Ширек ғасырда Қазақстан өз тәуелсіздігін баянды етуден бастап мемлекетіміздің тұғырын берік нығайтты. Біздің еліміз аз ғана уақыт ішінде әлемдік қауымдастықта өзін толыққанды мемлекет ретінде таныта білді. Бейбітшілікті ту еткен Қазақстан ішкі және сыртқы саясатымен де көптеген елдерге үлгі болуда.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тарихымызда біз экономикалық және саяси реформаларды тиімді жүзеге асыра білдік. Ал рухани тұрғыдан өрлеу, үдерістерге сай жаңғыру өзектілігін жойған емес. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Егемен Қазақстан» республикалық газетінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялаған болатын. Рухани өміршеңдігімізбен бірге ұлттық құндылықтарымыз, елдік жолындағы ұстанымдарымызды айқындап берген бұл мақала болашақтағы біздің бағдарымызды айқындап берді.
ХХІ ғасырда білімі мен ғылымын дамыта алмаған ел тығырыққа тіреліп, заман көшінен қалып қояры анық. Әлемде болып жатқан аса күрделі оқиғалар мен жаңа қатерлер біздің жастарымызды заман талабына сай рухани жаңғыртуды, патриоттық пен елжандылыққа тәрбиелеуді міндеттеп отыр. Елбасы Н.Ә.Назарбаев қай Жолдауында болмасын халқымызды жарқын болашаққа бастауымен қатар, білім мәселесіне де ерекше мән беріп келеді. Дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан «Қазақстан – 2050» Стратегиясындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде патриоттық тәрбие мәселесін атап көрсеткені – осының нақты айғағы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев мақаласының «ІІ. Таяу жылдардағы міндеттер» бөлімінде патриоттық тәрбие мен өлкетану мәселелері туралы кеңінен тоқталды. Расында да, өлкетану бұл жастардың туған жерге сүйіспеншілігін қалыптастырудың қуатты құралы екендігі даусыз. Құмық халықтарындағы «Кез келген кішкентай жұлдыз аспанның өз сәнін келтіреді» деген нақыл сөзін негізге алсақ, өзінің туған жерге деген қадір-қасиетінің арқасында үлкен Отанға деген сүйіспеншілік сезімі қалыптасады.
Қазақ халқы ежелден-ақ қоршаған орта болмысын, оны бүкіл өзінің шаруашылығының дамуы мен қалыптасуының, тіршіліктің даму жүйесінің көзіне айналдыра білген. Қазақтың көшпелі өмірінің өзінде табиғатты пайдаланумен қатар, оны аялаудың, қорғаудың тамаша үлгілері қалыптасқанын байқауға болады. ХХ ғасырдың атақты Ш.Уәлиханов, Ш. Құдайбердіұлы, М.Шоқай, С.Аспандияров, М.Д.Жолдыбаев, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедұлы, М.Әуезов сынды зиялылары өлкетану мәселесін көтеріп, оларды оқу-тәрбие үрдісіне ендіруге күш салған.
Елбасы тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ: «Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады», – деп көрсетсе, еліміздің шығармашылық зиялы қауымының танымал өкілдерімен кездесуінде: «…Еліміздің экономикалық мүдделерінің дұрыс шешілуі үшін де, алыс-жақындағы мемлекеттеріміздің бізді танығаны, мойындағаны керек. Ал осынау дүбірлі дүниеде өзіңді мойындатудың сенімді жолы – тағылымды тарихың, озық ғылымың, өрелі мәдениетің», – дей келе: «…Біз өз тарихымызды өзгелер тұрмақ өзімізге толық таныта алмай келе жатқан халықпыз. Бұл – әрбір азамат туған елінің, туған халқының тарихы ешкімнен де олқы еместігін түсінсін деген сөз. Бұл әрбір азамат тарих қойнауына ойша тереңдеу арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған осындай кең-байтақ өлкенің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деген сөз. …Түптеп келгенде, біз осыны мақсат етеміз», – деп педагогтер мен зиялы қауымның назарын аударып, үлкен жүк артқан болатын.
Жас ұрпақтың бойында жақсы мінез-құлық нормаларын қалыптастыру жолындағы адамгершілік тәрбиесі ғасырлар бойы жүргізіліп келеді. Адамгершілік қасиеттің басты ұстанымдарына имандылық, әдептілік, ар-ождан, намыс, бауырмалдық, кішіпейілділік, батырлық, ерлік, ұлтжандылық, елжандылық, Отанды сүю мен оны қорғау жолында әрдайым даяр болу секілді қасиеттер жатады. Адам бойындағы бұл құндылықтар туған жерге, Отанға деген сүйіспеншіліктен туындайды.
Елбасы кезекті рет бұл маңызды мақаласында патриотизмнің негізі кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатындығын көрсетіп, нақтылап берді.
Қорыта келе айтарымыз, туған өлкенің, жергілікті жердің, қала берді аймақтардың өзіндік ерекшеліктерін, табиғатын, тарихын, халқы мен шаруашылығын жан-жақты сипаттайтын факторларды зерттеп, оны жас ұрпақты тәрбиелеуде пайдалану өзінің маңыздылығын жоймақ емес. Өлкетану жұмыстары жеке тұлғаның дүниеге дұрыс көзқарасының қалыптасуына, қоршаған шындықты түсінуге, сенімін қалыптастырудың негізі болып табылады.

А.Санатбаева,
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» КММ-нің қызметкері

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған