылымы дамыған, қазақстандық және шетелдік туристер жиі келетін қасиетті орынға айналған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.