Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сәкеннен жауап алған тергеуші кім?

0 1  050

Қызыл империя құлағалы бері оны жерден алып, жерге сала байбаламдау «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шап» секілді болып та көрінетіні рас. Сол кезді аңсап, көкірегі қарс айырылатындар жоқ емес және аз да емес.

Кеңестік идеологияға құлай беріліп, құдайдай сенгендердің ішінде туған ағасы не әкесі «халық жауы» деп атылып-айдалғанына қайғырмақ түгіл, ондай нәрсе түсіне кірмейтін міскіндер де болған. Заңгерлік салада қырық жыл жұмыс істеген бір бейбақтың: «Әкеңіздің қалай ұсталып, айдалғаны туралы айтатын кез келді емес пе?» – дегенде: «Қайтесің, ол кезде солай болуға тиіс еді», – дегеніне таңданғанбыз да қойғанбыз. 1937 жылдың қанды қақпанына іліккен грузиннің бір мемлекет қайраткерінің баласының да: «Сталинге тағар кінәм жоқ», – дегенін оқығанбыз. Тағы бір (әкесі «халық жауы» болған) грузиннің өз үйінде Сталинге музей ашқаны жайлы да деректен хабардармыз.
Қазақтың аяулы перзенті Сәкен Сейфуллин «жау» деп ұсталғанда өзі туып-өскен жердегі шолақбелсенділер әкесін түрмеге жауып, үй-жайы, қора-қопсысын өртеп жібергені немесе Сәкен мен Ілияс ұстала сала екеуін пір санап жүрген ізбасарларының олардың тұрған үйлерін басып алып, жаңа қоныс қожасы бола қалғандары ше? Жазықсыз жайсаңдар «халық жауы» атанғанда іштей егіліп, өкінгендер болған шығар, бірақ сол сүргінге иланып, құптағандардың болғаны да белгілі. Орта мектептің жоғары класында оқып жүргенде ондайдың шет пұшпағын өзіміз де көріп-білгенбіз. Астанадан оқу бітіріп келген жас маман-педагогтар 1937-1938 жылғы атылып-асылғандар тұрмақ, 1950 жылдардың бас кезінде түрмеге жабылған зиялылардың «жау» екеніне зәредей күмәнданбайтын. Солардың сөздеріне қарап, Е.Бекмаханов, Е.Ысмайлов, Б.Сүлейменов, т.б. ғалымдардың атын атауға оқушылар – біздің де дәтіміз бармайтын. Қорыққаннан емес, иланғаннан, күдік-күмән жоқтықтан.
Ташкент педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетінде дәріс беретін пенделер де олар әлі ақталмай тұрғанда Сәкен, Бейімбет, Ілиястарды ауызға алмайтын. Алса да, табалағандай түр көрсетіп, мысқылдап сөйлейтін. «Сәкенді осы Ташкентте көргенбіз, паң, менмен, тәкаппар, кесір болатын» не «Ілиястың тілі жаман еді, фельетондары тіліп түсетін», – десетін. «Рысқұлов, Қожанов, Төреқұловтарға обал жоқ», – деп көсілетін.
Заман өзгерген соң бәрі өзгерді. «Әлі-ақ уақыт қателіктерді түзеп, бәрі орнына келер» деген қаперлеріне кірмейтін дәйістер шетінен өткенді қаралағыш болып алды. Көбінің шыққан тегі – Кеңес өкіметі «жарылқаған» кедей-кепшік. Төменде сондайлардың бірі, ата-анадан жетім қап, балалар үйінде өскен, Сәкен Сейфуллин түрмеге түскенде тергеу амалдарына қатысқан, өмір бақи өз ісін жөн деп өткен бір бейбақ жөнінде сөз қозғамақпыз.
Жасы егде тартқанда дүние салды. Кемпірі сәл бұрын кетті. Бір қарағанда, жайдары, ақкөңіл, қарапайым боп көрінетін оның бұрын не істеп, не қойғанын ешкім білмейтін. Көп жұрт Целиноградта адвокат болған деп санайтын, ал мен оның, шын мәнінде, кім болғанын білетінмін.
Өткен ғасырдағы жетпісінші жылдардың орта шенінде Целиноград облысына іссапарға баратынымды білген бір жанашыр: «Ол жақта (қаланы айтады) қонақ үй жағы қиындау. Қиналсаң мына үйге бар, менің атымды айтсаң болды», – деп бір танысының адресін берді.
Ұшақ таңертең қонған бойда Шортанды, Алексеев аудандарына жүріп кеттім де, қайтарда бірер күн Целиноградта аялдауға тура келді. Ұшаққа билет алып, қонақ үйге барсам, айтқандай-ақ, маңына жолатпайды. Дұрыстап тыңдамайды да. Амал жоқ, танысым берген адрес бойынша сонда бардым. Толықтау денелі, орта бойлы, орта жастағы ер адам мен жасы өзі қатарлы сымбатты, ашаң жүзді, ақ сары әйел жылы қарсы алды. Үй иесі:
– Қысылма, өз үйіңдей көр, – деп жалпылдап жатыр.
Ол кезде азық-түлік қайда да қат, содан ба, отағасы мен отырар-отырмастан үйден шығып кетті де, ұзамай мұздатқышта қатып қақиған үйректі жоғары көтеріп:
– Мінеки, анда бардым да атып әкелдім, – деп қарқылдай күлді.
Жайғасып отырған соң:
– Туған жерім – Қарқаралы, – деді өзі жайлы. – Біраз жылдан бері осы қалада адвокат боп істеймін. Оған дейін… – деп сәл іркілгендей болды. – Ә, қоя бер, – деп сөзін әрі қарай жалғады. – Пенсияға шығатын кез жақындап келеді. Бәлкім, содан соң Алматыға көшеміз бе, көреміз. Алматы – бөтен емес, жастық шағымыз өткен қала, мына апайың екеуміз сонда үйленгенбіз. Апаңның туған ағасы Алматыда жауапты қызмет атқарады. Ал сен…
Өзімді таныстырған мен де үй иесінің бір мақала жазып, почтамен салып жіберемін деген уәдесін алған соң қона жатып, таңертең аэропортқа тарттым.
Арадан біраз жыл өткенде хат арқылы хабарласып тұратын целиноградтық адвокат Алматыға қоныс аударды. Жиі болмаса да кездесіп, көрісіп жүрдік.
Сөзін кесіп сөйлейтін ол бір жолы паркте әңгімелесіп жүргенде:
– Совет өкіметі біздің обалымызға қалды, – деді.
Күмістей жалт-жұлт еткен қысқа шашы тікірейіп, үрпиіп кеткендей болды. Аяқ-қолдары қалтырап, иегі дір-дір етті де, тез қалпына келді. Келді де:
– Балалар үйінде өскен бір топ жетім бала зооветинститутта оқитынбыз. Үшінші курсты бітірер алдында ойда жоқта сау етіп келген түсі суық біреулер алты студентті құлақтан сүйреп алып барсын да, ОГПУ-ден бір-ақ шығарсын. Онда солай аталады. Оның не екенін білесің бе? Қазіргі КГБ. Оның алдында ОГПУ, НКВД болған. Ай-шай жоқ: «Сендер комсомолсыңдар, айтқанымызды орындайсыңдар, бір жылдан бері сырттарыңнан тексеріп жүрдік. Енді осында тергеуші боласыңдар», – деп мәселені төтесінен қойды.
Не істейміз, айтқандарына көндік, айдауларына жүрдік. Қысқа курста оқытып, иығымызға «лейтенант», «аға лейтенант» деген погондар тақты. Баспана берді, жалақы жаман емес. Жұмыс ауыр, қауырт. Тез үйреніп, көндігіп кеттік. Жастыққа сыйымды, асып-тасып шыға келдік. Совет өкіметінің қолдаушысы да, қорғаушысы да – біз, шаш ал десе, бас алу түк еместей боп жүрдік. Ұзамай 1937 жылдың алапат күндері келді. Ол 1936 жылы-ақ басталған ғой, бірақ нағыз ушығып, құтырған кез – 1937. Одан соң біртіндеп саябырлады. Саябырлағанын қайтейік, өз ішімізден де, органды айтамын, турасын айтқан талайлардың басы жұтылды. Біздің тұсымыздағы қазақстандық ОГПУ-дың талай бастығы атылып кетті. Мәскеудегі Ежовтың қасында олар кім? Өзінің алдында атылған Ягоданың орынтағына отырған сол бірінші чекистің өзі де (Ежовты айтамын) миллиондарға жасаған зұлымдығының зауалын тартпады ма? Ол кезде бізді «чекист» дейтін. Қазір көп айтпайды. Сөйтіп, бұл ағаң дүрілдеген чекист болған. Анау-мынау емес, Отанға адал, табанды чекист. Анау-мынау емес, Сәкен Сейфуллинді тергеп, кылмысын мойындата алмай пұшайман болған чекист, білдің бе? Саған сеніп, өзімсініп айтып жатқаным да. Бұл туралы ешкімге тіс жарма, мақұл ма?
– Сәкен Сейфуллинді тергедім дейсіз бе?
– Иә! – деп елп етті ол. – Не жазығымыз бар, «терге» деді, тергедік, атқармасаң, бас кетеді. Ант бергенбіз, оны бұзуға болмайды. Неғыл дейсіңдер енді?
– Жазығыңыз жоқ, білеміз. Енді соны былай кеңірек айтсаңыз…
– Кеңірек дейсің бе? Тағы бірде болсын.
Аузын ашса жүрегі көрінетін, ақкөңілдігі де бар, жаны жайсаң осынау адамнан басқаны күтсем де, мұндайды күтпеген басым біраз уақыт нанар-нанбасымды білмей жүрдім. Қызығу шексіз. Сәкенді қалай тергеп, жауап алғанын естісем деймін. Сәкен не деді, ол не деді екен, Сәкеннің кім екенін білді ме, қысқасы, түйткіл көп, түйін көп.
1958 жылы Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық милиция бөлімін басқарған подполковник Иванов кішіпейіл, адамгершілігі мол адам сияқты көрінетін, паспортымды есепке тұрғызу керек кезде туындаған қиындықтан құтқарып, көмек жасап еді. Кейін оны «Сәкенді тергегенде қатыгездік жасады» дегендей сөздер естіліп жүрді.
Міне, Целиноградтан Алматыға қоныс аударған адвокатпен тағы да паркте серуендеп жүрміз. Ананы-мынаны сөз етіп, Сәкен жайлы әңгімеге бұрылар емес. Ақыры өзім бастап:
– Өткен жолғы уәдеңіз… – деп шетін шығардым.
– Ә, Сәкен Сейфуллин бе? Не білгің келеді, айта бер! – деді.
– Қалай тексердіңіз? Онда кім болып істеуші едіңіз? Қай жерде? – деймін сыздықтатып.
– Қалай тексереміз, кәдімгідей тексердік. Осы Алматыда. Дзержинский көшесіндегі сұр үйді білесің бе, сонда. Онда бізді қызметіміз үлкен болсын, кіші болсын, бір-ақ сөзбен «тергеуші» дейтін.
– Сәкеннен қалай жауап алдыңыз, соны ғана айтыңызшы.
– Менің алдымда екі тергеуші түк шығара алмаған соң, бір күні кезек бір серігім мен маған келді. Екеуміз кезектесіп тергейтін болдық. Ендігісін өзім жайлы айтайын. Бастықтар: «Сәкеннің қылмысын мойындатсаң, шенің жоғарылайды», – дейді. Селт етпеймін. Маған керегі – бұл жерден аман шығу. Мүлт кетсең, аяғың көктен келеді. Сәкенді тергегенде серігім екеуміз бастықтар не істе деді, соны істедік. Аз-кем көз шырымын аламыз да, қайта тергейміз. Солайша екі апта өтті. Сәкен ештеңе мойындамады. «Кессең бас, міне», – деп міз бақпады.
– Сәкен шаршаушы ма еді?
– Не демалмай, не тамақ ішпей, тергеушінің алдында тәулік бойы тік тұратын адам қалай шаршамайды? Бірақ біздің онда жұмысымыз қанша? Екі адым жерде бізді де аңдып отыратындар барын білеміз.
– Сонда не сұрап тергедіңіз? Не білу керек еді?
– Толып жатыр. Біреуін айтайын. Сәкеннің «Қызыл ат» деген өлеңі бар емес пе, оқып па едің?
– Оқығанмын, ол – өлең емес, поэма, – деймін бұрынғы тергеушіні шамдандырып алмау үшін жұмсақ сөйлеп.
– Болса болар, әйтеуір, аш ішектей шұбатылған бірдеңе еді. Сәкеннің қателігі – сонда. Олай жазбау керек еді.
– Қалай жазу керек еді?
– Қызыл ат – баптауы, күтімі келіскен бұрынғы байдың аты. Совет өкіметі кезінде неше түрлі қара жұмысқа жегіліп, көрмегенін көрген, азап шеккен, жадап-жүдеген. Сәкен осы жағын ойламаған.
– Поэмада олай емес қой, әлде сіз солай қабылдап па едіңіз?
– Солай, солай. Қазір үйіңе барып қайта оқы.
– Ой, ағатай-ау!
– Қой, бала, – деп адвокат қарқ-қарқ күлді. – Сәкеннің қателігі көп. «Кызыл ат» – біреуі ғана. Байдың қыздарынан тартып алған қанша қатыны болғанын білесің бе? «Тар жол, тайғақ кешу» деген кітабында Совет өкіметінің жауларын мақтағанын білесің бе?
– Сіздіңше, Сәкенді ақтамау керек пе еді?
– Мен олай дегенім жоқ.
– Қайдан білейін, Сәкенді әлі де жау көретін сияқтысыз.
– Жау көрмеймін, ол саяси қатесі үшін жазаланды.
– Онда, сіздіңше, Сәкенді атып тастағаны дұрыс па?
– Дұрыс емес. Жеңілдеу жаза берсе де болар еді.
– Мәселен, кандай?
– Оны айта алмаймын. Мен сот емеспін.
– Сот болмасаңыз, адвокатсыз ғой.
– Онда адвокат емес, тергеуші едім. Жалпы «халық жауларын» соттағанда адвокат деген болмайтын.
– Тағы бір сұрақ. Сәкеннің «қылмыстарын» мойындата алмапсыз. Ары қарай не болды? Іс басқа тергеушіге өтті ме?
– Солай болады да.
– Ол кім деген тергеуші еді? Құпия болмаса…
– Құпия түгі жоқ, бізден кейін Иванов деген тергеді. Қазір қайда екенін білмеймін. Оның қасында ұлты татар тағы біреу болды. Харисов, әлде Хафизов.
Ал мен оған «Иванов осында» дегенім жоқ. Тергеушіге тағы да бір-екі сауал қойдым. «Сәкенге жылы қабақ таныттыңыз ба? Ұрып-соққан жоқсыз ба?» – деп. Ол: «Жоқ», – деп бір-ақ қайырды.
– Репрессия жылдары ОГПУ-да тергеуші боп, Сәкенді екі апта қинағаныңызға өкінесіз бе?
– Қинады деп қайтесің? Мен міндетімді атқардым. Неге өкінуім керек? Мен болмасам, басқа біреу тергер еді. Сәкен бәрібір аман қалмас еді. Ал, болдың ба? Өзің Сәкеншіл екенсің ғой…
– Сәкен – қазақтың мақтанышы.
– Мақтаныш болса, мақтаныш шығар, бірақ қателеспеу керек еді.
– Қателеспейтін адам бола ма?
– Болмайды. Сәкендікі мемлекеттік қате! Сен, бала, мені тасжүрек, рақымсыз біреу деп тұрсың ба? Біз де адамбыз. Мәселен, өткенде Совет өкіметіне менің де өкпем бар деп едім ғой, есіңде ме? Егер мені зооветинститутты бітіруге бір жыл қалғанда еркімнен тыс басқа салаға әкетпегенде, бәлкім, кейін обком не райком хатшысы, құрығанда, бір совхоздың директоры боларым мүмкін еді. Репрессия тұсында жүйкеден жүйке қалмады, содан тапқан қайыр шамалы, бірақ қоғамға, халыққа адал болдым. Басқа арттырған түгім жоқ.
Тым ағынан жарылып ақтарылмаса да, біраз жайды бүкпесіз айтып әрі ол қызметтен пәлендей опа таппағанын да жасырмай пұшайман хал кешіп тұрғандай көрінген чекисті іштей аяп, жаным ашығандай болды. Сонда да өзінің рұқсатымен тағы бір сұрақ қоюға тура келді: «Сол жылдарда сіз сияқты бір тергеуші Сәкенді осы қазір сіз екеуміз тұрған паркке алып келіп, орындыққа отырғызып қойып жауап алғанда, қорлыққа шыдамаған ақын тұра келіп, астындағы орындықпен ұрып басын жарыпты дегенді оқығанымыз бар. Сол рас па?»
Бұл жолы да жауап қысқа, нақты болды: «Жоқ! Ондайды айтып жүрген өздерің сияқты жазғыштар болар. Сен әуелі: «Саяси арестанттарды таза ауа жұту үшін он-он бес минут түрменің қорасына шығаратын ба еді?» – деп сұрамайсың ба?»
Оның әңгімелері әлдекімдерді еске түсіргендей болды. Мәселен, Қарасартов. Шәкәрімді айдалада атып, құдыққа тастап кеткен Қарасартов өз әрекетінің дұрыстығына шәк келтірмей өтті емес пе өмірден (сонау жылы ғұлама ғалым, профессор Евней Букетов таспаға жазып алып, баспасөзде жариялаған әңгіме-сұхбатта Қарасартов осы ыңғайда уәж айтқанын еске түсіріңіз).
Ал менімен әңгімелескен, Сәкеннен екі апта жауап алған чекистің айтқандарына ендігі жерде ештеңе қосып-алмаса да болатынын өзіңіз де сезіп-біліп отырсыз, ағайын. Осыдан соң әкесін бай-кулакқа жатқызып, Көкаралға айдаған заңгердің оған селқос қарағаны, әкесін үштіктің үкімімен атып тастаған грузин азаматының өз үйінен Сталиннің музейін ашқанына таңданудың реті бар ма, жоқ па, пәлен деу қиын. Сонымен, бұл не? Жанкештілік пе, қаныпезерлік пе, әлде… Мен өз басым кеңестік идеологияның миллиондар санасына сіңірген насихатының құдірет-күші, темірдей тегеуріні деуге бейілмін.
Сәкенді тергеген чекист кездейсоқ біреу емес. Есім-сойын атамадық. Бертінге дейін бұйырған жұмысты істеп, тоқсанға таяп бақиға озды.

Зәкір АСАБАЕВ,
жазушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.