Бүгін Петропавлдағы түзеу мекемесінде сотталған әйелдерге концерт қойылды деп хабарлады «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Кеште мерекелік әндер айтылды. Содан кейін әйелдердің назарына балалары мен немерелері жасаған бейнеролик ұсынылды.
Әсерлі видеоны көрген әйелдер көздеріне жас алды.
Людмила Николаева ҚР ҚК 297-бабы бойынша 10 жылға сотталған. ЕС-164/6 мекемесінде үш жылын өтеген, енді жеті жылы қалды. Түрмеге түскенде кішкентай қызы бір жаста болған. Үлкен баласын видеодан көрген ана сағыныштан езіліп тұрған сәтте баласының залға кіріп келуі оны қатты таңқалдырды.
«Ішімде не болып жатқанын айтып түсіндіру қиын. Бақыттымын. Бұлай болады деп күтпеп едім. Бостандықта екі балам күтіп отыр. Қателік жасап, осы жерге түстім. Жүрегім ауырады. Ойымды айтып жеткізу қиын. Мекеме басшылығына тек алғыс айтқым келеді. Баламды құшақтап, иіскеп, мауқымды бір басып алатын болдым», – деді істі болған Людмила Николаева.
Оның ұлы да пікір білдірді.
«Мен анамды жарты жыл көрген жоқпын. Қатты сағындым. Түрмеге түскенде қарындасым бір жаста еді, қазір төрт жасқа толды. Өзімнің бір балам бар, екеуі де балам сияқты. Қарындасымды қатты аялаймын, өйткені оған ананың қамқорлығы жетпейтінін түсінемін», – дейді сотталушының ұлы Георгий.
Айта кетсек, бүгінде Петропавл қаласының әйелдер колониясында 250-ге жуық нәзік жанды жазасын өтеуде.